Халықтың алғысынан қымбат ешнәрсе жоқ
Астана қаласының №2 сайлау округі мәслихатының депутаттығына кандидат
Кішкенебаев Бауыржан Жұмабекұлы
Сұрақ: Бауыржан Жұмабекұлы, құқық қорғау саласының ардагерісіз.
Бағдарламаңызда азаматтардың құқықтарына қатысты қандай мәселелер көрсетілген?
Жауап: Иә. 20 жылдан астам уақыт прокуратурада қызмет жасадым. Халықтың жағдайы маған белгілі. Сондықтан менің бағдарламамда астаналықтардың әлеуметтік жағдайлары бойынша құқықтары қамтылған. Оның ішінде қала тұрғындары мен жастарға мемлекет тарапынан берілетін көмектерге қол жеткізу. Мәселен, студент жастарды жеңілдетілген несие арқылы баспанамен қамтамасыз ету мәселелері қарастырылған. Бұл бастамам тәжірибеге енсе, студент жастар мен қала тұрғындарына үлкен көмек болар еді.
Сұрақ: Әңгіме барысында тұрғын үй мәселесі дұрыс қозғалды. Осы сала бойынша қандай мәселе қамтылған?
Жауап: Астаналықтар үшін тозығы жеткен тұрғын үйлерді жаңарту мәселесі өзекті болып отыр. Тұрғындармен кездесу барысында осы сұрақ жиі қойылды.Тозығы жеткен үйлердің шатыры мен жертөлелерін аралағанда байқағаным, кей үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары әлі қажетті деңгейде жасалмаған. Сонымен бірге, автотұрақтар проблемалары жүйелі шешілмеген. Кешкі уақыттары тұрғын үйлердің алдына көлік қою тіпті мүмкін емес. Айналшықтап жүріп аламыз.
Осыған қоса айтарым, уақытылы тазаланбаған көшедегі қарлардан көлік кептелістері орын алып, тұрғындарға жайсыздық тудырып келеді. Нәтижесінде, жол көлік оқиғалары жиі орын алуда.
Астананың қысы ұзақ. Әрі суық. Сондықтан да, жылы аялдамаларды көптеп салу мәселесі кезек күттірмейді. Кешкі уақыттары жолаушылар тасымалымен айналысатын автобустар өз уақыт жиілігімен жүрмейді. Көбіне кешігіп жатады. Бұл менің ғана пікірім емес, тұрғындардың да пікірі.
Сұрақ: Еңбек адамын насихаттау және құқықтарын қорғау Мемлекет басшысының басты назарында. Осы тұрғыда қандай мәселелер көтерілген?
Жауап: Орынды қойылған сұрақ.Мемлекеттік және жеке кәсіпорын басшылығы (әкімшілік, кадр бөлімі) тарапынан зейнет жасына жетіп қалған азаматтыазаматшаны белгісіз себептермен басқа қызметке ауыстыру және жұмыстан шығару жағдайлары жиі кездеседі. Бұл әні-міне зейнетке шығамын деп отырған адам үшін психологиялық жайсыздық ғана емес, материалдық та қиындықтар тудырады. Осылайша, қызметкердің ұзақ жылғы жемісті еңбегіне мардымсыз зейнетақы төленеді. Бұл келешекте еңбек дауларының өршуіне әкеп соғады. Бұл мәселені кезек күттірмей шешу керек. Жұмыспен қамту орталығынан қосымша мамандар тарту арқылы нәтижелі мақсаттарға қол жеткіземіз. Осы бастаманы қанат қақты жоба (пилотный проект) ретінде Астана қаласынан бастасақ болады.
Сұрақ: Ауған соғысына қатысқандар мен басқа да елдердегі жан- жалдарды реттеуге атсалысқан ардагерлер, Чернобыль апаты мен Семей полигонынан зардап шеккендерді мемлекеттік қолдауға қатысты алып- қосарыңыз бар ма?
Жауап: Ауған соғысына қатысқандар мен басқа да елдердегі жан- жалдарды реттеуге атсалысқан ардагерлер, Чернобыль апаты мен Семей полигонынан зардап шеккендерге төленетін әлеуметтік төлемдер мөлшері әлі де жеткіліксіз деп ойлаймын. Себебі, бүгінгі инфляция уақытында дәрі – дәрмек, басқа да күтімге мұқтаж ол азаматтарға толыққанды көмек керек. Олардың көбісі еңбекке жарамсыз. Ардагерлер денсаулықтарына байланысты жұмыс істей алмайды. Емханалар дәрі-дәрмектерді тегін беруі керек. Міне, осы мәселелерді тұрақты шешу үшін барынша қоғамға ашық болсақ деп ойлаймын.
Қадірлі менің сайлаушыларым!
Қазір әлеуметтік желінің желдей есіп тұрған кезі. Өкінішке орай, смартфонның ар жағында отырып, құр уәде беріп, елдің өзіне деген ықыласы мен зор сенімін жоғалтып алған отандастарымыз да жоқ емес. Алайда, мен құқық қорғау органдарындағы темірдей тәртіпті көрген азамат ретінде уәдеге қашанда берік болуды өзіме ұлы мақсат етіп қойдым. Себебі, «Уәде – Құдай сөзі» деген бабалар өсиетін жүрегімнің түкпірінде ұстаймын. Уәде- ер азамат жетістігінің кілті деген принциппен өмір сүремін!
Сондықтан да, саналы өміріміздің сан тараулы жолында дұрыс таңдау жасауға шақырамын!
№2 САЙЛАУ ОКРУГІ БОЙЫНША АСТАНА ҚАЛАСЫ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ
КІШКЕНЕБАЕВ БАУЫРЖАН ЖҰМАБЕКҰЛЫ