Халықты тонаудың бір әдісі

2020 жылы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіле бастаған кезде, осыған дейін бір рет бұл жүйеден көңілі қалған халық аса қолдай қоймаған еді.
Алайда «кезінде осы жүйені енгіземіз деп халықтың қалтасын қағып, ақшасын жинап алып тайып тұрғандардың ісі қайталанбайды», «медициналық қызмет қолжетімді бола түседі», «тегін медициналық қызметтердің көлемі жыл санап ұлғаяды» деген саланың бар шенеунігі уәде берген соң, халық тағы бір рет сенуге тырысты. Қазір қымбатшылықпен жағаласып, ай сайын халық аузынан жырып, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі үшін белгілі бір мөлшерде ақша аударуда.
Мәселен, 2022 жылғы І тоқсанда аталмыш қорға, шамамен, 229,4 млрд теңге жиналыпты. Яғни үш-ақ айда Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына халықтан осынша қаржы жиналған. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Заңды және жеке тұлғалармен жұмыс істеу департаментінің директоры Забира Оразалиеваның айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін жарналар мен аударымдар ҚР Ұлттық банкіндегі арнайы шотқа түседі. Сол жерден бұл қаражат сақтандырылған азаматтарға көрсетілген медициналық қызметтерге ақы төлеуге жұмсалатын көрінеді. Былтыр осы қаржыдан қарпып қалғысы келгендер халық дәрігерге жүгінбесе де артығымен көрсетіп, ақырында, арттары ашылып қалғаны белгілі. Дәрігерге көрінбесе де Damumed жүйесі арқылы өзінің көптеген медициналық қызметтерге қалай жүгінгенін көрген халық әлеуметтік желіде шулап жүріп, жемқорлықтың жолын кескен еді. Сол кезде-ақ саланың басты мақсаты – халыққа жоғары сапалы медициналық қызмет көрсетуден гөрі, жиналған қаржыдан барынша, жеп қалуды көздеу екені айқын болған еді. Өкінішке қарай, әлі күнге медициналық қызметтің халыққа қолжетімді болғаны аса байқалмай отыр. Саланың қордаланған мәселелері көбейіп барады.
«Бірнеше жылдан бері МӘМС жүйесіне үздіксіз қаржы аударып отырмын. Алайда медициналық қызметке жүгінген емеспін. Жақында көзімнің көру қабілеті нашарлап кеткен соң, өзім тіркелген №10 Алматы қалалық емханасына жүгіндім. Көз дәрігері көзімнің жағдайы нашар екенін төндіре айтып, ақылы ем таңдасам, кезексіз Көз институтына бара алатынымды, ал тегін ем таңдасам, өздерінде Циклоскопия зерттеуін жүргізетін аппарат жоқтығын айтып, №6 емханаға жолдама берді. Онда да алдын ала хабарласып, кезекке тұруым қажеттігін түсіндірді. Хабарластым, бір айдан соң, сәуір айында ғана орын бар екен. Бір ай күтіп сәуір айында циклоскопияға түсіріп, қайтадан өз емханама келдім. Тағы көзімнің жағдайы жедел емді қажет ететінін, көздің қарашығының түбі кеуіп бара жатқанын, бұл өте қауіпті екенін ескертіп, томографияға түсіруге қайтадан, №6 емханаға жолдама берді. Тағы алдын ала хабарласып, кезекке тұрдым, бір ай кейін маусым айына кезекке қойды. Екі аппарат үшін үш ай уақытым кетті. Әлі көзімнің диагнозы қойылған жоқ. Мына түріммен толық диагноз қойылып біткенше, көзім біржақты болатын секілді. Сонда МӘМС келіп, медициналық қызметтің қолжетімді болғаны қайсы? Халық МӘМС-ке жалақысынан бір аударып, сосын, тезірек медициналық қызмет алғысы келсе, қалтасынан тағы төлеп, ақылы қызметке жүгінетін болса неге міндетті медициналық сақтандыру енгізілді?! Екі жылдан бері медициналық қызметтің сапасын арттырып, қызметін қолжетімді ете алмай отырған Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың рахатын енді қашан көреміз сонда?! Дерт күтіп тұрмай, асқына береді. Ал сонда дерті асқынған халыққа жүйенің берері қайсы? Халыққа зәредей пайдасы тимесе МӘМС үшін неге ай сайын ақша аударуымыз керек?».
Айтпақшы, МӘМС үшін халық жалақысының 2 пайызын аударса, жұмыс беруші 3 пайыз аударуға міндетті. Яғни берсе қолынан, бермесе жолынан халықты «тонап» алып қойып отыр. Ал медициналық қызмет бәз баяғыша.
Бермесе, жолынан демекші, Қызылорда облысы Арал ауданының түпкір ауылының тұрғыны «былтыр бүйрегім ауырған соң, аудан орталығына барып, көрінбекші болғам, жыл басынан бергі алты ай үшін әр айына 2000 теңгеден медициналық сақтандыру үшін ақша төлеуім қажет екенін айтып, қабылдамай қойды. Амал жоқ төледім. Медициналық қызмет көрсетпек түгілі, ана ақшаны аудармасам, қабылдамайтынын да айтты. Кейін біржола ақылы қызметке жүгінетін болдым. Бәрібір емханада көп қызмет түрі жоқ» –дейді.
Расында да бұл жүйе әзірге, халықтың қалтасын қағу бойынша ғана мінсіз қызмет көрсетіп тұр. Ал дәрігерлер Гиппократ антын ұмытып, медициналық сақтандырудың қаржысын төлеуіне қарай, халықпен санасып қызмет көрсетуде. Сонда медициналық қызметтің қолжетімді болғаны қайсы?
Айтпақшы, жұмыс берушілер 2022 жылдың І тоқсанында өз қызметкерлері үшін 76,1 млрд теңге сомасын аударыпты. Бір тоқсан үшін ғана осынша миллиардтар аударылғанда, жыл аяғына дейін талай қаржының «басына су құйылары» анық. Сонда ол миллиардтардың сұрауы кімнен?!
Әлеуметтік желіде де МӘМС-ке наразылар көп. Солардың бірі Құрал Сейітханұлы: «Медициналық сақтандыру деген күйдірді. Халықты тонау ғой мынау. Өркениетті елдерде халқының денсаулығына жауапкершілікпен қарайды. Ал бізде? Біздің елде ай сайын сен емделесің бе жоқ па медициналық сақтандыруға 2250-теңге төлеп отыруың керек. Осы 2022-жылдан бері бұл баға айлық жалақының өсуіне байланысты тағы да көтеріліпті. Бұрын 2250-теңге болса, қазір 3000-теңгеден асады. Ал мемлекеттен айлық жалақы алмайтын біз сияқтылар қайтпек? Ауруханаға 2-3 жылда бір барамыз. Екі-үш жылда ай сайын 3000-теңгеден кәдімгідей, сома жиналып қалады. Осы соманы төлемесең, аурухана қабылдамайды. 1406 деген медициналық сақтандырудың Call центріне қоңырау шалып, бұдан қалай құтылуға болатынын сұрасам: Egov арқылы ЭЦП алып, жұмыссыз азамат ретінде тіркелу керек дейді. Оған бір жыл бұрын бір емес, екі рет тіркелдім. Бірақ ай сайын менің мойныма 3000-теңгеден ілуін тоқтатқан жоқ. Мен 2021 жылдың соңына дейін дертім жаныма батқан соң, амал жоқ төледім. Енді сол төлеген айларымның кейбір айларына «төлемегенсіз» деп тұр. Енді оны қалай дәледеймін төлегенімді? Қазір дертім асқынып, созылмалы дертке айналып кетіпті. Түнімен ауырып, ұйықтай алмайтын жағдайға жеттім. Ауруханаға барсам, медициналық сақтандырудың ақшасын төле дейді. Енді өткен жылдың бірнеше айы мен осы жылдың қаңтар айынан бері бес айға 3000-теңгеден төлеуім керек екен. Қазір маған шұғыл операция жасалуы керек. Ал оған медициналық сақтандыру кедергі болып тұр. Осы медициналық сақтандырудың кесірінен, дер кезінде емделе алмай жүрген мен сияқты адамдар толып жатқанына күмәнім жоқ. Мемлекеттік қызметкерлер үшін бұл ешқандай да мәселе емес шығар. Бірақ халықтың бәрі «мемлекеттік қызметкер» емес қой. Адамның ең жанды жері – денсаулығы арқылы халықты тонауды қалай тоқтатамыз достар?» – дейді.
Расында да саланы дамытудың орнына, халықты тонаудың бір әдісіне айналған МӘМС-тен қалай құтыламыз?!
Қуаныш Ермек