Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:07, 24 Наурыз 2022

Халықтың әл-ауқаты жақсарсын

None
None

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 11-қаңтарда сөйлеген сөзінде халықтың жұмыспен қамтылуы мен табысының төмендігі проблемаларына тоқталып, үкіметке халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын-ды.

Содан бері Ұлттық экономика министрлігі кедейшілік пен жұмыссыздықтың деңгейі бойынша нақты жағдайға талдау жүргізіп, бағдарлама жобасын әзірлепті. Екі айдан кейін, 10 наурызда үкімет «2025 жылға дейінгі халық табысын арттыру бағдарламасын» қарап, қабылдады. 

Жуырда өткен үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров соңғы екі жылда халықтың нақты ақшалай табысының өсу қарқыны 2019 жылғы 6,4%-дан 2021 жылғы қаңтар-ақпанда 3,1%-ға дейін баяулағанын жеткізді. «Сонымен қатар халық табысының құрылымында еңбек етуден түсетін кірістердің төмендеуі және әлеуметтік трансферттерден кірістердің өсуі байқалады. Халықтың еңбек етуден түсетін табысының үлесі соңғы 10 жылда 10,8 пайыздық тармаққа төмендеді. Өз кезегінде, әлеуметтік трансферттердің үлесі, керісінше, 10 пайыздық тармаққа өсті», – деді Әлібек Қуантыров.

Халықтың табысын арттыру бағдарламасында жұмысшы жастарға, әлеуметтік осал топтардың жекелеген санаттары мен бюджет жұмыскерлеріне басымдық берілген. Олардың жалақысы көтеріледі. Сонымен қатар еңбек кірісіндегі теңгерімсіздіктерді жою, ауыл шаруашылығында, туризмде жұмыспен қамтуды арттыру, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру шеңберінде жаппай жұмыспен қамту көзделген екен.

Бағдарлама шеңберіндегі тікелей шаралар бюджет жұмыскерлерінің жалақысын көтеруге және кірістердегі теңгерімсіздікті теңестіруге бағытталса, жанама шаралар халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, кәсіптік даярлау, қайта даярлау, өңдеуші кәсіпорындардың өнімділігін арттыру және кәсіпкерлікті дамыту арқылы табыстың өсу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Ол ұзын-ырғасы 80 шарадан тұрады. «Еңбек табысының өсуін қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, ғылым салалары жұмыскерлерінің орташа жалақысы көтеріледі. Өндіріс кәсіпорындары жұмыскерлерінің табысындағы теңгерімсіздіктерді жою бойынша шаралар қабылданатын болады», – деді Әлібек Қуантыров.

Шағын және орта бизнесті дамытуды ынталандыру, шағын және орта бизнесті қолдаудың өңірлік бағдарламасы шеңберінде кредиттер, микронесиелер бойынша жергілікті бюджеттерден субсидиялар беру, ауылдық елді мекендерде жеңілдікпен микрокредит беру арқылы жүзеге асырылады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан халық табысын арттыру жөніндегі 2025 жылға дейінгі бағдарлама шеңберінде жаңа жұмыс орындарын құру мен жастарды кәсіптік бағдарлау бойынша 3 негізгі бағытта жұмыс жүргізілмек: барлығы 33 іс-шара қарастырылған, оның 16-сын тікелей министрлік жүзеге асырады. «Бұл шаралар күнкөріс деңгейінен төмен табыс табатын халықтың үлесін азайту, жұмыссыздық көлемін төмендету, 2025 жылға дейін 2 миллион жаңа жұмыс орындарын құруды көздейді», – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов.

Тегтер: