Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:00, 08 Сәуір 2022

Халықтың ай сайынғы табысы расымен 275 580 теңге бола ма?

None
None

Кез келген елдің экономикалық жағдайын бай мен кедейдің арасындағы алшақтықтан, халықтың табысы мен шығынынан-ақ көруге болады.

Корона дағдарыстан кейін елдегі азық-түлік инфляциясы бұрын-соңды болмаған 11% межесінен асып түсті. Бұған қоса, азық-түлік емес секторда да бағаның өсуі халыққа сезіле бастады. Табысынан шығыны жоғарылаған қарасы қалың көпшіліктің жағдайы расымен нашарлай бастады. Осы ретте, үкімет бағаның өсуімен қатар, айлықты да көтерсін деген пікірлер айтылды. Халықтың табысының артқанын немесе артпағанын Ұлттық статистика бюросындағы ресми мәлімет арқылы білеміз. 2022 жылдың ақпан айындағы көрсеткіш бойынша бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 275 580 теңге болды. Салалық құрылымда орташа айлық атаулы жалақының ең жоғарғы мөлшері «Тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу» экономикалық қызмет түрі бойынша – 493 618 теңге және «Қаржы және сақтандыру қызметі» саласында 394 290 теңге болды. Өңірлер бөлінісінде ұйымдар басшылары арасында орташа айлық атаулы жалақының ең жоғарғы мөлшері Алматы қаласында – 786 790 теңге, ал ең төменгі Жамбыл облысында – 255 566 теңге межесінде белгіленген. Бұған дейін Қазақстандағы орташа айлық жалақы 250 мың теңгенің шамасында болған еді. Халықтың көбі «мұндай айлықты ешқашан алып көрген жоқпыз» деген пікір білдіреді. Осы ретте «Орташа айлық жалақы қалай есептеледі?» деген сұрақтың тууы заңдылық.

Ұлттық статистика бюросы департаментінің хабарлауынша, елімізде айлық табысы көбірек және аздау жалақы алатындар бар. Солардың айлығы қосылады. Сосын шыққан жалақы қоры айлық алатын адамдардың санына бөлінеді.

«Мұндай әдісті көптеген елдер қолданады. Мұны ортақ тәсіл деуімізге болады.  Мұндай әдіс көптеген елде кеңінен қолданылады. Бірақ солардың дені дамыған елдер», – дейді бюро мамандары. Яғни еліміздегі қызметкерлердің жалақысын (жоғары алатыны бар, төмен алатыны бар) қосады да сол жалақы қорын айлық алатын адамдар санына бөледі. Бұл есептеу жүйесінің әділ емес екені қоғамда жиі айтылып жүр. Ескеретіні, жалақы алатындардың 7-8 пайызы тым жоғары айлық алады екен. Мысалы, «Самұрық-Қазынаның» қаржы, сақтандыру қорларында жұмыс істейтіндердің айлығы млн теңгеден жоғары. Атырау, Маңғыстау облыстарындағы мұнайшыларды да жоғары жалақы алатындардың тізіміне қосып отырмыз. Жалпы есепте жоғарғы айлығы бар 1 млн қызметкердің қаражатын орташа айлық алатын 5 млн қызметкердікімен қосқанда ортақ орташа есеп шығып отыр. Бұл есептеу жүйесі шын мәнінде, төмен жалақы алатындардың көрсеткішін арттырады. Осы ретте, Қазақстан сынды әлеуметтік теңсіздік белең алған елде бұл әдісті қолдану халықтың шынайы тұрмысын көрсетуге кедергі келтіріп отырған жоқ па?

Экономист Асылхан Андашевтың айтуынша, қаңтар айында ғана Президент қазақстандықтардың жартысы 50 мыңнан аз табыс табады деген еді. «Яғни 5 млн жұмысшының айлығы 50 мың теңге шамасында деген сөз. Ондай бола тұра орташа жалақы 273 мың деу қате. Медиандық жалақының өзі ресми ақпарат бойынша 150 мыңнан асады. Жалпы, Қазақстан табыс деңгейі орташа елдер қатарына кірсе де, халықтың көп бөлігі табысының 55-60%-ын азық-түлікке жұмсайды. Бұл өте үлкен көрсеткіш және халық тек тамақтану үшін жұмыс істейді деген сөз. Оның үстіне әлемде азық-түлік бағасы қатты қымбаттап жатыр. Қазақстан көптеген дайын өнімді Ресейден алады, ал Ресейге санкция салынғанын ескерсек, енді өнім бағасы артатын болады. Оның үстіне Ресей бидай, қант сияқты өнімдерді ЕАЭО аясында экспорттауға тыйым салды. Сондықтан енді қазақстандықтар табысының 3/5 бөлігін емес, одан да көбін азық-түлікке жұмсауы мүмкін», — дейді сарапшы.

Әлемде пандемия салдарынан инфляция деңгейі Еуропа мен АҚШ-та соңғы 30-40 жылдағы ең үлкен инфляцияға жетіп отыр. Бұған Украинадағы жағдай да кері ықпал етті. Сол себепті осы жылы инфляция азаймайды. Бұл дегеніміз, халықтың табысы сол қалпында қалады да, шығыны артады деген сөз. Халықтың басым бөлігі шын мәнінде нақты қанша айлық алатынын анықтауға болады. Бұл әдіс ресми орташа айлық жалақы деп жарияланбаса да, халықтың нақты табысын анықтау үшін жүргізіледі. Халықтың табысын есептеудің жалпы үш тәсілі бар: орташа, модальды және медианалық жалақы. Осы үш тәсілдің қайсы халықтың табысын нақты анықтайтынын және шындыққа жанасымды екенін түсіну үшін әрқайсысына тоқтала кетсек. Модальды жалақыға халықтың басым бөлігі алатын табыс мөлшері жатады. 2020 жылы модальды жалақы 169 792 теңгеге жетті. Ресми мәліметтерге сәйкес, халықтың көп бөлігі осындай жалақы алады. 2019 жылы модальды жалақы тек 58 мың теңге болды. Медианалық жалақыны есептеу тәсілі бойынша Қазақстанда 2020 жылы орташа жалақы мөлшері 142,3 мың теңге деп бекітілді. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 26,8 пайызға артық көрсеткіш. Осы ретте, халықтың азық-түлік және өзге де шығындарға жұмсаған қаражатын да мысалға келтіре кетейік, былтырғы тұтынуға жұмсалған халық табысы І тоқсан 64 635 теңге болса, IV тоқсанда бұл көрсеткіш 73 138 теңгеге жеткен. Бұл да инфляцияның өскенінің бірден-бір дәлелі. Халықтың табысын көтеру қай уақытта да өзекті мәселе болып қала бермек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі орташа айлық мөлшері мен төменгі жалақы мөлшеріне өзгеріс енгізілетінін хабарлағаны есімізде. Бұл өзгеріс 2023 жылға жоспарланып отыр. Яғни ең төменгі жалақы орташа жалақының кемінде 30 пайызына тең болуы тиіс. 2023 жылы орташа жалақы 224 мың теңге болса, онда ең төменгі жалақы 70 мың теңгеден артық болуы қажет.

Неміс ғалымы Энгель: «Халықтың тұрмыс деңгейі төмендеген сайын, азық-түлік шығындары артады, ал керісінше, табыс деңгейі артқан сайын, демалыс шығындары артады» деген екен. Расымен, соңғы уақытта теңгенің құнсыздануы халықтың қалтасына салмақ, жыртығын жамауға жұғын болмай отыр. Бұның соңы елдегі бай мен кедей арасындағы алшақтықтың артуына алып келетінін сөзсіз.

Тегтер: