ХАМАС Газада соғыс тоқтағанын мәлімдеді

Палестиналық ХАМАС қозғалысы Газа секторындағы соғыстың толық тоқтағанын мәлімдеді.
Reuters агенттігінің жазуынша, бұл туралы ұйымның келіссөздер делегациясының жетекшісі Халил әл-Хайя хабарлған.
Әл-Хайяның сөзінше, қозғалыс АҚШ пен өзге делдалдардан соғыстың толығымен аяқталғанына кепілдік алған.
«Біз бүгін соғыстың аяқталғанын жариялаймыз. Келісім аясында Рафах шекара өткелі екі бағытта ашылады. Сондай-ақ Израиль барлық палестиналық әйелдер мен балаларды түрмеден босатуға міндеттелді», — деді ол видеоүндеуінде.
Келісім шарттарына сәйкес, Израиль түрмелерінде өмір бойы жазасын өтеп жатқан 250 палестиналық тұтқын, соғыс басталғалы қамауға алынған 1700 газалық азамат, сондай-ақ барлық әйелдер мен балалар босатылады.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп та Газа секторындағы соғыстың аяқталғанын және аймақтың қайта қалпына келтіру кезеңіне көшкенін жариялаған еді.