Халықта үрей: Доллар 550 теңге бола ма?!

Биылғы жыл басталғалы бері экономист сарапшылар теңге мен доллар ара қатынасына қатысты жағымды болжамдар айтып отырған жоқ.
Сарапшылардың пайымдауынша, биылғы жылы да доллар қымбаттап, теңгенің құнсыздануы орын алады.
Қазір Қазақстанда бір доллардың құны 462 теңгеге болып тұр. Қор биржасында үш күн қатарынан көк қағаздың құны бір-екі теңгеге арзандады. Әйтсе де жағдай осылай болып тұрса да сарапшылар «таяуда бір доллар 550 теңге болуы мүмкін» деп, елдің үрейін алып жіберді. Елдегі қаржы саласын басқарып отырған мамандар «2015 жылдан бері теңгені еркін айналымға жібергенбіз. Доллардың екпіні басылған соң, теңге күш жинай бастайды. Жағдайды нарық өзі реттейді» десе де, бұқарада алаңдау басым.
Ұлттық банк не дейді?
Жалпы, Ұлттық банк 2023 жылы доллар құны шырқау шегіне жетуі мүмкін екенін өткен жылдың желтоқсан айында ескерткен. Бұл ретте, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың түсіндіруінше, әлемдік нарықтарда АҚШ доллары «қорғаныштық актив» ретінде пайдаланылады және қазіргі алмағайып заманда оның бұл рөлі артқан.
«Сарапшылар АҚШ долларының индексін жоғарылатқан факторлар әлсірейді деп күтіп отыр. Сондықтан 2023 жыл – доллар шырқау шегіне жететін жылға айналады. Бірақ содан кейін доллар құлдырамауы ықтимал: әлемдік экономиканың баяулауы және рецессияның басталу сценарийі жүзеге асып, FRS-тің саясаты күрт қатайса, АҚШ валютасының нығаюы жалғасады» деген болатын-ды Әлия Молдабекова.
Сондай-ақ Молдабекова әлемдік нарықта мұнай бағасы құлдырап, құбылмалылық сақталатынын да еске салды. Болжам бойынша 2023 жылдың I тоқсанында қара алтынның бір бөшке-баррелінің бағасы 92 долларға дейін ғана көтерілуі ықтимал. Ал бұл Қазақстан ұлттық валютасының нығаюына көп сүйеу бола алмайтыны даусыз.
Не істеу керек?!
Сонымен қайтпек керек?! Болашақта Ұлттық банк интервенция жасай ма, әлде «теңге еркін айналымда» деп, еркін тыныстап отыра бере ме?! Бұл ретте, экономист-ғалым, Жұмаділда Баяхметовтың айтуынша, енді Ұлттық банк теңге бағамын қалпына келтіруге шындап араласуы тиіс. Олай етпесек, теңгеге жан-жақтан қатты қысым түсіп жатыр. Ұлттық банктің, міне, осы қысымдарды азайтуға күш салғаны жөн.
Маман айтып отырғандай, көрші Ресейдегі ахуал мен әлемдік экономикадағы жағдайдан бөлек, әсіресе отандық валюта айырбастау орындары да теңгеге қысым көрсетіп отыр.
– Мысалы, долларды Ұлттық банк белгілеген бағамнан жоғары қойып, сататын айырбастау орындары бар. Валюта тәуекелін олар әдейі қабылдайды. Қор биржасында доллар 462 теңгеден тұрса да, валюта айырбастау орындары көк қағазды 485-490 теңгеден бағалап қояды. Заң бойынша валюта айырбастау орындарына долларды Ұлттық банк бекіткен бағадан 7 теңгеден артық асырып қоюға болмайды. Ал бізде, керісінше, доллар қымбаттай бастаса бітті, валюта нарығы да ырыққа көнбей кетеді. Осы салада жүрген ірі ойыншыларға билік тұсау сала алмай отыр», – дейді Жұмаділда Баяхметов.
Бұл ретте, маманның пайымынша, келешекте валюта айырбастау орындарына қатысты заңды күшейту керек. Әсіресе ТМД елдерінде, шет мемлекеттерде отырып, саудасын жүргізіп отырған валюта алыпсатарлары біз үшін қауіпті.
– Олар сәті келгенде, валюта бағамымен ойнап, тіпті биржадағы акциялардың құнын да бір сәтте түсіріп жібере алады. Ал мұның соңы үлкен шығынға апарып соқтырады. Сондықтан бірінші кезекте, заңды қатайтып, мемлекеттік бақылауды күшейткеннен кем болмаймыз, – дейді маман.
Экономиканы қолдау, шикізатпен алдау емес....
Валюта алыпсатарларына қатысты мамандардың пікірі осылай түзілді. Ал енді экономиканы қолдауға, нарықты күйреуден аман алып қалуға қатысты мамандардың айтар ойына жүгінсек, біздің экономикамыз әлі тәуелсіз бола алмай отыр. Экономика ғылымының докторы, профессор Жаңабай Алдабергеновтың айтуынша, біз экономикасы тәуелсіз ел болғанда ғана тығырықтан шыға аламыз.
– Кезінде тоқсаныншы жылдары мұнайдан түскен түсім ЖІӨ-нің 8 пайызын құрайтын, ал ауыл шаруашылығы саласы ЖІӨ 38 пайызын құрайтын. Ал бізде қазір керсінше, ауыл шаруашылығы саласын құлдыраттық. Экономикамызды мұнайдан түсетін түсімге байладық. Осыдан барып, әлемдік нарықта мұнайдың бағасы түссе еңсеміз қоса түседі, – дейді маман.
Сарапшының пайымынша, біздің импортқа тәуелділігіміздің зардабы алдағы уақытта қатты сезіледі. «Жердің асты-үстін ұңғылап, қазба байлықтарымызды шикі күйінде экспорттай беру – экономиканы өрге шығармады. Дамыған елдер біздің шикізатымызды арзанға сатып алып, одан өнім өндіріп өзімізге бірнеше есеге қымбатқа сатып отыр. Осы арада үлкен қателік жіберіп, үш есе ұтылып отырмыз», – дейді ғалым.
Шенеуніктер ұтылмас, халыққа қиын...
«Әу баста, ұстанған бағытымыз дұрыс болмады», деп мамандар айтып отырғандай, мұнай бағасы бұрынғыдай болмайды. Расымен де мұнайға сеніп отыратын кезеңнің өтіп кеткенін бұған дейін де бірнеше мәрте жаздық. Жалпы, 2021 жылдан бастап, әлемдік нарықта жаңа мұнай кен орындарының көптеп ашылуы, АҚШ-тың айналымдағы мұнай өндіру көлемін көбейтіп жіберуі өз әсерін енді анық бере бастады.
Осылайша, айналымдағы мұнайдың көбеюуі – оның бағасын да арзандатып жіберетіні даусыз. Демек, болжам бойынша келер жазда-ақ бізге қымбат долларға көндігуге тура келуі әбден мүмкін. Ал мұндай жағдай қарапайым халықты үрейлендірмей, тағы қоймайды. Доллар өсті дегенше, бәрінің бағасы қоса өседі дей беріңіз. Мұндайда көк қағазды шытырлатып санап жүрген бай-манаптар мен шенеуніктер ұтылмас, бұл арада тағы сол ұтылатын да, одан әрі кедейленетін де қалтасы тесік халық…