Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:48, 17 Қараша 2021

Халықтың көзі һәм тілі

None
None

Бір ғасыр бойы қазақ даласын ақпарат айдынымен тербеткен, халықтың көзі һәм тілі болған – Жас Алаш газеті.

«Жас Алаш» газеті – халықтың жан айқайын көпшіліктің көңіліне ұсынып жүрген бірден-бір баспа. Билікке шырылдған халықтың үнін жеткізіп, қоғамдағы келеңсіз жағдайларды ашық түрде айта алатын газет. Қазақтың небір текті ұлдары басқарған газет әрдайым халықтың жанында бола білді, әлі де халықтың жанында.

«Лениншіл жас» атауын 1991 жылғы тамыз бүлігінен кейін бір түнде ешқандай қаулы-қарарсыз қайтадан тарихи атауы – «Жас Алаш» деп өзгерткен баспа «Ақиқат бәрінен де қымбат» ұстанымын үнемі сақтай білді.

1921 жылы 21 наурызда Алаш жұртымен алғаш рет жүздескен басылым әлі күнге Алаш жұртымен жүздесіп жүр.

Әлихан Бөкейхан айтқан төрт қағида бар. «Бірінші: газет – халықтың көзі, құлағы, тілі. Екінші: газет – жұртқа қызмет ететін нәрсе. Үшінші: газет – халыққа білім таратушы. Төртінші: газет – халықтың жоқтаушысы». Осы қағидалардың барлығын да өн бойына жинай білген басылымның тарихы тереңде жатыр. Газеттің алғашқы саны Ташкент қаласында жарық көрді. Ұйымдастырушысы әрі тұңғыш редакторы Ұ.Мұратбаев, жауапты хатшысы І.Жансүгіров болды. Сол кездегі қаржы тапшылығына т.б. себептерге байланысты басылым «Жас қайрат» (1925), «Өртең», «Жас қазақ» (1923) газеттері және осы аттас журнал түрінде шығып тұрды. Газеттің жабылып қалмауын ойлаған С.Садуақасов, А.Байтұрсынов, Б.Майлин, С.Сейфуллин, М.Әуезов, Ж.Аймауытовтар «Еңбекші қазақтың» бір бетін «Лениншіл жас» деген атпен де шығарған. Газет 1927 жылы 22 қыркүйектен «Лениншіл жас» деген атпен шыға бастады. Бұл басылым қай кезде де қазақ жастарының азамат болып қалыптасуына үлкен еңбек сіңірді. Қазақстан өз алдына тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін газетке «Жас алаш» атауы қайтарылды.

 «Жас Алаш» – Қазақстандағы белгілі де беделді журналистика кадрларын тәрбиелеп шығарған ұстахана. Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің, журналистикасы мен публицистикасының небір майталмандары жұмыстарын алғаш рет осы қара шаңырақтан бастаған.

Бүгінде бұл басылымнан тұрмыс-тіршілігіміздің сан-саласын қамтыған өткір де өзекті дүниелерді оқуға болады. «Жас Алашта» күнделікті жаңалықтармен қатар, саясат пен экономика, әдебиет пен мәдениет, өндіріс пен экология, қылмыс және заң, қаржы және басқару жүйесі, маркетинг пен менеджмент, білім беру мен денсаулық сақтау, өнер мен өзге де тақырыптарды қамтыған мақалалар тұрақты жарияланады.

«Жас Алаштың» өзіне тән ең бірінші сипаты – оның өткірлігі мен турашылдығы, жаңашылдығы мен тапқырлығы. Ақпаратты мейлінше объективті беруі және мәселелерге жаңаша көзқараспен келіп, терең сараптауы «Жас Алашты» ақпараттық кеңістіктегі беделді басылымға айналдырып, кәсіби газет деңгейіне көтерді. «Әлеуметтік технологиялар орталығы» жүргізген маркетингтік зерттеулердің нәтижесіне сүйенсек, «Жас Алаш» – он бес жастағы жасөспірімдерден бастап, алпыстан асқан ақсақалдарға дейінгі аралықтағылардың сұранысына ие, беделді әрі жаңашыл басылым. Басылымның негізгі оқырмандары – жоғары білімді азаматтар, жоғары оқу орындарының студенттері, әр деңгейдегі мемлекеттік басқару органдарының басшылары мен қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері мен қарапайым ауыл тұрғындары.

«Жас Алаш» әртүрлі қоғамдық және халықаралық ұйымдар тарапынан берілетін сый-сияпат, мақтау-марапаттан да кенде емес. 2000 жылы ұлттық баспасөз клубы, Қазақстан баспасөз клубы, «Алтын жұлдыз» орталығымен бірігіп өткізген дәстүрлі «Алтын жұлдыз» бәйгесінде «Жас Алаш» жылдың ең үздік газеті атанды. Үш жыл қатарынан «Жас Алаштың» тілшілері Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды. Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы журналистика және саяси публицистика саласы бойынша берілетін алғашқы сыйлық та «Жас Алашқа» бұйырды. Беделді рейтинг агенттіктері жүргізетін зерттеулер нәтижесінде «Жас Алаш» қазақ және орыс тілдеріндегі басылымдарды қоса есептегенде объективті ақпарат тарататын беделді басылымдардың алғашқы үштігіне кірді.

Газеттің сайты – дербес интернет басылым. Басылым бетінде жарық көрген мақалалар интернетте де жарияланады. Сонымен қатар жедел жаңалықтар мен онлайн қызметі енгізілген. Қазіргі таңда газеттің интернет нұсқасында мақалалар толық жарияланбайды. Материалдардың рейтингін анықтауға да мүмкіндік туып отыр.

       Тарихтың қойнауына көз жүгіртсек, Сейдахмет Бердіқұлов, Шерхан Мұртаза редактор болған жылдары «Лениншіл жастың» жұлдызы жасындай жарқырай түсті. Мұхтар Шаханов, Фариза Оңғарсынова, Оралхан Бөкеев, Ақселеу Сейдімбеков сияқты қазақтың қаймақтары еңбек жолдарын бастап, тартымды мақалалар жазып, көзге көрініп, келе-келе көрнекті, танымал, шебер қаламгерлерге айналған газетте менің де шимай-шатпақтарымның жарық көріп тұратыны бойыма мақтаныш пен қуаныш сезімін сыйлайды.

         «Жас Алашқа» жазып тұрғалы бері бағымның жанғанын да жасыра алмаймын. Осы тұста айтарым: «Жас Алаш» – жалынды жастардың бағын жағатын жұлдызды шамшырақ. Көкейде жүрген келелі мәселелер мен шырылдаған халықтың мәселелерін көтеріп жазған мақалаларым осы баспа бетіне жарияланып қана қоймай, оң нәтижесін беріп, көптеген мәселелер өз шешімдерін тапты. Бұл дегеніміз – «Жас Алаштың» беделді басылым екеніне бірден бір дәлел. Себебі кейбір креслода отырған билік өкілдері газет бетіндегі материалдарды оқып, сөзден іске көшіп, әрекет етуде. Осы жерде «Жас Алаштың» төртінші билікке пара-пар болып отырғандығын да тілге тиек ету керек. Неге десеңіз, бұл күндері ақиқатты айқындайтын жазбалар барлық баспа беттерінен көріне бермейді. Ал «Жас Алаш» – мұхитта мекендеген акула іспетті адуынды, өткір материалдарымен ақпарат айдынында өз сара жолын салған баспа.

Тегтер: