Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:40, 16 Наурыз 2022

Халықтың көзі, құлағы һәм тілі

None
None

100 жыл. Бір ғасыр. Аз уақыт  емес. Әрине, ғарыштық уақытпен   есептесек қас-қағым сәт.

Ал тарих үшін бір белес. Қазақтың  қабырғалы басылымы «Жас Алаштың» жарық көргеніне биыл жүз  жыл толыпты. Ұлы Ахаң (Ахмет Байтұрсынұлы) «Газет – халықтың  көзі, құлағы һәм тілі» деп тектен-тек айтпаса керек. Бір ғасыр  тарихы бар «Жас Алаш» расында, осы уақыт ішінде Алаш  баласының «көзі, құлағы һәм тіліне» айнала алды.

«Кешегі қара күндерде, Жұлдызсыз, айсыз түндерде, Жол таба алмай сенделіп, Адасып Алаш жүргенде...», қабырғасы 1921 жылғы 22 наурызда  қаланған «Жас Алаш» халықтың бағыт-бағдар берер шамына  айналды. Ағартушылық қызмет атқарды. Халықтың сөзін сөйледі, ұлттың мүддесін алдыға шығарды. Ұрпақ тәрбиесіне үлес қосты.  Бұл басылымда кімдер жұмыс істемеді? Иісі Алаш баласының  қолына қалам ұстаған талантты ұл-қыздары шоғыр-шоғыр болып келіп, қызмет етті. Газеттің абыройын көтерді, бет-беделін  қалыптастырды. Өздері халыққа танылды. Осы бір ғасырда Алаш  баласы не көрсе, соның бәрі «Жас Алашта» тасқа басылды. Рас,  1927 жылы 22 қыркүйекте «Лениншіл жас» деп аталған газет  кеңестік кезеңнің саяси-идеологиясын дәріптеп, үгіт-насихаттарына белсене  араласты. Оны сызып тастай алмайсың. «Тірі болсақ – алдымыз  үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз  тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар!» деп Алаштың ұлы көсемі Әлихан Бөкейханов айтқандай, газеттің нағыз халықтық басылымға айналатын кезі Тәуелсіздіктен кейін басталды.

Өзінің әу бастағы «Жас Алаш» деген атын қайтарып алды. Халықтың сөзін сөйледі. Ұлттың мүддесін көздеді. Қоғамның әділетті болуын жақтады. Жасып, жасқанбады, турасын айтты. Алмас қылыштай, өткірлігін көрсетті. Мінезін танытты. «Бір тойым бар» демекші, міне, «Жас Алаш» 100-ге толып жатыр. Бір ғасырда заманның соққан желімен ебелектей ұшып, жоғалып кетпей, табанының бүрі бар екенін танытқан – «Жас Алаш» осындай басылым. Иісі Алаш баласы тірі тұрғанда «Жас Алаш» бар. Олай болса, Алаш баласы мәңгі жасасын, онда «Жас Алашта» мәңгі!

Тегтер: