Халықтың әл-ауқатын арттыру – заман талабы

Қазіргі таңда дамыған және дамушы елдер үшін халықтың әл-ауқатын арттыру өзекті болып отыр.
Бірқатар елдер бүгінде адам капиталын дамытып, елдің ахуалын жақсарту мақсатында түрлі жобаларды қолданысқа енгізді. Осыған орай Қазақстан да «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасын қолға алды.
Аталмыш жобаның мақсаты айқын.
Алдымен Ұлттық экономика министрлігінен бастасақ, бүгінде бұл министрлік мемлекеттік органдармен бірлесіп 3 ұлттық жобаны әзірледі. Олар «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу», «Кәсіпкерлікті дамыту», сондай-ақ «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобалар. Бұл жобалар Еліміздің 2025 жылға дейінгі дамуының ұлттық жоспарын іске асыру бойынша әзірленді.
Жоба барысында 6 міндет, 13 көрсеткіш және 55 іс-шара жүзеге асыру көзделген. Ұлттық жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі 15,9 трлн теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 402 млрд теңге қарастырылған. 15,5 трлн теңгеге жеке инвестициялар тарту көзделіп отыр. Егер ұлттық жоба ойдағыдай жүзеге асар болса 2025 жылға қарай тұрақты экономикалық өсу 5 пайыздан жоғары деңгейге дейін жетпек.
Сала мамандарының пайымдауынша, «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу» жобасы ең алдымен кәсіпорындардың жұмысын жаңғыртуға, өңдеу өнеркәсібін технологиялық тұрғыдан жандандыруға, индустриялық жобаларды жандандыруға өз әсерін тигізбек.
Бұл ретте экономист-ғалым Жаңабай Алдабергенов:
— Мұндай жобалар қазіргідей дағдарыс кезінде біріншіден, халықты жұмыспен қамту үшін септігін тигізеді. Жаңадан өндіріс орындарын ашу, құрылыс жұмыстарын бастау, кәсіпорындардың әлеуетін кеңейту қай кезде де қарапайым халықты жұмыспен қамту үшін қажет. Қазір қымбатшылық қарапайым жұртты етектен тартып тұр. Мұндай кезде елге жұмыс өте қажет. Сондықтан республика бойынша жұмыссыздық деңгейі артып кетпеуі үшін халықты ең алдымен жұмыспен қамту маңызды. Сондықтан әл ауқатты арттыруға арналаған мұндай бағдарламалар нақ бүгінгі уақытта ауадай қажет, – дейді.
Маманның айтуынша, экономиканы өркендету үшін бірінші кезекте халықтың қолында қаражат болуы керек. Сауда балансы теңесу үшін, сұраныс пен ұсыныстың арасында тепе-теңдік орнауы үшін халықта қаражат болмаса, экономика төмендейді. Сондықтан елге тұрақты табыс қажет. Ал мұндай бағдарламалар халықты тұрақты табыспен қамтып, елдің жағдайы біртіндеп түзеле бастайды.
Жалпы, деректерге жүгінсек, мұндай жобалар, экспорт, импорт айналымына да септігін тигізбек, Мысалы, Ұлттық жоба шеңберінде 1000 белсенді экспорттаушы сыртқы нарықтарға шықпақ. Бұдан бөлек 350-ге жуық экспорттаушыны Alibaba және Amazon сияқты халықаралық электрондық платформаларға шығару қамтамасыз етілетін болады. Ал бұл үрдіс қазақстандық кәсіпкерлердің халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті болуына септігін тигізері даусыз.
Бұл ретте сарапшы Арман Мусин:
– Қазіргі уақытта халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті болу маңызды. Әлемнің барлық елдері өз өнімдерінің өтімді болуын қатты қадағалап жатқан тұс. Экспорттық әлеуетімізді арттыру біз үшін де өте қажет. Демек ауқымы кең ұлттық жобаларды қолға алғанымыз жөн. Мемлекеттің және тікелей Президенттің бақылауындағы ұлттық жобалар мұндайда септігін тигізеді. Деректерге жүгінсек, егер осы ұлттық жобалар жүзеге асар болса, өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің өндірісі 1,5 есеге артады. Шикізаттық емес экспорт 2 есеге ұлғайып, 2025 жылы 41 млрд долларды құрайды. Шикізаттық емес сектордың негізгі капиталына инвестицияларды 75 пайызға арттыру жоспарлануда. Бұл дегеніңіз – үлкен мүмкіндік, – дейді сарапшы.
Негізінде, бұл ұлттық жоба аясында тек қана экономикалық тұрғыда өркендеуге ұмтылу жоспарланып отырған жоқ. Жоба барысында халықтың білім алуына, сапалы медициналық қызметпен елді қамтуға, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін жандандыруға, елдің «Жасыл Қазақстан» жобасы аясында тыныстап, экологиялық жағдайымызды жақсартуға, Тұрғын үй құрылысына инвестиция тартуға тағы басқа халыққа қажетті қызметтерді жетілдіруге жол беріледі. Мәселен, ұлттық жобалардың ішіндегі ел үміт артып отырған әлеуметтік салаға жан бітіреді деген «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобасының негізгі шаралары: 13,5 трлн теңге аясында тұрғын үй құрылысына инвестициялар тарту; 16 мың шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілерін салу, Екінші жолдарды салу және «Достық-Мойынты» учаскесін электрлендіру есебінен Қытай-Еуропа-Қытай қатынасының өткізу қабілетін 5 есеге ұлғайту; «Түркістан-Шымкент-Ташкент» жоғары жылдамдықты магистралінің құрылысын қамтамасыз ету.
Бұл Ұлттық жобаны іске асыру қорытындысы бойынша қалалар мен ауылдарда сумен жабдықтау және су бұру қызметтеріне 100 пайыз қол жетімділік қамтамасыз етіледі. 2025 жылдың соңына дейін даму әлеуеті бар 3 561 ауылдарды жаңғырту жоспарлануда.
Тізе берсек, халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған бұл жобаның маңызы мен мәні ауқымды. Ендігі кезекте тиісті органдар осы жобаның орындалуын барынша бақылауға алуы тиіс. «Әсіресе жергілікті билік өкілдері осы жоба бойынша белсенді жұмыс істеп, бөлінген әрбір қаражатты қадағалап отырғаны жөн» деседі мамандар.