Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:33

ХАМАС Газа секторындағы бөлім басшыларының қаза тапқанын растады

ХАМАС
Фото: AP

ХАМАС қозғалысының өкілдері ұйымның Газа секторындағы басшысы Мұхаммад Синвар мен әскери қанаттың ресми өкілі Абу Убайданың қаза тапқанын растады.

 Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

ХАМАС мәліметінше, Мұхаммад Синвар мен Абу Убайда 2025 жылдың басында Газа секторында жалғасқан соғыс барысында қаза болған. Израиль тарапы бұған дейін Мұхаммад Синвардың мамыр айында, ал Абу Убайданың тамыз айының соңында жойылғанын мәлімдеген еді.

Израиль мәлімдемелері және табылған деректер

Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары Мұхаммад Синвардың мәйіті Газа секторының оңтүстігіндегі Хан-Юнус қаласында орналасқан жерасты тоннельдерінің бірінен табылғанын жазған. Сол жерде оның онға жуық серіктесінің мәйіті де анықталғаны хабарланған. Сондай-ақ «Рафах» бригадасының қолбасшысы Мұхаммад Шабананың да қаза тапқаны айтылған. Ол кезде ХАМАС бұл ақпараттарға ресми түсініктеме бермеген болатын.

Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кац сол кезде Мұхаммад Синвардың «барлық белгілер бойынша Израиль соққысының салдарынан» қаза тапқанын мәлімдегенімен, бұл ақпараттың ресми түрде расталмағанын атап өткен еді.

Айта кетейік, Мұхаммад Синвар — ХАМАС-тың бұрынғы жетекшісі Яхья Синвардың туған інісі болған. Яхья Синвар бұған дейін Израиль шабуылдары кезінде көз жұмғаны хабарланған.

Таяу Шығыстағы жағдай 2023 жылғы 7 қазанда күрт ушықты. Сол күні ХАМАС Израильге қарсы ауқымды шабуыл жасап, ел аумағына жаппай зымыран соққыларын бағыттады. Қарулы топтар Израиль шекарасынан өтіп, шамамен 1200 адамды өлтірген, сондай-ақ 250-ден астам адамды кепілге алып, оларды Газа секторына алып кеткен.

Кепілге алынғандардың бір бөлігі айырбас немесе босату арқылы отандарына қайтарылса, қалғандарының бірқатары қаза тапқаны белгілі болды.

Бұл шабуылға жауап ретінде Израиль ХАМАС-қа қарсы соғыс жариялап, Ғаза секторында құрлықтағы операциялар мен жаппай әуе соққыларын бастады. Соның салдарынан, түрлі деректер бойынша, 70 мыңнан астам палестиналық қаза тауып, 169 мыңнан астамы жараланған.

Газа секторында атысты тоқтату жөніндегі келісімге 13 қазанда Мысырда қол қойылды. Израиль мен ХАМАС арасындағы келісімдердің орындалуына АҚШ, Түркия, Қатар және Мысыр кепіл елдер ретінде қатысып отыр.

Соған қарамастан, өңірдегі жағдай әлі де тұрақсыз күйінде қалып отыр.