Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
05:07, 01 Қазан 2020

Халықтың аш құрсақ екенін Үкімет қашан сезінеді?

None
None

Қазір біздің Үкімет пандемияға қарсы пәрменді шараларды қолға алып, жанталасып-ақ жатыр.

 Бұл ретте, бірқатар бағдарламаның бабы мен бағын келістіру мәселесі жиі-жиі талқыға түседі. Бір қарағанда, елдегі инфляцияны икемге келтіру үшін де бірқатар шаралар атқарылған болып көрінеді. Әйтсе де, халықтың арқасына аяздай батқан қымбатшылық, айлығын шайлығына жеткізе алмаған бұқараның қарасын көбейтіп барады.

Бұған дәлел – ­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­жуырда Қазақстанда кедейшілік деңгейі өсіп, табысы төмен халықтың үлесі 5,7 пайызға дейін артқаны белгілі болды. Осыған орай, отандық сарапшылардың дені «болашақта халықты ашықтырып  алмау үшін елдегі күнкөріс себетін қайта қарау қажет» деседі.

 

Күнкөрістің қамы, келіспей жүр әлі…

Жалпы, біздегі күнкөріс себеті биылғы жылы  31 189 теңгені құрайды. Күнкөріс себетінің 60 пайызы азық-түлік өнімдері болса, қалған 40 пайызы – халыққа қажетті тұрмыстық күнделікті тұтыну тауарлары. Бұдан шығатын қорытынды, халық 19 600  теңгесін бір айлық азық-түлікке жұмсайды, ал қалған 11 400  мың теңгесіне кіржуғыш заттарын және де тұрмысқа қажетті дүниесін түгендейді. Мұны ескерген мамандар «ай сайын 19 мың теңгенің көлемінде ғана тамақтанып, салауатты өмір сүру мүмкін емес, сондықтан қарапайым халықтың жайын ойласақ, күнкөріс себетін тез арада қайта қараған жөн» деп дабыл қағып отыр.

Бұл ретте, «Жас Алашқа»  пікір  білдірген әлеуметтанушы  маман Серік  Нұртаза:

           – Есептеліп отырған күнкөріс себеті арқылы бізде әр отбасы өркениетті елдердегі тәрізді толыққанды тамақтану жүйесін қалыптастыра алады десек, қатты қателесеміз. Себебі, біздің елде тапқан табысы мен күнкөріс деңгейі қабыспайтындардың қарасы көбейген. Мысалы, 19 мың теңгеге қалай жан бағуға болады?! Бір айға азық-түлік, ең жоқ дегенде 80-90 мың теңгеге шығатынын біз білеміз. Халықтың ең көп тұтынатын тауары нан, сүт, еттің бағасы күн сайын өсім беруде. Болашақта халық тұтынатын тауар бағасының төмен түсетініне ешкім кепілдік бере алмайды. Керісінше, баға әлі де өседі. Осыны ескеретін болсақ, бізге күнкөріс себетін қайта қарау керек. Себебі, қазір біз әлеуметтік аз қамтылған топқа салмақ түсіріп отырмыз. Сол әлеуметік аз қамтылған топтың қолында, тіпті 19 мың теңгені де таба алмай жұмыссыз жүргендері де бар. Күнкөріс деңгейі елдің орташа жалақысына қарап есептелетіндіктен, бізге нақ қазір орташа жалақы көлемін 250 мың теңгеге дейін өсіріп, күнкөріс себетін 60  мың теңгенің айналасында қайта жіктеу қажет. Сонда орташа шаруаға азық-түлігін түгендеу жеңіл болады. Ал әлеуметтік аз қамтылған, мемлекеттен әлеуметтік көмек алатындарға қатысты айтарым, олардың да мемлекеттік төлемдеріне үстеме косылуы тиіс. Сонда ғана халықтың күнкөрісі жеңілдеп, иығындағы жүк түседі, –дейді.  

     Өзгелерде күнкөріс себеті тойымды

 Сөйтіп, мамандардың пайымдауынша, бізге күнкөріс себетін 60  мың теңгенің айналасында қайта есептеу керек. Себебі, қазірде Еуропа елдерін қойып, ТМД құрамындағы бірқатар елдің өзі күнкөріс себетін тойымды етіп, нықтап алыпты. Мысалы, біз есептелген күнкөріс себеті бойынша бір күнде, шамамен, 250 грамм нан, 50 грамм макарон немесе жарма, 260 грамм картоп, 100 грамм ет және үш күнде бір жұмыртқа тұтынуымыз керек екен. Ал экономикасы бізден кемшін, бізден төмендеу деген бірқатар ТМД елдерінде күнкөріс себетіне енетін тағамдардың салмағы Қазақстаннан көбірек немесе Қазақстанмен деңгейлес.

 Мұны төмендегі 1 графикадан нақты көруге болады: 

Еуропа елдеріндегі күнкөріс себеті, тіпті таңдай қақтырады. Мысалы, АҚШ-та күнкөріс себетіне 300-ге жуық өнім енеді. (Бізде 43 түрлі өнім). Ал Германияда 475 өнім түрі енсе, Англияда 350 өнім түрі күнкөріс себетіне енген. Тіпті француздардың күнкөріс себетіне көңіл көтеретін сусындары аққайнарға дейін енсе, АҚШ-та кока-колаға дейін тұтыну себетінің бел ортасында тұр. Ал Украинада күнкөріс себетіне жағдайы төмен отбасылардың алатын киім-кешектеріне дейін енген.

Бұған қатысты деректерді 2-ші графикадан көруге болады.  

Купон мен карточка көмекке келе ме?

   Негізінде, бұл мәселеге қатысты бірқатар шендінің де өз ойы бар. Мәселен, депутат Айқын Қоңыров халықтық азық-түлік тапшылығы байқалып жатқанын жасырмай айтып отыр.

– Халықтың нақты кірістерінің төмендеуі – оларды азық-түліктің сапасы мен қауіпсіздігінен үнемдеуге мәжбүр етеді. Екінші тоқсанда халық шығындарының құрылымындағы азық-түлік шығындарының үлесі рекордтық 56,4 пайызға жетті. Бұл күзгі-қысқы кезең мен коронавирустың күтілетін екінші толқыны қарсаңында өте маңызды. Жалпы, халықтың азық-түлік себеті нашарлап барады. Жағдайдың осылайша түзілуі бізді күрделі азық-түлік дағдарысы туралы айтуға мәжбүр етеді, – дейді  Айқын Қоңыров.

Қоңыровтың қорытуынша, елдегі агроазық-түлік кешенін дамыту шаралары азық-түліктің қолжетімділігі мен оның сапасын қамтамасыз ету мәселелерін шеше алмай жатыр.  Осыған орай, депутат «барлық қазақстандық  үшін қолжетімді және сапалы тамақ» ұлттық жобасын әзірлеуді ұсынады.

– Атап айтқанда, қазақстандық өнімді сатып алу үшін арнайы купондар немесе төлем карточкаларын беру арқылы азаматтарға көмек көрсетуді қарастыру керек. Бұл бір мезгілде халықтың тамақтануын жақсартады және отандық өндірушілерді қолдайды. Бұл – қазіргі күн тәртібіндегі принципті мәселе, – дейді депутат.

Ал сала мамандары купон мен карточкадан бөлек,  қазір әлем жұртшылығы азық-түлік дағдарысына ұшыраудың алдында тұрғанда, Үкіметтің күнде бас ауыртып ойланатын өзекті жайттарының бірі – халықты ашықтырмау болуы қажет. Сондықтан  бір айда халыққа қанша ет, сүт, нан қажет. Халық ай сайын қанша мөлшерде азық-түлік тұтынады? Отандық өнімнің үлесі қанша, осы жағы есепке алынуы тиіс екенін алға тартып отыр.

Бұған қатысты экономист-ғалым Атамұрат Шәменов былай дейді:

–Бізде статистика агенттігі бұл мәліметтерді бір жылға кешіктіріп барып есептейді. Мысалы, 1960-1970 жылдары Қазақстан халқы адам басына шаққанда, жылына 45-50 келі ет жепті.1990 жылдары бұл көрсеткіш 70 келіге дейін жеткен. Қазір «қазақтың саны өсіп жатыр» дейміз, адам басына шаққанда, орташа, бір жылда жейтініміз – 45-47келі ет. Бағамдасақ, 1960 жылғы көрсеткішке дейін төмендеп кеткенбіз. Біз нанды пайдалануда да жоғары көрсеткішке жетпеппіз. 1960 жылы 140 келі нан жесек, қазір адам басына шаққанда, жыл сайын 122 келі нан жейді екенбіз. Бұл көрсеткіш қазақ үшін өте төмен дәреже. Сондықтан нақ қазір біз үшін азық-түлік қауіпсіздігін қайта қарау қажет.

Тақырыпқа тұздық:

   Халықты қашанғы емексітеміз?

Тақырыпқа орай, «Жас Алашқа» пікір білдіргенқаржыгер Ажар Серікқазина былай деді:

– Қазір қаншама жылдан бері коммуналды  төлемдер бағасы өсім беруде. Зейнеткерлерге, тіптен қиын. Біздің қоғамда 40 мың теңгеге жетер-жетпес зейнетақы алатын зейнеткерлер де баршылық. Олардың қайсыбірі осы қаражатқа ас-ауқат ала ма, болмаса дәрі-дәрмегін ала ма, шарықтап кеткен коммуналды төлемді төлей ме, болмаса басқа қажетін өтей ме? Айталық, алысқа бармай-ақ көрші Ресейді мысал етсек. Ресейде күнкөріс қоржынына телефон қызметі (тіпті ұялы телефонға бірлік салуға кететін қаржы мөлшері), коммуналды төлем мөлшері, дәрі-дәрмек, киім-кешек шығыны – барлығы қарастырылған. Негізінде, тұтыну себеті жайлы сөз еткенде, елдегі тауар бағасын да бағамдау керек. Мысалы, бізде бір лимонның бағасы – 100 теңге, ал Қытай елінде тура сол лимон біздің теңгеге шаққанда 15-ақ теңге тұрады. Тауарлары арзан болғанымен, Қытайдың күнкөріс себетіне енетін тауарлар түрі біздің елмен салыстырғанда, төрт есе көп. Оларда күнкөріс себетіне енетін қызмет түрі 450-ден асады. Ал бізде бұл қызмет түрі санаулы ғана. Сондықтан біз үшін күнкөріс себеті тізімін қайта қарап, ондағы қызмет түрлерін көбейткен жөн. Бұған қоса, азық-түлік тізімінің де ұлғайып, соған орай, халыққа жалақы да төленуі керек. Шындығында, біздегі күнкөріс себетіне жыл сайын 1000 теңгенің ғана көлемінде қаржы қосылып отырады.  Халық ашқұрсақ болып жүре бере ме? Қашанғы халықты емексітеміз?!

Тегтер: