ХАМАС Трамптың қоқан-лоққысына қарамастан кепілге алынғандарды босатпады

ХАМАС өкілінің айтуынша, «израильдік кепілге алынғандарды босатудың ең жақсы жолы – атысты тоқтату келісімінің екінші кезеңі бойынша келіссөздер жүргізу».
Палестиналық ХАМАС тобы АҚШ президенті Дональд Трамптың кепілге алынған барлық израильдіктерді дереу босату туралы «түпкілікті» қоқан-лоққысын қабылдамады. Бұл туралы Fox News хабарлады.
Атап айтқанда, ХАМАС өкілі Абдуллатиф әл-Қануаның айтуынша, "қалған израильдіктерді босатудың ең жақсы жолы - атысты тоқтату келісімінің екінші кезеңі бойынша келіссөздер жүргізу".
Белгілі болғандай, 42 күнге созылған атысты тоқтатудың бірінші кезеңі 2 наурызда аяқталды. Екінші кезең наурыз айының басында басталуы керек еді, бірақ әзірге шектеулі дайындық келіссөздері ғана жүргізілді.
Бұған дейін Вашингтонда бостандыққа шыққан израильдік тұтқындармен кездескеннен кейін Трамп ХАМАС-қа қарата сөйлеп, оларға «соңғы ескерту» жасап жатқанын айтқан.
Fox News хабарлағандай, ХАМАС 2023 жылдың 7 қазанында тұтқынға алынған 24 адамды кепілде ұстап отыр. Сондай-ақ мұнда бірінші шабуылда қаза тапқан 34 адамның және 2014 жылғы соғыста қаза тапқан сарбаздың мәйіті сақталған.