ХАМАС соңғы израильдік тұтқындарды босата бастады

Палестиналық ХАМАС қозғалысы Израильдің соңғы тұтқындарын Қызыл Крест халықаралық комитетіне табыс ете бастады.
Босатылғандарды Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) медициналық тексеру үшін ауруханаларға жеткізеді. Кейбірі екі жылға жуық тұтқында болғандықтан, денсаулығы ауыр жағдайда.
Екі жылдан кейінгі бостандық
13 қазан күні таңертең ХАМАС жауынгерлері Қызыл крест өкілдеріне жеті израильдік тұтқынды тапсырды. Олар 737 күн тұтқында болған. Олардың үшеуінің қос азаматтығы бар — Германия және Израиль.
Босату процесі Газа секторындағы Нецарим дәлізінде өтті. Келесі босату кезеңі үш сағаттан кейін Хан-Юнис қаласында өтеді деп жоспарланған.
Қызыл крест өкілдері тұтқындармен кездескен соң, олардың кейбірі ауыр халде екенін растады. Израиль билігі босатылғандарды Реим әскери базасына жеткізіп, сол жерде медициналық тексеруден өткізіп, кейін отбасыларымен кездестіруді жоспарлап отыр.
Келісімге сәйкес, тұтқында қаза тапқандардың мәйіттері тірі қалғандар босатылғаннан кейін 72 сағат ішінде қайтарылуы тиіс.
Трамп азат ету рәсіміне қатысты
Тұтқындарды босату рәсіміне АҚШ президенті Дональд Трамп жеке қатысып, кейін Мысырдағы бейбіт келісімге қол қою рәсіміне бармақ.
Associated Press хабарлауынша, тұтқындарды босату мен атысты тоқтату – Трамп әзірлеген бейбіт жоспардың алғашқы кезеңі.
Алайда алдағы қадамдар бойынша Израиль мен ХАМАС арасында келіспеушіліктер бар:
-
Израиль ХАМАС-тың толық қарусыздануын талап етеді;
-
Ал ХАМАС Израиль әскерінің Газа секторынан толық шығуын қалайды.
Бүгінде Газа билігінің кімнің қолында болатыны белгісіз.
Гуманитарлық көмек пен жаңа келісім
Бірқатар халықаралық гуманитарлық ұйымдар көмек көлемін арттыруға дайын екенін мәлімдеді. 13 қазанда Египеттен шамамен 400 жүк көлігі азық-түлік пен гуманитарлық жүктің Газаға өтуін күтіп отыр.
Осы күні Мысыр СІМ «бейбіт саммит» өткізетінін хабарлады. Шарм-эш-Шейх қаласында өтетін бұл жиында «Газа соғысының аяқталуы туралы келісімге» қол қойылмақ.
ХАМАС өкілдері бұл рәсімге қатыспайды – келісімге тек Израиль, АҚШ және делдал елдер қол қояды. Саммиттің теңтөрағалары — Дональд Трамп пен Мысыр президенті Абдель Фаттах ас-Сиси. Оған шамамен 20 елдің басшылары, соның ішінде Ұлыбритания премьері Кир Стармер мен Германия канцлері Фридрих Мерц қатысады.
Келісімнің шарттары
Атысты тоқтату режимі 10 қазан күні түсте күшіне енді.
Келісім бойынша:
-
Израиль барлық израильдік тұтқындарға айырбас ретінде шамамен 250 палестиналық өмір бойы сотталған тұтқынды, сондай-ақ 1700-ге жуық басқа да түрмедегілерді босатады;
-
ЦАХАЛ әскерлері Газа аумағынан белгіленген шепке шегінеді;
-
Секторға гуманитарлық көмекті еркін жеткізуге мүмкіндік беріледі.
Айта кетейік, 2023 жылдың 7 қазанында ХАМАС Израильге шабуыл жасап, ел тарихындағы ең қанды терактілердің бірін ұйымдастырған. Сол күні содырлар шамамен 1200 адамды өлтіріп, 250 адамды тұтқындаған.
Жауап ретінде Израиль ХАМАС-пен соғыс жариялап, екі жылға созылған қанды операция бастады. Газа секторында 67 мыңнан астам палестиналық қаза тауып, 169 мыңнан астамы жараланған, деп хабарлайды ХАМАС бақылауындағы Денсаулық сақтау министрлігі.
Трамптың бейбіт жоспары
Қыркүйек айының соңында Трамп Вашингтонда Израиль премьері Биньямин Нетаньяхумен кездесу барысында өз бейбіт жоспарын ұсынған. Нетаньяху құжатты қолдаған, ал ХАМАС қазан айының басында жекелеген тармақтарымен келісетінін мәлімдеген.
6 қазанда Мысырда Израиль мен ХАМАС арасында делдалдар арқылы алғашқы келіссөздер өткен болатын.