Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 17 Тамыз 2023

Халықтың әл-ауқатын арттырудың «паспорты» қандай?

None
None

Біраз уақыттан бері еліміздің үкіметі халықтың әл-ауқатын арттыратын ұлттық жобалармен жұмыс істеп жатыр.

Жоба аясында елдің тұрмысын түзеу,  экономиканы әртараптандыру, жұмыс орындарын құру, еңбек өнімділігін арттыру маңызды болмақ.

Сонымен халықтың әл-ауқатын арттырудың паспорты қандай? Мұндай жобалар өз жемісін бере ме?! 

Жалпы, мамандардың пайымдауынша, дамуға ұмтылған кез келген ел алдымен еңбек өнімділігін арттырып, жаңадан ашылатын жұмыс орындарын құруға бел байлауы қажет. «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасында осы мақсат көзделген.  Жоба 2021-2025  жылдарды қамтуы керек. Ұлттық жобаны іске асыруға ұлттық экономика министрлігі, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, энергетика министрлігі, сауда және интеграция министрлігі, экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі тартылған. Жоба аясында күтілетін экономикалық тиімділік жұмыс орындарын құру – 127,8 мың. Оның ішінде тұрақты – 102,8 мың, уақытша – 25 мың; еңбек өнімділігінің 2019 жылғы деңгейге қарағанда 20,6 пайызға өсуі; жеке инвестициялар көлемі 15,5 трлн теңгені құрайды. Сондай-ақ шикізаттық емес тауарлар мен көрсетілетін қызметтер экспортын 41 млрд АҚШ долларға дейін, оның ішінде шикізаттық емес тауарлар экспортын 29,5 млрд АҚШ долларға, қызметтер экспортын 11,5 млрд АҚШ долларына ұлғайту;  салық түсімдерінің (өңдеу өнеркәсібінде жаңа жобаларды іске қосу есебінен) 417,3 млрд теңгеге дейін ұлғаюы.

Міне, аталмыш жоба бойынша осындай экономикалық тиімділік күтіліп отыр.  

Ұлттық экономика министрлігінің өкілі Олжас Сыздықовтың айтуынша, бұл ұлттық жоба шикізаттық емес секторды дамытуға бағытталған.  

«Ұлттық жобаның бірінші бағыты – шикізаттық емес секторға инвестициялардың өсуі негізінде экономиканы әртараптандыру, сондай-ақ жаһандық және өңірлік құн тізбектеріне ендіру. Екінші фокус – өнімділігі жоғары жұмыс орындарын құру арқылы халықтың табысының өсуі. Үшінші фокус – төмен көміртекті даму трендін ескере отырып, электр генерациясының озық дамуы» дейді Олжас Сыздықов.

Сала мамандарының пайымдауынша, бұл ұлттық жоба сауатты жүзеге асар болса халыққа берері мол. Экономист-маман Марал Төртенованың байламынша, ұлттық жоба аясында, әсіресе ауыл жастарын жұмысқа тарту маңызды болмақ. Ауылдағы жұмыссыздық мәселесін осылай шеше алсақ жөн болар еді.

– Қазір ауылдағы жастарға жұмыс табу қиын. Жоба аясында жастарды жұмыспен қамту, жастардың кәсіпке келуіне ықпал ету. Оларға мемлекет тарапынан берілетін гранттардың шарттарын жеңілдету мәселелері қаралуы тиіс.  Ауылдық аймақтарда еңбек өнімділігін осы жоба аясында жетілдіріп алуды жоспарлау керек. Қажет болса ауылға салалық банктерді апарып, елді арзан несиемен қамтып, сол арқылы халықтың белгілі бір кәсіппен айналысуына жағдай жасалынуы қажет, – дейді Жанар Күнтуғанқызы.

Сондай-ақ мамандар ұлттық жоспар аясында мұнай-газ химиясын жетілдіру бағытына айрықша назар аудару керектігін де мысал етті. Мамандар алға тартып отырғандай, қазір дамыған және дамушы елдерде мұнайды өңдеп, тұрмысқа қажетті заттар алу қарқынды дамып келеді. Көршілес Қытай елінде тіпті мұнайды синдеттеу арқылы тұрмысқа қажетті үстел, кір сабын, қарындаш, тағы басқа көптеген дүниелер алынады. Өкінішке қарай, біз мұндай жетістіктерге әлі жете қоймадық.

Экономист-ғалым Жанар Күнтуғанқызы аталмыш бағдарламаны пайдаланып отырып осындай мүмкіндіктерге жол ашу керектігін айтуда. Мұнай-газ химиясын жетілдірудің қай кезде болмасын өзекті екенін алға тартқан маман «ұлттық жоспарды пайдаланып, осы салада жүрген ғалымдарға жағдай жасалып, шикі мұнайды ғана өңдей бермеу, мұнайдан ең соңғы өнім алуға әрекеттенген жөн» дейді. 

Бұдан бөлек ұлттық жоба аясында әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға  электр энергиясына тарифтердің көтерілмеуін бақылау да қарастырылған.  Бұл шара да тұрмысы төмен отбасыларға әжептәуір көмек болмақ. Алдағы уақытта мамандар жоба аясында халықтың әлжуаз топтарына арналған күнкөріс себетін көтеру жағын да енгізуді ұсынып отыр. 

Негізінен, мамандар халықтың әл-ауқатын көтеру бастапқы паспортының беталысы түзу болуы керектігін алға тартуда. «Әу бастағы қадамы дұрыс басталса, нәтижесі де оңды болар деп үміттеніп отыр» мамандар.

Еркежан АРЫН

Тегтер: