Хаменеи Ирандағы наразылықтарда мыңдаған адам қаза тапқанын алғаш рет ашық мойындады
Иранның жоғарғы рухани көсемі Әли Хаменеи сенбі күні жасаған мәлімдемесінде елде жақында өткен наразылық акциялары кезінде мыңдаған адамның қаза тапқанын алғаш рет ашық мойындады.
Сонымен бірге ол бұл оқиғалар үшін АҚШ-ты айыптады. Бұл уралы ВВС Орыс қызметі жазды.
«Израиль мен АҚШ-пен байланысы бар адамдар елге орасан зор зиян келтіріп, бірнеше мың адамды өлтірді», - деді Хаменеи.
Оның айтуынша, наразылық білдірушілер ғимараттарды өртеп, қоғамдық мүлікке зиян келтіріп, тәртіпсіздік туғызған.
Иранның мемлекеттік басылымдары Хаменеи сөзін келтіре отырып,
«Біз АҚШ президентін құрбандар, келтірілген зиян және Иран халқына қарсы жасалған жала үшін қылмыскер деп есептейміз», - деп мәлімдегенін жазды.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп ирандықтарды наразылықты жалғастыруға шақырып, егер Иран билігі демонстранттарды жаппай өлім жазасына кесетін болса, Вашингтонның әскери араласуы мүмкін екенін ескерткен еді.
Қаза тапқандар саны мыңдап саналады
Шетелдегі ирандық құқық қорғаушыларға тиесілі HRANA ақпарат агенттігінің мәліметінше, наразылықтарды қатігездікпен басу салдарынан кемінде 3090 адам қаза тапқан. Ал бірқатар халықаралық құқық қорғау ұйымдары құрбандар саны бұдан да анағұрлым көп болуы мүмкін деп отыр.
Алайда Иранда интернеттің жаппай бұғатталуы оқиғаларға қатысты нақты әрі сенімді ақпарат алуды күрделендіріп отыр.
Наразылықтар 28 желтоқсанда елдегі экономикалық қиындықтарға байланысты басталып, көп ұзамай Иранның жоғарғы басшылығының, соның ішінде Хаменеиінің отставкасын талап еткен кең ауқымды саяси акцияларға ұласқан.
Қару қолданылғаны расталды
Наразылықтарды басу кезінде оқ-дәрі қолданылғаны туралы деректер әлеуметтік желілерде кең тарады. Қауіпсіздік күштерінің демонстранттарға оқ атып жатқан сәттері бейнеленген видеолардың шынайылығы BBC Verify тарапынан расталған.
Соңғы күндері тәртіпсіздіктер туралы хабарлар азайғанымен, интернеттің шектелуіне байланысты ел ішіндегі жағдай анық емес күйінде қалып отыр.
NetBlocks кибермониторинг қызметінің дерегінше, сенбі күні Ирандағы интернет жылдамдығы қалыпты деңгейдің шамамен 2 пайызына ғана жеткен.
Иранның оңтүстік-батысындағы Шираз қаласының тұрғыны BBC-ге берген сұхбатында:
«Қауіпсіздік күштері мотоциклмен көшелерді патрульдеуді жалғастырып жатыр. Дегенмен, жалпы алғанда, жағдай біртіндеп қалыпты арнаға түскендей», - деген.
Хаменеи өз сөзінде Иран ішінде «қылмыскерлерге рақымшылық болмайтынын», ал сырттағы «кінәлілер де жазадан құтыла алмайтынын» атап өтті. Сондай-ақ ол
«АҚШ-тың түпкі мақсаты – Иранды жұтып қою» деп мәлімдеді.
Әзірге Дональд Трамп бұл айыптауларға ресми жауап берген жоқ.
Сонымен қатар, сенбі күні АҚШ Мемлекеттік департаменті Иранның Америка әскери базаларына соққы жасауға дайындалып жатқаны туралы ақпарат барын мәлімдеді. Ведомство мұндай жағдай орын алса, Иранға жауап берілетінін ескертіп, Тегеранға «президент Трамппен ойнамауды» ұсынған.