Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:49, 27 Қазан 2023

ХАМАС Мәскеуден көмек сұрады. Байден Аятоллаға айбат шекті...

св
Фото: из открытых источников

Израиль мен ХАМАС-тың Газа секторындағы айқасы асқына түскен шақта ХАМАС өкілдері Мәскеуге барды. Бұл әлемдік БАҚ-ты дүр сілкіндірді

 

ХАМАС-тың атынан Мәскеуге сяаси бюро өкілі, ХАМАС жоғарғы саяси басшылығының бірі Мұса Әбу Мазрук барды деген ақпарат әуелде әлеуметтік желіге желден жылдам тарады.

Жасы 70-тен асқан (72-де) Әбу Мазрук ХАМАС-тың саяси басшылығына 1989 жылы келген. Оған дейін «Мұсылман бауырлар» ұйымының мүшесі болған. 1992 жылы ХАМАС-тың саяси бюросын тізгіндеген. Қызметін Иордария астанасы Амманда отырып жүргізген. Кейін Мазрук Иорданиядан 2 мәрте депортацияланған. АҚШ түрмесінде 2 жыл отырған. Сол АҚШ-та исламдық қайырымдылықпен шұғылданатын қор құрып, ХАМАС-ты қаржыландырған. Сол үшін сотты болған.

                      МӘСКЕУДЕН КӨМЕК СҰРАУҒА ЫЛҒИ ӘБУ МАЗРУК БАРАДЫ

Әбу Мазрук ХАМАС-тың идеологтарының бірі болған. Бұл оның Мәскеуге алғаш баруы емес. 2018 жылы Газа секторы «Қайта түлеудің ұлы маршын» бастаған уақта Әбу Мазрук Мәскеуге көмек сұрап барған. Ресей Сыртқы істер министрлігінің лауазымды тұлғаларымен жолығып қайтқан. Ол кезде де Мәскеу екіұшты позиция ұстанып, Израиль мен Палестина тараптарын сабырға шақырған. Кейін Израильдің Газа секторындағы қарапайым тұрғындарға күш қолдануын қатаң айыптаған.

Сөйткен Әбу Мазрук кеше Мәскеуге тағы барды. ХАМАС делегациясының келгенін сәл кідірістен кейін Ресей Сыртқы істер министрлігі растады. РФ СІМ-інің сөйлегіш ауыз ханымы Мария Захарова: «ХАМАС өкілдерінің Мәскеуге келгенін растаймыз. Келіссөздер барысында Газа секторындағы Ресей азаматтарын эвакуациялау және исламистік топтың тұтқынындағы Ресей және шетел азаматтарын босату мәселесі сөз болды», - деді.

Ресей Сыртқы істер министрлігі Израиль-ХАМАС қақтығысына һәм Палестина тәуелсіздігіне қатысты позициясын қайталап айтты. «Ресей СІМ-і 1967 жылғы шекара шегінде тәуелсіз Палестина мемлекетін құру туралы Халақыралық шешімнің орындалуын қолдайды. Тәуелсіз Палестина мемлекетінің астанасы шығыс Иерусалимде болуы керек және ола мемлекет Израильмен тату-тәтті өмір сүргенін қалайды», - деді Ресей тарабы.

                               ИЗРАИЛЬДІҢ МӘСКЕУГЕ ӨКПЕСІ ҚАРА ҚАЗАНДАЙ

Израиль ХАМАС-тықтарды қабылдап, кездесу өткізген Мәскеудің қадамын айыптап, мәлімдеме жасады. Палестиналық радикалды ұйым өкілдерін елден қуып шығуды талап қылды.

«Израиль ХАМАС басшыларын Мәскеуге шақырып кездесу өткізген Ресейдің бұл әрекетін «лайықсыз қадам» деп есептейді. Мәскеудің бұл қадамы – ХАМАС терроршыларының зұлымдығын заңдастыруға дем беретін қадам. Біз Ресей үкіметінен ХАМАС терроршыларын дереу елден қуып шығуын талап етеміз», - делінген Израиль Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде.

            ПУТИН: БІЗ ТӘУЕЛСІЗ ПАЛЕСТИНА МЕМЛЕКЕТІН ҚҰРУДЫ ҚОЛДАЙМЫЗ!

Тақырыпқа тұздық ретінде айта кетейік, осыған дейін Ресей президенті Путин де мәлімдеме жасап, Палестина-Израиль қақтығысы келіссөздер арқылы шешілуі тиіс екендігін, нәтижесінде тәуелсіз Палестина мемлекеті құрылуы тиіс екендігін айтқан.

Ал ХАМАС өз кезегінде Ресей саяси басшылығына ақжарма алғыстарын айтқан. «Ресейдің Израиль агрессиясына қарсы мызғымас позициясы үшін алғысымыз шексіз», - деген.

                                       БАЙДЕН АЯТОЛЛАҒА АЙБАТ ШЕКТІ

АҚШ президенті Байден ХАМАС-ты да, Ресейді де айыптап мәлімдеме жасаған. «ХАМАС-тың Израильге шабуылы мен Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылығының мақсаты бір», - деген.

Кеше Мәскеуге Әбу Мазрук қана барған жоқ. Иранның Сыртқы істер министрінің орынбасары Әли Багери Қяни да ХАМАС өкілдерімен қатарласа Мәскеуге барды. Халықаралық сарапшылар бұл екі сапардың кездейсоқтық емес екенін, жоспарлы түрде жасалғанын айтады. Ал Мәскеу өзіне тағылған барлық айыптауларды терістеп сөйледі.

Әлемдік БАҚ Мәскеудегі жолығулардың жай-жапсарын зерттеп жатқанда, АҚШ пен Иран тарабы бір-біріне сес көрсете бірлі-жарым мәлімдеме жасады.

                           ИРАН АҚШ-ҚА: СОҒЫС ЖАЛЫНЫ СЕНДЕРГЕ ДЕ ТИЕДІ!

Әуелі, БҰҰ Бас ассамблеясында сөз сөйлеген Иран СІМ-і Хоссейн Амир-Абдоллахиян: «Дәл қазір Палестина халқына геноцид жасауды АҚШ-тан басқарып отырған саясатшыларға ашық айтамын! Біз аймақтағы соғысты қолдамаймыз! Бірақ Газадағы геноцид жалғасатын болса, соғыс отының жалыны оларды да жалмайтынын ескертемін!», - деді.

Бұған жауапты АҚШ президенті Байденнің өзі беріп, аятоллаға айбат шекті. «Егер Иран Таяу Шығыстағы соғысқа араласып, АҚШ сарбаздарының біреуіне зиян келер болса, біз аянып қалмаймыз! АҚШ-тың жауабы ауыр болады! Мен мұны аятолла Хаменейге ескерттім! Дайын болсын! АҚШ әскери контингенті Израиль-Палестина қақтығысына бола Таяу Шығысқа барған жоқ. Олар аймақтағы экстремизимге қарсы тойтарыс беру үшін барды!», - деді Байден.

Ал бүгін АҚШ президентінің тікелей бұйрығымен АҚШ ұшақтары Сирия мен Ирак шекарасындағы Әл-Букамал аймағында орналасқан бірнеше нысанға соққы жасағаны белгілі болды. Пентагонның айтуынша, дәл осы аймақтар арқылы қарулы топтар АҚШ-тың Сирия мен Ирактағы әскери базаларына шабуылдап келген.