Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:25, 04 Қараша 2022

Халықты мәңгі алдау мүмкін емес

None
None

Міне, кезектен тыс Президент сайлауының дүбірі жақындады. Президент Тоқаев халықпен кездесіп, алдағы сайлауды заңға сәйкес, әділ және ашық өткізетінін мәлім етті.

Алайда жалаулатып мәлімдеме жасау бір бөлек те, оны іс жүзінде жүзеге асыру мүлде бөлек нәрсе. Тәуелсіздік алған 30 жыл тұсында құрғақ сөзден мезі болған халықтың мұндай ашықтық боларына сенімі аз. Себебі, қоғамның талабына мойынсынбаған билік үнемі заңды аяқасты етіп жүргені белгілі. Жалпы, өткенге көз салып, сайлау тарихымызды қарасақ, көз тоятындай нәрсе жоқ. Сайланған бір-ақ адам. Ол – Назарбаев. Осы уақытқа дейін Қазақстанда жалпыхалықтық президент сайлауы 5 рет өткен. Бәрін де Назарбаев жүйесі уақытына жетпей, мерзімінен бұрын өткізіп отырған. Әрине, биліктен айырылып қалмау үшін істелінген бұл әрекеттің бәрінде де Назарбаев басым дауысқа, яғни 100 пайызға жақын дауыс алып отырған. Биліктің айналасындағылар, «тұңғыш президентке» жағынудың сан түрлі айла әрекетін жасап баққаны осыдан-ақ көрініп тұр емес пе? Қалай десек те, президент Назарбаев заңды жолмен сайланды деп айта алмайды. Бәлкім, биліктің айналасы үшін заңды шығар. Бірақ қоғам үшін олай емес. Бұл биліктің жеңісі емес, халықтың артқан сенімі емес, президент әкімшілігінің, облыстық, аудандық деңгейдегі әкімдердің, сайлау комиссиясының «жетістігінің жеңісі».

2019 жылдың 19 наурызынан бастап «Тұңғыш президенттің» өкілеттілігі тоқтатылып, билікке Қ.Тоқаевтың келгені белгілі. Енді, міне, тағы да кезектен тыс Президент сайлауы. Осы орайда айта кеткен жөн, Тоқаевтың билігі кезінде көп жылдардан бері алғаш рет әлеуметтің «бұл сайлау (парламент сайлауы) бұрынғы сайлаудан басқаша бола ма?» деген үміт болды. Сайлау өтсе құқықтық мемлекет құрудың алғашқы қадамы жасалынар еді, саяси реформаларға жол ашатын парламент болар еді. Бірақ барлығы да теріс болып шықты. Биліктің сайлау алдында сан рет «кепілдік берген» «қамтамасыз еткен» оның бәрі немен тынғаны белгілі. Көпшіліктің дауыс беруге деген көңілін қалдырып тынды. Кімге ол кепілдік берді, сол парламентке топ ете түсті. Қазақстандағы адам құқының бұлайша тапталып жатқаны биліктің соңғы кездері әбден жарнамалаған «халық үніне құлақ асатын мемлекет», «саяси реформа жасаймыз» деген уәделерінің де жалған екенін ашып берді. Кешегі Референдум да билік қалаған сценарий бойынша өтті. Бұл жолғы кезектен тыс Президенттік сайлау да билік қалаған сценарий бойынша өтетіні сөзсіз. Өйткені ескі әдет, билік белгілеген ойын ережесі – бәрі бәзбаяғы қалпында қалды. Демек, Назарбаев негізін қалап кеткен сайлау моделі жалғасын табуда. Билік неліктен бұл жолы да тайғанақ соқпаққа түсті? Неліктен әділ сайлау өткізе алмайды? Сұрақ көп, күдіктен арылтар жауап жоқ. Бүгінде халықтың сайлауға соншалықты самарқау қарайтынының басты себебі – олардың бүгінгі биліктен көңілінің қалуы. Көңілі қалмай қайтеді? Қазақ елінің сайлау жүйесі, оның кемшіліктері 30 жыл бойы айтылып келеді. Нәтиже жоқ. Бұрынғы сайлау жүйесі, бұрынғы заң, бұрынғы тәсілдер. Бүгінгі биліктің жалаулатып, ұрандатып жүрген «Жаңа Қазақстан» саяси процесінде ескі тәсілді қолдану. Бұл дегеніңіз – елдегі билік өзгермейді, маңызды саяси, экономикалық өзгерістер болмайды, жалғандық, өздері қалаған нәрсені алуға тырысу, билікке халық сенімінен гөрі қоғамды бақылауда ұстау көбірек қызықтырады деген сөз. Мұндай әрекетпен қоғамның сенімі артпайды. Бүгінгі билік өзгерген жағдайға бейімделуге және қоғамның демократияландыру туралы талаптарына толықтай қабілетсіз екенін көрсетіп, жағдайды одан сайын қиындатып жатыр. Бұл жөнінде саясаттанушылардың: «Тоқаевтың жанында стратегиялық ойлайтын мемлекетшіл саясаткерлер емес, бүгіннен аса алмайтын саяси технологтар шоғырланған. Бұл президенттің басына түскен ең үлкен мәселенің бірі. Демек, алда әлі талай ұрандар мен ауыз жыртар идеологемалар болады, әрі олар нақты істерден басым түседі» дегені көп жайды аңғартса керек. Қазір де солай, олар кезектен тыс президент сайлауы және конституцияны біржақты өзгерте салу арқылы президент өкілеттігін ұзартудан басқа артық ештеңе ойлап таппады. Шын мәнінде, президенттің үлкен мәселесі – «Жаңа Қазақстан» құру жолында айналасындағы  саяси балансты жоғалтып алуы. Егер Тоқаев өз маңына әр түрлі бағыттағы, әр қилы пікірдегі адамдарды топтастырғанда – мұндай біржақты саясат жүрмейтін еді. Саяси реформа, ең алдымен, қоғамның қажеттілігіне және сұранысына негізделуі тиіс. Жөні түзу реформа жасау үшін жаңа мандат қажет емес. Шынайы, толыққанды реформа жасалса, бүгінгі билікке деген халықтың сенімі артып, мандаты бірден нығая түседі. Ал бұл жай ғана президенттің өз өкілеттігін ұзартудың амалы болса, бұл президент Тоқаевқа деген сенімді азайтады. Сайлауды әділ өткізбеген биліктен ертең қоғам кез-келген мәселеден күдіктенетін болады. Қитұрқы жолмен әділетсіз өткен сайлау кімге жақсы атақ әперер? Халық соқыр емес. Олар осынша бұрмалаумен өтетін сайлауды адал, әділ саналмайтынын түсінбей ме? Бүгінгі билік қандай жолмен сайланса, халықтың оған деген сенімі де сондай болады. Билік өз халқынан алыстаған сайын, оның халықтық емес екеніне көз жеткізесің. Қоғамына, халқына арқа сүйемеген билік –өзектілігі мен шындығынан айырылып қалады. Ал шындығынан айырылып, қоғамның қолдауынан ада биліктің болашағы бұлыңғыр.

Тегтер: