Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:50, 17 Қазан 2023

ХАМАС тұтқынында Қазақстан азаматы бар ма?

ХАМАС
Фото: из открытых источников

Таяу шығыста 7 қазанның таңында басталған ХАМАС ұйымы мен Израиль арасындағы соғыс ушығып тұр 

Қос тарапты мәмілеге шақырғандардың әрекеті әзірге ешқандай нәтиже бермей тұр. ХАМАС алғашқы шабуылының өзінде-ақ жүздеген адамды өлтіріп, жүзден аса тұрғынды тұтқынға алған. Қазір ХАМАС шамамен 200 адамды кепілде ұстап отырған көрінеді.

Олар бұл тұтқындарды соғысты тоқтату немесе өздерінің кейбір талабын орындату мақсатында ұстап отырған болуы мүмкін. Бірақ олардың қаншасы тірі, қаншасы көз жұмғаны әзірге белгісіз. Содырлар Шани Лук есімді Германия азаматына қандай жауыздық жасағанын әлем көрді, олар өзге тұтқындардың да маңдайынан сыйпай қоймас деген қауіп бар.

15 қазанда Израиль сыртқы істер министрлігі 7 қазандағы шабуылда қаза болған шетелдіктер туралы мәліметті жаңартты. Олар таратқан дерекке сүйенсек, ХАМАС 148 шетел азаматын өлтірген. Тізімде Қазақстанның бір азаматы «жоғалғандар» қатарында тұр. Бірақ ҚР сыртқы істер министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров «Азаттыққа» берген сұхбатында: «Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Израиль билігі сол таблицада жіберген қателіктері үшін кешірім сұрады», – деп мәлімдеді.

Израиль билігі жариялаған дерек бойынша, шабуыл кезінде 43 елдің азаматы жоғалған немесе қаза болған. Тізімде Қазақстаннан бөлек Ресей, Түркия, Қытай, Өзбекстан және т.б елдер бар. Ресей Израильде өздерінің 16 азаматы қаза тауып, сегізі хабар-ошарсыз кеткенін растады. Қытай билігі де 4 адам оққа ұшып, екі адам хабарсыз кеткенін мәлімдеді. Ал біздің үкімет Израиль тарапы таратқан ақпаратты жоққа шығарып отыр. Біз Израильдің емес, Қазақстанның сыртқы істер министрлігі берген мәлімет рас деп үміттенеміз.

ҚР СІМ өкілі Израильде 400-ден аса қазақстандық болуы мүмкін екенін айтады. 11 қазанда Тель-Авивтен Алматыға 166 жолаушы жеткізілді. Оның 124-і Қазақстан азаматы. Ел билігі қақтығыс аумағына енді ұшақ жібермейді. «Қазақстаннан Израильге қосымша рейс жіберу жоспарда жоқ» деп мәлімдеді көлік министрі Марат Қарабаев. Министр елге қайтқысы келген тұрғындар осыған дейін жіберілген ұшақпен оралғанын айтып отыр. Ол алғашқы ұшаққа мінбегендер Қазақстанға қайтқысы келмейді деп санайтын сияқты. Бірақ БАҚ-та Израильден кеткісі келсе де, қайтарға билет таппай жүрген қазақстандықтардың жазбасы тарап жатыр. Үкімет оларға назар аудара ма, жоқ па, белгісіз.

Аумақта қақтығыс әлі жалғасып жатыр. Әлем елдерінің бір тобы Израильді жақтаса, тағы бірнешеуі Хамасты қолдап отыр. Мысалы, АҚШ бастаған Батыс жұрты Израильге, ал Иран, Судан сияқты елдер діндестеріне тілеулес екенін мәлімдеді. Тіпті Иран билігі «Газа секторын атқылау тоқтамаса, соғысқа араласатынын» жариялады. Онсыз да маздап тұрған соғыс отын Тегеран келіп үрлесе, жағдай қиындауы мүмкін. Иран мұндай әрекетке барса, Израиль жақтастары қарап қалмайтыны анық.

Ең жаңа ақпарат бойынша, ХАМАС шабуылы салдарынан Израильде 1300-ден аса адам қаза болған. Ал Израильдің қарымта соққысынан 2200-ден аса Палестина азаматы көз жұмған.

 

                                                                                                                Қуаныш Қаппас