Халықтың қалаулысы ма, әлде тонаушысы ма?!
![None](/static/img/image.jpg)
Өткен аптада Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың жарлығымен парламент депутаттарының жалақысы қысқартылып, қырғыз депутаттары қызметтік автокөліктерінен айырылды.
Республикалық бюджеттің шығыстарын оңтайландыру үшін қырғыз басшысы осындай шешім қабылдады. Енді Қырғызстанда Жогорку Кенеш төрағасының орынбасарлары – 27 мың сом (теңгеге шаққанда 138 мың теңге), депутаттық фракциялардың көшбасшылары мен комитет төрағалары – 26 мың сом (133 мың теңге), депутаттар 25 мың сом (128 мың теңге) жалақы алады. Осылайша Қырғыз елі шенеуніктердің жалақысын қысқартып, бюджеттерін үнемдеуге көшті.
Ал Қазақстан үкіметі мұндай реформаға барар ма еді?! «Қырғызстаннан экономикамыз көш ілгері» деп мақтанатын біз де бүгінде бюджетті үнемдеуге көшіп, халыққа тиімді жобалардың біразын қысқарттық емес пе?! Ендігіде бюджетті үнемдеуді ең алдымен шенеуніктердің жалақысын қысқартудан бастасақ қалай болады?!
Мұқтаждарға – 5 пайыз, депутаттарға – 1 млн
Негізінде, қазір әлем елдері тығырықтан шығу мақсатында түрлі тәсілдерге көшіп жатыр. Бірқатар елдер шығыны көп, өзін-өзі ақтай қоймайтын бағдарламаларын қысқартып, халыққа берілетін әлеуметтік жәрдемақыларын арттыруға көшкен. Әрине, бұл көштен біз де қалысып отырған жоқпыз. Келер жылдан бастап елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға берілетін жәрдемақыға, зейнетақыға 5 пайыз үстемеақы қосылады. Ең қызығы, 5 пайызды теңгеге шақсақ, қосылатын үстеменің көлемі 2000-2500 теңгенің көлемінде ғана. Мұндайда ел сенген депутаттар кенеттен халыққа жаны ашып: «Бұл – мазақ! 5 пайыздық үстеме халықты қиындықтан құтқармайды», – деп шырылдаса ғой деп, армандап та кетеміз. Бірақ халық қалаулылары үндемейді. Себебі олардың жағдайы жақсы. Біздегі депутаттардың еңбекақысы еңбек өтіліне қарай 600 мың теңге мен 1 млн теңгенің көлемінде есептеледі. Елдегі орташа жалақы 200 мың теңге, ал ең төменгі жалақы 42 500 теңге екенін ескерсек, депутаттардың айлығы орташа еңбекақыдан 3,7 есе, ең төменгі жалақыдан 16,5 есе көп.
Депутаттардың басы алтын, ақылы толағай ма?
Қырғызстаннан бөлек, басқа елдермен салыстырсақ, Украинадағы жоғарғы рада депутаттары айына 30 мың гривен (432 мың теңге) алады. Беларусьтық депутаттардың табысы теңгеге шаққанда – 401 мың теңге. Қырғыз парламентіндегі орташа жалақы бұған дейін 30 мың сом (167 100 тг). болған. Енді бұл сома, жоғарыда айтқанымыздай, тағы қысқарып, 128 мың теңгені құрап отыр. Айта кету керек, 2020 жылы пандемия басталған тұста Қырғызстан депутаттары наурыз, сәуір және мамыр айларының жалақысынан бас тартты. Қырғыз мәжілісі «елде төтенше жағдай болып жатқанда үш ай жалақы алмаймыз» деген тоқтамға келді. Ал біздің депутаттар бұл жағдайға байланысты бір күндік жалақысын ғана аудара салды. 600 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін төленетін жалақыдан бөлек, еліміздің депутаттарына қызметтік көлік, баспана, бір-бір көмекші және құны 300 мың теңге тұратын депутаттық төсбелгі беріледі. Сонда осыншама шашылып-төгіліп, барлық жағдайын жасайтындай депутаттарымыздың басы алтын, ақылдары ешкімге тең келмейтін толағай болып тұрғаны ма?!
Сайлаудан кейін «Good bye»
Бұған қатысты мамандардың айтуынша, керісінше, бізде елдің жайын ойлайтын депутаттар өте аз. Тіпті қазір сайлаудан кейін мүлдем қарасын көрсетпей, жым-жылас болып кететін депутаттардың тым көптігі халық арасында жиі айтылып жүр.
– Олардың қабырғасы қайысып, елді ойлап отырғаны шамалы. Бірінші өздерінің креслосын ойлайды. Сондықтан да жұмған ауыздарын аша алмайды. Кезінде «депутаттар емес, олар жемір жепутаттар» дегендер де болды. Өз басым бұл пікірлермен толық келісемін. Қазіргі жағдайды пайдаланып, мәжілісмендер мен сенаторлардың, мәслихат депутаттарының жалақысын, мемлекеттен берілетін бонустарын қысқарту керек, – дейді заңгер Жандос Өмірәлиев.
Маманның пайымдауынша, депутаттардың жалақысын 300 мың теңгеге дейін төмендетуді ойластырған жөн. Әр депутатқа ай сайын тұратын орны, қызметтік көлігі бар, 1 млн теңге жалақы беріп шығындалғанша, олардың санын қысқартып, жалақысын азайту қажет.
– Деректерге жүгінсек, былтыр төтенше жағдай кезінде елде 4 млн 208 адам жұмыссыз қалғандықтан, оларға мемлекет тарапынан 42 500 теңге төленген. Сонда қарапайым халық 42 500 теңгемен күн көреді. Ал осындай сын сағатта депутаттардың жалақысын неге азайтпады? Сондықтан үкімет осы мәселені болашақта ойластыруы керек. Депутаттардың, әкімдердің, мәслихат депутаттарының жалақыларын азайтып, ол қаражатты басқа дамушы салаларға жұмсаған жөн, – дейді сөзін жалғастырған Жандос Өмірәлиев.
Халыққа «масылсыңдар» дейді, ал өздері ше?
Негізінен, әлемді абдыратқан коронавирустың жаңа штамы – омикрон біздің елде өршитін болса, әрбір екінші қазақстандық жұмысынан айырылуы әбден мүмкін. Мұндайда халыққа оңай болмасы тағы анық. Бірақ осы коронавирус келмей тұрып та халықты қымбатшылық қамыты қысып, әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтың арқасындағы жүк тым ауырлай түскен еді. Мұны ескергендіктен, біздің билік 2019 жылы тұрмысы төмен елдің несиесін кешіріп, бір мәрттік жасаған болды. Бірақ сол тұста мәжіліс депутаттарының арасында «олардың несиесіне дейін кешіріліп жатыр, мемлекетке масыл болғанды қою керек» деп ділмарсығандар да болған.
Бұдан бөлек, 2019 жылы үкімет көпбалалы аналарға көмектесу мақсатында әр балаға 21 мың теңгеден жәрдемақы тағайындаған еді. Артынша, 2020 жылы үкімет бұл жәрдемақыны көпсініп, оның да көлемін азайтып тастады. Міне, сол кезде бұған қатысты «қазір халыққа қиын, қымбатшылық қысып тұр, елді қолдау керек» деп, қарсы пікір білдірген бірде-бір депутат болған жоқ. Ендеше халықтың сөзін сөйлеуге келгенде бүгежектеп қалатын депутаттарға бюджеттің, яғни халықтың салығынан жиналған қаражат есебінен миллиондап жалақы төлеп, мемлекеттік бонустар беру таза қиянат емес пе?
Ақиқатында, депутаттық жалақы мен сыйақы, бонустардан бөлек, олардың көлденең табыстары, бизнестері барын да біз жақсы білеміз. Депутаттардың кейбірі осы бизнестеріне ешкімді тигізбей, өз кәсіптеріне қорған болу үшін де парламентте отыр. Рас, араларында кейде популизм үшін халықтың көңілін аулап сөйлеп қоятындары да жоқ емес. Бірақ олардың мұндай тірліктеріне халық бүгінде «сенген депутатым сен болсаң...» деп қолды бір-ақ сілтейді. Сондықтан келешекте депутаттарға жалған популизмнен шынайы гуманизмге көшу қажет-ақ.