ХАМАС ұйымы жетекшілерінің бірі қаза тапқанын растады
Израиль әскерінің соққысы салдарынан ХАМАС қозғалысының қару-жарақ өндірісіне жауапты жетекшілерінің бірі Раед Саад қаза тапты.
ХАМАС бұл мәліметті 14 желтоқсанда телеарнадағы эфир кезінде ұйымның Газа секторындағы жетекшісі Халил әл-Хайя арқылы растады.
Еуропалық одақ, АҚШ және басқа да көптеген мемлекеттер ХАМАС-ты террористік ұйым ретінде таныған.
Халил әл-Хайя ХАМАС-тың қаруға ие болуын «қозғалыстың заңды құқығы» деп атап, Газа секторындағы бітім жөніндегі кез келген ұсыныс осы факторды ескеруі тиіс екенін айтты.
«Біз бұл құқықты қорғайтын және Палестина мемлекетінің құрылуын қамтамасыз ететін кез келген ұсынысқа ашықпыз», - деді ол.
Сонымен қатар, ХАМАС-ты қарусыздандыру АҚШ президенті Дональд Трамптың Таяу Шығыстағы бейбітшілік жоспарының негізгі шарттарының бірі екені айтылды.
Израиль: Саад 7 қазандағы шабуылдың бастаушылардың бірі
Бұған дейін Израиль Саадтың қазасы туралы мәлімдеп, оны 2023 жылғы 7 қазандағы кең ауқымды шабуылдың ұйымдастырушыларының бірі деп атаған. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен қорғаныс министрі Исраэль Кац «террорист Раед Саадты жою» туралы бұйрық бергені айтылған.
Израиль жағы Саадтың көзін жоюды ХАМАС жасақшылары Израиль армиясы бақылауындағы аумақта жарылғыш құрылғы іске қосып, екі резервист сарбазды жаралаған шабуылға жауап ретінде түсіндірді.
ЦАХАЛ: Саад қару өндіру орталығын басқарған
Израиль Қорғаныс армиясының (ЦАХАЛ) хабарлауынша, Раед Саад ХАМАС-тың қару-жарақ өндірісі үшін жауапты орталығын басқарған және ұйымның әскери мүмкіндіктерін арттыру оның жетекшілігімен жүзеге асқан.
2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС Израильге мыңдаған зымыран атып, қарулы жасақтарын шекарадан енгізген. Бұл шабуыл салдарынан шамамен 1200 адам қаза тапты, ал 250-ге жуық адам кепілге алынған. Кейін кепілдегі азаматтардың бір бөлігі босатылды немесе айырбасталды, кейбірі қаза тапқаны хабарланды.
Израиль осы оқиғадан кейін ХАМАС-қа қарсы соғыс жариялады. Газа секторындағы операциялары мен әуе соққылары салдарынан 70 мыңнан астам палестиналық қаза тауып, 169 мыңнан астам адам жарақат алғаны айтылады.