Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:15

ХАМАС Израильге тағы екі тұтқынның мәйітін қайтарды

Изриал ХАМАС
Фото: Getty Images

15 қазан күні кешке палестиналық ХАМАС ұйымы Израильге қаза болған тағы екі тұтқынның мәйітін тапсырды.

Бұл туралы Израиль армиясы (ЦАХАЛ) мен қауіпсіздік қызметі (ШАБАК) ресми түрде хабарлады. Екі мәйіт Қызыл Крест өкілдерінің бақылауымен Газа мен Израиль шекарасынан өткізіліп, Тель-Авивтегі Ұлттық сот-медициналық орталыққа жеткізілген. Мұнда олардың кім екені анықталады.

ХАМАС өкілдері өз мәлімдемесінде «барлық қол жеткен мәйіттерді бердік», ал қалған 19 мәйітті табу мен шығару үшін «ерекше құрал-жабдық пен уақыт қажет» екенін айтты. Бұл ақпаратты израильдік Ynet порталы таратты.

АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған бейбіт жоспар аясында ХАМАС 13 қазанда тірі қалған 20 израильдік тұтқынды босатқан еді. Сол күндері қозғалыс 8 мәйітті де қайтарды. Алайда олардың бірі кейін Газа тұрғынының мәйіті екені анықталған.

Егер 15 қазанда берілген мәйіттер шын мәнінде сол тізімдегі тұтқындарға тиесілі болса, Израильге барлығы 9 мәйіт қайтарылған болып шығады. Ал келісім бойынша ХАМАС 72 сағат ішінде 28 мәйітті қайтаруға міндеттелген.

Израиль мен АҚШ ескерту жасады

Мәйіттер алмасу үдерісінің баяу жүруі Израиль мен АҚШ-тың наразылығын туғызды. Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кац:

«Егер ХАМАС келісім шарттарын орындамаса, Израиль АҚШ-пен бірлесе отырып, соғысты қайта бастайды», — деп мәлімдеді.

Дональд Трамп та CNN арнасына берген сұхбатында Нетаньяхуға «қажет болса, Газадағы әскери операцияны қайта бастауға рұқсат беретінін» айтты. Ол сондай-ақ «ХАМАС толық қарусызданбаса, шабуыл болуы мүмкін» деп ескертті.

Reuters агенттігінің дерегінше, соңғы күндері ХАМАС Газаның бірқатар аудандарында Израиль әскері кеткеннен кейін бақылауды қайта қалпына келтіруге тырысқан. Кей жерлерде Израильмен ынтымақтасты деп айыпталған бірнеше адам жазаланып өлтірілген.

Шарм-эш-Шейхтегі бейбіт декларация

13 қазан күні Египеттің Шарм-эш-Шейх қаласында өткен халықаралық «бейбіт саммитте» Израиль мен ХАМАС арасындағы атысты тоқтату декларациясына қол қойылды. Құжатқа АҚШ, Египет, Катар және Түркия делдал елдер ретінде қол қойған.

Президент Трамп бұл күнді «Таяу Шығыс тарихындағы бейбітшілікке бет бұрған ерекше күн» деп атады. Декларацияда соғысты тоқтатудан кейінгі қадамдар мен қарусыздану ережелері бекітілген.

Соғыстың басталуы мен зардабы

ХАМАС-тың Израильге жасаған шабуылы 2023 жылдың 7 қазанында басталған еді. Сол күні қозғалыс Израильге жүздеген зымыран атып, шекарадан өткен содырлар шамамен 1200 адамды өлтіріп, 250-ге жуық адамды тұтқынға алған.

Жауап ретінде Израиль ХАМАС-пен толық ауқымды соғыс жариялады. Екі жылға созылған соғыста Газа секторында 67 мыңнан астам палестиналық қаза тауып, 169 мыңнан астам адам жараланған. Бұл деректі ХАМАС бақылауындағы Денсаулық сақтау министрлігі таратқан.

Тегтер: