Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:35, 28 Мамыр 2024

ХАМАС+Израиль=геноцид? Путиннің жұбы – Нетаньяху

ПУТИН НЕТАНЬЯХУ
Фото: Сергей Гунеев/РИА «Новости»

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Ресей президенті Владимир Путиннің аяғын құшуы мүмкін. Оның Газа секторында істеп жатқан әрекетін Гаагадағы «Халықаралық қылмыстық сот» «геноцид» деп тапса, Путин сынды Нетаньяхудың да өрісі тарыла түспек.

20 мамыр күні Гаагадағы «Халықаралық қылмыстық соттың» бас прокуроры, сотта Ұлыбритания атынан қызмет ететін Кәрім Хан Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды, қорғаныс министрі Йоав Галланты және ХАМАС ұйымының жетекшілері Яхия Синвар, Мұхаммед Дейф пен Исмаил Ханиді тұтқындау үшін ордер беруді сұрады. Бас прокурор қызметіне 2021 жылы тағайындалған Кәрім Хан соңғы екі жылда екі мемлекеттің басшысын қылмыскер деп мәлімдеп, өзіне тағы бір дұшпан тауып алды. Былтыр Гаага соты Кәрім Ханның сұрауымен Кремль қожасы Владимир Путинді тұтқындауға ордер шығарғанда Ресей прокурор мен судьялардың өзіне халықаралық іздеу жариялап, қылмыстық іс қозғаған. Израиль құзырлы органдары Нетаньяхуды қорғау үшін Ресейдің ізімен жүріп, халықаралық трибунал мүшелерін қудалауға білек сыбана кірісіп кете қоймас. Бірақ еврей үкіметі сыртқы істер министрлігі деңгейінде арнайы комиссия құрып, әлемдегі беделді, ықпалды саясаткерлердің басын қосып, Гаага прокурорының шешімін терістеуге жұмыс істейтінін хабарлап үлгерді.

Гаага «Халықаралық қылмыстық соты» – геноцид, соғыс қылмысы мен адамзатқа қарсы қылмысты тергейтін орган. Сот «Рим статуты» атты құжаттың негізінде 1998 жылы құрылған. Бірақ ресми түрде жұмысын төрт жылдан соң, 2002 жылы бастады. Өйткені Италия астанасы Рим қаласында қабылданған «Рим статуты» құжаты осы жылы ғана күшіне енген. Статуттың күшіне енуі үшін әлемнің кем дегенде 60 мемлекеті оны парламентінен өткізіп, ратификациялауға тиіс еді. Бұл межеден құжат сол 2002 жылы ғана аттады. Құжатқа 2024 жылға дейін 137 мемлекет қол қойған, бірақ қазірге дейін 124-і ғана ратификациялаған. АҚШ, Қытай, Ресей, Израиль сынды елдерде «Рим статутының» күші жоқ, сондықтан «Халықаралық қылмыстық соттың» шешімін бұл елдер елемей қоюға да құқылы. Ратификацияламағандардың тізімінде Қазақстан да бар. Ал құжатты ратификациялаған елдер оның шарттарын орындауға міндетті. Тұтқындалу қаупіне байланысты Ресей президенті қазір әлемді бұрынғыдай емін-еркін шарлай алмайды. Былтыр жазда осы шешімнің әсерінен Оңтүстік Африкада өткен халықаралық саммитке қатыса алмаған. Қытай мен өзінің ықпалы күшті көршілеріне ғана кіріп-шығып жүр.

Мұнда ескерте кететін бір жайт: «Халықаралық қылмыстық сот» (ХҚС) пен БҰҰ жанындағы «Халықаралық сотты» (ХС) шатыстырмау керек. Екеуінің де мекенжайы Нидерландының Гаага қаласында орналасқан. Бірақ «Халықаралық қылмыстық соттың» заңдық тұрғыда компетенциясы бөлек әрі ол БҰҰ структурасына кірмейді. Екеуінің ең негізгі айырмасы – ХҚС адамзатқа қарсы қылмыстарды тергей отырып жеке тұлғаларды жауапқа тартады. Ал БҰҰ жанындағы ХС ұйымға мүше елдер арасындағы дауларға төрелік етеді. Яғни үкіметаралық мәселелерді шешеді әрі жауапкершілікті бір адамның емес, тұтас үкіметтің мойнына артады.

Гаагадағы «Халықаралық қылмыстық сот» судьялары прокурор Кәрім Ханның сұрағанын қанағаттандыра ма, жоқ па, белгісіз. Судьялар шешімді бірнеше ай, тіпті бірнеше жылға созып жіберуге де хақылы. Судьялар былтыр Путин мен Ресейдің бала құқығы жөніндегі омбудсмені Мария Львова-Белованы тұтқындау жөнінде ордер берердің алдында Кәрім Хан Украинаға неше қайтара барып, украин балаларының ата-аналарынан күштеп ажыратылатыны туралы жүздеген шағымды ет құлағымен естіп, зар илеген жұртты көзімен көріп қайтқан. Израиль премьері мен қорғаныс министріне және ХАМАС ұйымының басындағы үш адамға ордер сұрардан бұрын да ол Газаға барған. Алдымен ХАМАС содырлары былтыр 7 қазанда Израиль шекарасын бұзып кірген аумақты аралаған. Кейін Газа ішіне еніп, аш-жалаңаш отырған халықпен кездескен. Анығы – әлемдік деңгейдегі органның прокуроры қандай да бір дәлелге сүйенбей сөйлемейді.

Жер жаһанның ақпарат құралдары іліп әкеткен Кәрім Ханның мәлімдемесі жерде қалмады. АҚШ президентінен бастап ХАМАС террористеріне дейін реакция танытып, кейбірі ашу шақырып, кейбірі миығынан күліп, түрлі талқы ұйымдастырды. Алдымен Израиль премьер-министрінің өзі жауап берді. Биньямин Нетаньяху: «Бұл бізді, мені де тоқтата алмайды. Израиль премьер-министрі ретінде айтамын, Гаага прокурорының демократиялы Израиль мен қанішер ХАМАС-ты қатар қойғанына қарсымын. Батыстағы антисемитизмнің жаңа түрі университеттерден Гаагадағы халықаралық сотқа ауысты» деп ашу шақырды. Оның «университеттер» дегені өткен айда АҚШ-тың беделді оқу орындарында Газадағы жағдайды геноцид деп атап, соғысты жылдам тоқтатуға шақырып, бірнеше аптаға созылған наразылық акцияларды меңзегені.

Гаага прокуроры Израильдің қорғаныс министрі Йоав Галлантты да Газада қолдан аштық ұйымдастыру, дәрі-дәрмектің жеткізілуіне кедергі келтіру, жазықсыз жандарды, соның ішінде балаларды өлтіру сынды жалпы жиыны 7 бап бойынша айыптаған. Галлант өз мәлімдемесінде прокурордың айыбын жоққа шығарды. Ол «ЦАХАЛ (Израиль армиясы) халықаралық ережелерге, адам құқығы нормаларына сай соғысып жатыр. Мен сарбаздарымыз бен командирлеріміздің адамгершілігімен мақтанам» деп жауап қатты.

Таяу Шығыстағы жанжалда өмір бойы Израильді қолдап-қолпаштап келе жатқан АҚШ бұл жолы да серіктесін жалғыз қалдырмады. Кемі 35 мың адам мерт болған, түрлі деңгейде жарақат алғаны одан екі-үш есе жоғары соғысты Ақ үй геноцид деп есептемейтінін тағы қайталады. Президент Джо Байденнің сөзінше, прокурор Кәрім Ханның әрекеті – «шектен шығу». Ол 20 мамыр күні сөзінде «ХҚС прокурорының Израиль жетекшілерін тұтқындауға ордер сұрауы шектен шыққандық. Прокурор нені меңзесе де сіздерге ашып айтайын: Израиль мен ХАМАС тең емес. Біз әрқашан Израиль жағындамыз әрі оның қауіпсіздігін қорғаймыз. Газадағы жағдай геноцид емес» деп бағалады. АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен де ХАМАС пен Израильді бір қатарға қоймау керегін айта келе прокурордың мәлімдемесін «масқара» деп атады. АҚШ конгресі төменгі палатасының спикері Майк Джонсон «Израиль үкіметінің жетекшілерін ХҚС прокурорының құзырына берсек келесі кезек бізге де келуі мүмкін» деп қауіптенеді. Өйткені АҚШ былтыр қазанда басталған соғыстың алғашқы күнінен-ақ Израильге қару-жарақ, оқ-дәрі жіберіп, көмектесіп отыр. Құдайшылығын айту керек, әлемде Газа халқына араша сұраған демонстрациялар, мәлімдемелер жиілеген соң АҚШ аш отырған халыққа гуманитарлық көмекті де көптеп бере бастады. Ешбір ел бұл жағынан да оның алдына түсе алмай келеді.

Қызығы, «Израиль мен ХАМАС ұйымы тең емес» дейтін ұғымға хамастықтар да қосылады. АҚШ пен Еуропаның көптеген елінде террористік ұйым деп саналатын ХАМАС «ХҚС прокурорының агрессор мен жәбірленушіні бірдей етіп көрсетуіне және Палестинаның қарсылық күштері жетекшілерін тұтқындауға ордер сұраған заңсыз айыптауына қарсымын» деп қысқа ғана жауап қайтарды. Газа аймағын 2007 жылдан бері бақылап келе жатқан ұйым өздерін Палестинаның еркіндігі үшін күресуші қозғалыс ретінде көрсеткісі келеді. Алайда Палестинаның халықаралық қауымдастық мойындаған үкіметі ХАМАС ұйымын өздерінің заңды мүшесі деп санамайды.

АҚШ пен Израильдің Еуропадағы одақтастарының ұстанымы ала-құла. ХҚС прокурорының мәлімдемесін Ұлыбритания бірден айыптады. Германия мен Италия сыртқы істер министрліктері де Израиль үкіметінің ісі ХАМАС террористерінің әрекетінен айырмасы алшақ екеніне назар аударған. Алайда Франция мен Испания, керісінше, Гаага сотының тәуелсіздігі мен заңсыздыққа қарсы күресін құптайтындарын ашық жариялады. Тіпті 22 мамыр күні Испания, Норвегия, Ирландия үшеуі Палестинаның тәуелсіздігін ресми түрде мойындады. Ол құжат 28 мамырдан бастап күшіне енеді. Бұл да Израильдің Газадағы соғысқа жаһанның, әсіресе батыс қоғамының біржақты қарамайтынына анық дәлел. Палестина тәуелсіздігін БҰҰ құрамына кіретін 193 мемлекеттің 143-і мойындаған. Мойындағандар қатарында Қытай, Ресей, Қазақстан бар. Мойындамағандар тізімінің басында АҚШ, Германия, Ұлыбритания мен Израильдің өзі тұр. Испания, Норвегия мен Ирландия әрекетін Биньямин Нетаньяху «терроризмге көрсетілген айрықша құрмет» деп кекетті. Оның айтуынша, «қазіргі Палестина бетін бүркеген ХАМАС, өйткені былтыр 7 қазан күнгі ХАМАС ұйымының шабуылын Палестина халқының 80 пайызы қолдайды».

Жоғарыда біз атап өткен БҰҰ жанындағы «Халықаралық сот» та 24 мамыр күні Израильге қарсы шешім шығарды. Нақтырақ айтқанда, ХС Израиль үкіметін Газадағы кемі бір миллион тұрғыны бар Рафах қаласына шабуылды тоқтатып, әскерді әкетуге, Рафахқа Египет жақтан келетін гуманитарлық көмекке кедергі келтірмеуге, Газа аумағына халықаралық тергеушілер мен зерттеушілерді кіргізуге міндеттеді. Шағымды Палестина емес, Оңтүстік Африка республикасы түсірген. ОАР Израиль әскери операциясының бейбіт тұрғындарға ауыр тиіп жатқанын, геноцидке айналғанын мәлімдеп, арызданған. Сөзіміздің басында да айттық, БҰҰ жанындағы «Халықаралық сот» мемлекеттер арасындағы дауларды реттеуге тырысады. Бірақ оның өздері шығарған шешімді күшпен орындата аларлықтай қауқары жоқ. 2022 жылы ХС Ресейдің Украинаға ашқан соғысын да айыптап, тез арада оны тоқтатуға үкім еткен. Бірақ Мәскеу олардың шешімін елеген де жоқ. Израиль де сөйтті. Сот мәлімдемесі ашық жариялана сала ертеңінде Рафах қаласын бомбалады. Израиль билігі Газадағы халыққа геноцид жасау жоспары жоғын, бірақ террористердің қарапайым тұрғындар арасына сіңіп кеткенін, оларды өзара ажыратудың оңай емесін алға тартып, әскери операция ұзаққа созылуы мүмкін екенін айтып келеді. Соғыспен қатар екі тарап бірнеше мәрте келіссөз жүргізіп көруге де талпынды. Соның нәтижесінде ХАМАС біраз тұтқынды босатты, Израиль Газаға гуманитарлық көмектің кіруіне жол ашты. Кейін келіссөздер түрлі себеппен жалғаспай қалды да, ахуал қайта күрделенді.

Ұзақ жылдан бері ит пен мысықтай боп келе жатқан Израиль-Палестина жанжалы былтыр тіпті ушыққан. Ушықтырған ХАМАС радикал тобы. Олар ресми Палестина үкіметіне бағынбайды. Газа аймағын 2007 жылдан бері Палестинадан оқшаулап, өз билігін орнатып алған. Содан бері Газа секторын толық бақылауда ұстап отырған ХАМАС радикал тобы (Қазақстанда ресми террористік ұйым емес) Израиль шекарасын бұзып кіріп, 1200 адамды өлтіріп, 300-ге тарта азаматты кепілге алып кеткен. Бұған қарсы жауап ретінде Израиль үлкен соғыс ашты. Бүгінге дейін Газада кемі 35 мың адам қаза тапқан. Оның жартысынан көбі бала мен әйел. Бастапқыда ХАМАС тобының шабуылын жантүршігерлік қылмыс деп қабылдап, еврейлерге жаны ашыған қоғам көп өтпей Израильдің Газадағы екі миллионнан аса адамды баспанасынан айырып, халықтың тоз-тозын шығарған операциясынан жиіркеніп кетті.

Айгүл Баба