Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:00, 26 Қараша 2025

ХАМАС мәйіттердің бірін қайтарды

Изриал ХАМАС
Фото: Getty Images

Халықаралық Қызыл Крест комитетінің өкілдері  соғыста қаза тапқандардың бірін Израильге жеткізді.

 Газа аймағында тағы израильдіктің сүйегі болуы мүмкін деген мәлімет бар.

ХАМАС 25 қараша күні орталық Газадан табылған бір израильдік тұтқынның мәйітін қайтарды. Қызыл Крест ұйымы мәйітті ХАМАС тарапынан қабылдап, Израильге жеткізгенін растады.

Сот-медициналық сараптамадан кейін Израиль билігі мәйіттің 2023 жылы 7 қазанда ұсталып әкетілген Дрор Ор екендігін хабарлады.

Газада әлі де екі адамның сүйегі бар екені айтылып отыр. Оның бірі 24 жастағы израильдік Ран Гвили болса, екіншісі 43 жастағы Таиланд азаматы Судтхисак Ринтхалак.

The New York Times басылымының жазуынша, бұл оқиға ХАМАС пен Израильдің Газа бойынша бітімге келудегі ең даулы тармақтардың бірін шешуге тағы бір қадам жақындатқан.

ХАМАС пен Израильге АҚШ қолдау көрсеткен бітім жөніндегі келісімге екі тарап 10 қазан күні келген болатын. Бұл келісім Газа секторында екі жылдан аса жалғасқан соғысты тоқтатты.

Бітімнің бір бөлігі ретінде ХАМАС 20 тірі израильдік тұтқынды босатуға келісті. Олардың орнына Израиль түрмелерінен шамамен 2 000 палестиналық тұтқын мен қамауға алынғандар босатылған.

Сонымен қатар, ХАМАС Газада қалған 28 израильдік және шетелдік азаматтың сүйегін қайтаруға келісім берген. Тірі тұтқындар тез арада берілгенімен, мәйіттер бірнеше апта бойы кезең-кезеңімен қайтарылып келеді.

Айыптаулар және шиеленістің жалғасуы

Израиль басшылығы, соның ішінде премьер-министр Биньямин Нетаньяху, ХАМАС-ты тұтқын мен мәйіт алмасу үдерісін әдейі созып жатыр деп айыптаған. Бірақ ХАМАС бұл айыптауларды жоққа шығарып, Израильдің екі жылға созылған қарқынды бомбалауынан кейін қираған ғимараттар астынан мәйіттерді іздеу өте қиын екенін алға тартады.

Бітімге қарамастан екі тарап бір-бірін келісім шарттарын бұзып жатыр деп айыптауда. Израиль әскері қарулы топтар өз күштеріне оқ атқанын айтып, сектор бойынша әуе соққыларын жалғастырған.

Газа денсаулық сақтау ведомствосының мәліметінше, бітім жарияланғаннан бері Израиль шабуылдарынан 300-ден астам палестиналық қаза тапқан.