Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:14

ХАМАС Палестина мемлекеті құрылғанша қаруын тастамайтынын мәлімдеді

Изриал ХАМАС
Фото: Getty Images

ХАМАС қозғалысы Құдыс (Иерусалим) астанасы болатын толыққанды, тәуелсіз Палестина мемлекеті құрылғанға дейін қарулы күресті тоқтатпайтынын мәлімдеді.

Ұйым таратқан мәлімдемеде:

 «Қарулы қарсылық тек біздің ұлттық құқықтарымыз толық қалпына келтірілгенде, ең алдымен, астанасы Құдыс болатын егемен, тәуелсіз Палестина мемлекеті құрылғанда ғана тоқтайды», – делінген.

Бұл мәлімдеме АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткоффтың сөзіне жауап ретінде жасалды. Бұған дейін Уиткофф ХАМАС-тың қаруын тастауға дайын екенін айтқан болатын. Алайда ХАМАС бұл сөзді жоққа шығарып, Вашингтон өкілінің сөзіне сенуге болмайтынын ескертті.

Сонымен қатар, ХАМАС Уиткоффтың Газа секторындағы гуманитарлық көмек тарату орталығына сапарын сынға алып, оны «қоғамдық пікірді алдарқатуға бағытталған алдын ала қойылған спектакль» деп атады. Ұйым АҚШ-ты Израиль армиясын анклав аумағынан шығарып, атысты тоқтатуға және Газадағы қоршауды жоюға ықпал етуге шақырды.

Өз кезегінде Уиткофф мәселелердің шешімін табу үшін Газа секторындағы соғысты толық тоқтату қазіргі таңда басты саяси міндет екенін атап өтті. Алайда, оның айтуынша, ХАМАС-пен кепілге алынғандар бойынша жүргізіліп жатқан келіссөздерде айтарлықтай ілгерілеу жоқ.

 «ХАМАС өз сөзінде тұрмайды. Келіссөздер нәтиже бермеді» – деді АҚШ президентінің арнайы өкілі.

Айта кетейік,  2023 жылдан бері жалғасып келе жатқан Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығыстар салдарынан мыңдаған бейбіт тұрғын зардап шекті. Гуманитарлық дағдарыс ушыққан тұста тараптар арасында атысты тоқтату туралы келіссөздер бірнеше рет сәтсіз аяқталды.