ХАМАС соғысты тоқтататын нақты келісім талап етуде, ал Израиль Газадан тұрғындарды көшіру жоспарын талқылап жатыр

2024 жылдың қазан айынан бері жалғасып келе жатқан Израиль мен ХАМАС арасындағы қанды соғысты тоқтату мақсатында тараптар арасындағы келіссөздер күрделі кезеңге аяқ басты.
ХАМАС ресми өкілі Абу Убайда 18 шілде күні Израильдің тұтқындарды босату бойынша ұсынылған бітімді қабылдамай қойғанын мәлімдеп, егер нақты бейбіт келісім жасалмаса, қозғалыс ұзаққа созылатын соғысқа дайын екенін айтты.
ХАМАС кейінгі апталарда барлық тұтқындарды бірден босатуға бағытталған «келісім» ұсынғанын, алайда бұл бастама Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен оның ультраоңшыл серіктестері тарапынан қабылданбағанын алға тартты. Reuters деректеріне сүйенсек, екі тарап та соғысты тоқтату жолында басты шарттарда келісе алмай отыр: Израиль әскери шегініс картасы, гуманитарлық көмек жеткізу жүйесі мен соғысты ресми түрде аяқтайтын халықаралық кепілдік туралы ортақ пікірге келмеген.
ХАМАС үшін кез келген бітім – соғысты тоқтататын, ұзақмерзімді келісім болуы тиіс. Ал Нетаньяху соғыстың тек ХАМАС толық қарусыздандырылып, оның басшылары Газадан шығарылғаннан кейін ғана аяқталатынын айтып отыр.
Израиль — Газалықтарды көшіру жоспарын талқылап жатыр
Бұған қоса, Axios басылымының жазуынша, Израиль Моссад жетекшісі Давид Барнеа осы аптада Вашингтонға барып, АҚШ-тан Газада қалған жүз мыңдаған палестиналықты үшінші елдерге көшіруге көмектесуді сұраған. Жоспар бойынша, Эфиопия, Индонезия және Ливия сияқты елдер босқындарды қабылдауға «ашық» деген мәлімет бар. Израиль мұны «ерікті көшіру» деп атағанымен, халықаралық сарапшылар бұл әрекетті әскери қылмыс ретінде бағалап отыр.
Моссад басшысы америкалық Таяу Шығыс бойынша арнайы өкілі Стив Уиткоффпен кездесіп, АҚШ-тың осы жоспарды жүзеге асыруда белсенді рөл атқаруын сұраған. АҚШ бұл бастамаға нақты қолдау білдірмегенімен, жақын арада шешім қабылдауы мүмкін.
Трамп – кепілдік беруге тырысып отыр
АҚШ президенті Дональд Трамп 18 шілдеде Ақ үйдегі кешкі отырыс кезінде тағы 10 тұтқынның жуық арада босатылатынын мәлімдеді. Ол өз сөзінде Израиль мен ХАМАС арасындағы 60 күндік уақытша бітім туралы келісімнің «жақын» екенін айтып, үміт білдірді. Алайда нақты нәтиже әлі күнге дейін жарияланған жоқ.
Қазіргі таңда Қатар мен Мысыр арағайындығымен Дохада 60 күндік бітім жөніндегі келіссөздер жалғасып жатыр. ХАМАС 50-ге жуық тұтқынды ұстап отыр, олардың шамамен 20-сы тірі делінеді. Израиль болса, әлі күнге дейін қоршаудағы Газа секторына толық көлемде гуманитарлық көмек кіргізуге мүмкіндік бермеген.
Құрбандар саны артып келеді
Газа Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы мәліметінше, 2023 жылдың қазанынан бері басталған соғыстан 58 667 палестиналық қаза тауып, 139 974 адам жарақат алған. Израиль халықаралық қауымдастықтың қысымына қарамастан, Рафахтағы қиранды аумақта жаңа лагерь құрмақ ниетінен бас тартпай отыр.