Халықтың талап-тілегіне «ҚазАвтоЖол» құлақ аспай отыр
Әсілінде, халық мұқтаждығының үлкен-кішісі болмаса керек. «Халық қаласа хан түйесін сояды» десек те, «ҚазАвтоЖол» тұрғындардың мәселесін шешудің орнына шекеден қарап, «күл болмасаң, бүл болдың» керін келтіріп отыр ма дерсіз.
Мәселен, Т.Рысқұлов ауданы Ақыртөбе ауылының тұрғындары республикалық маңызы бар автомобиль жолының өз ауылдары аумағынан өтетін бөлігінің орта тұсынан жаяу жүргіншілер өтетін жолақ пен қосымша мал өткелін жасап беруді сұрап тиісті орындардан көмек сұрағанымен, қайран болмай тұр.
«Бас істемесе екі аяқтың соры» деп бұрынғылар айтып кеткендей, басында басшылар осы жолды салғанда дұрыс жоспарламағанның кесірінен жылдар бойы жергілікті тұрғындар әуре-сарсаңға түсіп келеді. Ауылымыздың екі жағындағы жаяу жүргіншілерге арналған жолаққа дейін орталықтан 1 шақырым жүріп бару керекпіз. Ол қария адамдарға, екі қабат әйелдерге, бала-шағаға оңай емес. Кім де болсын бір шақырым жүріп ол жолақпен өтпейді. Жаяу жүргіншілер өтетін жолақтың жоқтығынан жолдың арғы бетіне мынау темірлердің үстімен аттап-пұттап өтуге мәжбүрміз.
Ал қолданыстағы мал өткелі, құдды су өткелі дерсіз. Амал жоқ, тұрғындар малын қауіпті болса да, автобанның үстінен айдап өтуге мәжбүр. Ауыл малын «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» тас жолының үстінен айдап өткен жағдайда көптеген көлік қақтығысы, мал басу оқиғалары, малды ғана емес малды айдап бара жатқан адамды да қаққан кездер болды. Ондай жағдайда кінәлі өзіміз боламыз. Жолдың үстімен мал айдамайын десең, мал өткеліміздің сиқы мынау, – дейді ауыл ақсақалдары мен жиналған тұрғындардың атынан сөз сөйлеген Сатыбалды Иманалиев қария.
Ауылымыздың күнбатыстан кіре берісіне зәулім етіп көпір салды 3-4 жыл бұрын. Басында бала-шаға қызық үшін мініп-түсіп жүрді. Қазір бір адамды көрмейсің ол көпірден өтіп жатқан. Мұны қанша миллионға салғаны бізге белгісіз, бірақ тұрғындар оны пайдаланып жатқан жоқ. Бізге оның керегі де жоқ еді. Оданда бізге қажетті дүниені жасап берсе дейміз.
Шамамен 20-дан аса шаруа қожалық құмда отыр. Олар көктемде, маусымдық кезде ауыр техникаларымен де автобанның үстімен жолға шығып, айналып жүруге мәжбүр. Егер, ауыр техникалар өтетіндей етіп, заманауи жол өткелін жасап қойса, қандай ғанибет болар еді, – дейді ауыл тұрғындары.
Осы орайда Ақыртөбе ауылдық округінің әкімі Б.Ахметовтің «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Жамбыл облыстық филиалының директоры А.Туғановаға жазған хатымен, олардан келген жауаптың мәтінін де қысқаша келтіре кетсек.
«Сізге Ақыртөбе ауылы тұрғындарының шағымдары, өтініштері бойынша Ақыртөбе ауылынан өткен «Батыс Қытай – Батыс Европа» автомагистральінен мал өткелін соғып берулеріңізді сұраймыз. Ақыртөбе ауылының орта тұсында орналасқан су өткелі әрдайым суға толып тұруына байланысты жайылымға мал өткізу мүмкін болмай тұр. Малды жолдың үстімен айдап өткізу кезінде мал басу, адам қағу оқиғалары орын алуда.
Сонымен қатар Ақыртөбе ауылы Көкімбай көшесінің тұсынан жаяу жүргіншілерге арналған жолақ жасап берулеріңізді сұраймыз.
Бұдан бөлек, Ақыртөбе, Малдыбай ауылдарынан өтетін жолдың жиегі әрдайым қоқысқа толы болып тұрады. Аялдама, дәретханалардың жанында қоқыс жәшіктері жоқ. Осыған орай Сізден өз жұмысшыларыңызға жол жиегінің тазалығын сақтап тұруына ықпал жасауыңызды сұраймыз» делінген ауыл әкімінің жазған хатында.
Бұл хатқа «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» Жамбыл облыстық филиалы «Қосымша мал өткелін салу ол қолданыстағы цементобетонды жол жамылғысын қайта бұзуды талап етеді, сонымен қатар жоғарыда аталған учаскенің жер үйіндісі мал өткелін салуға сәйкес келмейді. Көкімбай көшесінің тұсынан жаяу жүргіншілерге арналған жолақ жасау мүмкіндігі жоқ, өйткені жаяу жүргіншілердің автобан үстінен жүріп өту үшін бөлу жолағында орналасқан қисық сызықты брустарды ашу қажет және белгіленбеген жерден жүріп өтуі жол қозғалысының қауіпсіздігіне кері әсерін тигізеді» деп жауап берген.
«Мен не деймін, домбырам не дейді» демекші, «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» Жамбыл облыстық филиалы ауыл әкімі мен тұрғындардың өтінішін орынсыз санап, олардың талап-тілегіне құлақ аспай отыр.