ХАМАС тағы үш кепілге алынған адамның мәйітін Израильге қайтарды
Израиль билігіне Қызыл Крест ұйымының делдалдығымен ХАМАС ұстап отырған үш адамның мәйіті қайтарылды.
Бұл туралы 2 қараша күні кешке премьер-министр Биньямин Нетаньяху кеңсесі хабарлады.
«Қызыл Крест арқылы үш адамның сүйегі Израиль Қорғаныс армиясына (ЦАХАЛ) және Жалпы қауіпсіздік қызметіне (ШАБАК) тапсырылды», - делінген ресми мәлімдемеде.
Израиль Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, мәйіттер Ұлттық сот-медицина орталығына жеткізілген. Онда олардың жеке басы анықталып, өлім себептері сараптамадан өтеді. Кейін мамандар қаза тапқандардың туыстарымен кездеседі деп хабарлады AFP.
Мәйіттер туннель маңынан табылған
ХАМАС-тың қарулы күштерінің хабарлауынша, үш адамның мәйіті 2 қараша күні таңертең Газаның оңтүстігіндегі жерасты туннельдерінің бірі маңынан табылған. AFP-нің мәліметінше, олардың үшеуі де Израиль армиясының сарбаздары болуы мүмкін.
Бүгінге дейін кепілдікте болған 28 адамның ішінен 17-сінің мәйіті қайтарылған. Олардың ішінде 15-і израильдік, біреуі — Тайланд, тағы бірі — Непал азаматы.
Айта кетейік, 2023 жылдың 7 қазанында ХАМАС жасағы Израиль аумағына басып кіріп, шамамен 1200 адамды өлтірген және 250 адамды кепілге алған еді. Кейін олардың бір бөлігі алмасу арқылы босатылды, бірақ кейбіреулері Газада қаза тапқан.
Израиль бұған жауап ретінде ХАМАС-қа соғыс жариялады. Құрлықтағы операциялар мен әуеден жасалған соққылар нәтижесінде 68 мыңнан астам палестиналық қаза тауып, 170 мыңнан аса адам жараланған.
Соғысты тоқтату және қазіргі жағдай
13 қазанда Шарм-эш-Шейхта өткен халықаралық бейбітшілік саммитінде Газада оқ атуды тоқтату туралы декларация қабылданған. Соның аясында ЦАХАЛ әскерін қақтығыс аймағының жартысына жуығынан шығарып, Израиль шамамен 2 мың палестиналық тұтқынды босатқан.
ХАМАС өз кезегінде тірі кепілге алынғандарды қайтарғанымен, қаза болғандардың кейбірінің мәйіттерін әлі де ұстап отыр.
ХАМАС шарттарды орындаған жоқ
Оқ атпау келісімінің шарттарына сәйкес, ЕО мен АҚШ-та террористік ұйым деп танылған ХАМАС қару тапсырып, Газадағы биліктен кетуі тиіс болатын. Алайда бұл талап орындалған жоқ.
Кейінгі апталарда халықаралық БАҚ ХАМАС жауынгерлерінің қаруларын өткізуден бас тартқаны, сондай-ақ саяси қарсыластарын сотсыз жазалағаны туралы хабарлар таратты.