Хаменеидің ақыры. Соғыс әлемді қалай өзгертеді?
Өткен сенбіде АҚШ пен Израиль Иранға қарсы бірлескен аса ірі әскери операция бастады. Шабуылдаушы тарап негізінен Иранның ядролық және әскери нысандарын көздегенін мәлімдеді.
Нәтижесінде, Иранның жоғарғы рухани көсемі, 86 жастағы Аятолла Әли Хаменеи көз жұмды. Бұл ақпаратты сол күні Иранның мемлекеттік органдары растады. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Тегерандағы Хаменеи резиденциясы толық қиратылғанын мәлімдеді. Сондай-ақ Хаменеидің жақын туыстары – қызы, күйеубаласы мен немересі – осы соққы кезінде опат болғаны хабарланды. Бір қызығы, Иранда Әли Хаменеиді жоқтаушылар аза тұтып жатқан кезде, енді бір топ қуаныштан бөркін аспанға атты...

Шабуылдан кімдер қаза тапты?
АҚШ-Израиль шабуылы Иранның жоғарғы басшылығының көзін жоюды көздегені анық. Израиль әскери деректеріне сүйенсек, Иран қорғаныс саласының жеті бірдей жоғары лауазымды тұлғасы көз жұмған. Солардың қатарында бірқатар негізгі шенеуніктер бар:
Әли Шамхани – Иранның Жоғары қорғаныс кеңесінің хатшысы, жоғарғы жетекші Хаменеидің қауіпсіздік жөніндегі жақын кеңесшісі.
Абдолрахим Мусави – Иран Қарулы күштері Бас штабының бастығы (бұрынғы әскери қолбасшы).
Азиз Насырзаде – 2024 жылғы сайлаудан кейінгі үкіметте қызмет еткен қорғаныс министрі.
Мұхаммад Пакпур – Ислам революциясы сақшылары корпусының (ИРСК) бас қолбасшысы, Иранның элиталық әскери күшінің жетекшісі.
Иран мемлекеттік ақпарат агенттігі IRNA Әли Хаменеи мен жоғары лауазымды тұлғалардың қаза тапқанын растаған сәтте, Тегеран көшелерінде аза тұту және кек қайтару рәсімі қатар жарияланды. Дегенмен сарапшылар бұл «басшыдан айыру» соққысы Иран режимін біржола тұқырта алмауы мүмкін екенін айтуда. Хаменеи 1989 жылдан бері 37 жыл бойы билік құрып, оның жеке беделі мен билік құрылымындағы орны ерекше болған. Бірақ «бір ғана адамның кетуімен Тегерандағы теократиялық билік аяқ асты құламайды» деген пікір бар. Иранның саяси жүйесі терең тамыр жайған діни көшбасшылар мен Қарулы күштерге сүйенеді, сондықтан режим инерциясы біраз уақыт сақталуы ықтимал.

Иранда режим өзгере ме?
Әли Хаменеидің қазасы Иранда билік құрылымын тығырыққа тіреді. Жексенбі күні Иран президенті Масуд Пезешкиан уақытша Ұжымдық жетекшілік кеңесі құрылғанын хабарлады, оған президенттің өзі, сот жүйесінің басшысы және Қауымдастық кеңесінен бір діни қайраткер енді. Бұл кеңес жаңа жоғарғы басшы сайланғанша ел басқару міндетін атқарады. Бұл үштікке қоса, ұзақ жылдар бойы қауіпсіздік саласын басқарған Әли Лариджани секілді ықпалды тұлғалар да кеңесші рөл атқаруда. Ислам революциялық сақшылар корпусының (ИРСК) бас қолбасшысы Пакпурдың қазасына байланысты оның орынбасары Ахмад Вахиди корпусты уақытша басқаруға алды. Яғни қазіргі жағдайда билік негізгі күш құрылымдары мен консервативті діни элита қолында қала бермек.
Дегенмен Хаменеидің өлімі Иран режимінің болашағына қатысты көптеген сауал туындатты. АҚШ президенті Дональд Трамп бұл сәтті пайдаланып, ирандықтарды «елді қайтарып алуға» шақырып, Иран халқын көтеріліске үндеді. Вашингтон бастапқыда әскери операцияның мақсаттарының бірі ретінде Иран режимін құлату ниетін жасырмады. Тіпті Трамп әкімшілігі Иран оппозициясының шетелдегі жетекшісі, шахтың ұлы Реза Пехлевимен байланыс орнатып, егер теократиялық билік құласа, оны қолдау мүмкіндігін талқылағаны айтылды. Алайда АҚШ-тың барлау қауымдастығы бұл жоспарлардың іске асуына күмәнмен қарайды. Reuters агенттігіне түсініктеме берген үш бірдей америкалық ресми тұлға Ирандағы ішкі оппозицияның әлсіз әрі жікке бөлінгенін, ал 1979 жылдан бері тамырын терең жайған авторитарлық жүйені құлату жақын арада екіталай екенін мәлімдеді.
АҚШ Орталық барлау басқармасының бағалауынша, Хаменеи өлтірілсе де, оның орнын қатаң саясат ұстанатын тұлғалар басуы мүмкін. Мәселен, Ислам революциясы сақшылары корпусынан шыққан қолбасшылар немесе сол секілді қатаң бағыттағы дін басылары бар.
Иранның күштік құрылымдары да мығым. Қаңтар айында елді шарпыған жаппай наразылықтар кезінде ИРСК және полиция тарапынан ешқандай іркіліс немесе бөлінушілік байқалмады. Шын мәнінде, режимді шетсіз-шексіз қолдайтын гвардия мен қауіпсіздік аппараты барда, халық көтерілісінің табысқа жетуі қиын болмақ. Atlantic Council талдамалық орталығының сарапшысы Дэнни Цитринович: «Хаменеи жүйені тек басқарып қана қойған жоқ, ол жүйені өзі қалыптастырды», – деп, оның орнына келетін адам да сол идеология мен құрылымды жалғастыруы ықтимал екенін айтты. Ядролық бағдарлама мен баллистикалық зымырандар бойынша да Иранның ұстанымы өзгермеуі мүмкін деген болжам бар.
Бір сөзбен айтқанда, Хаменеи өлгенімен, Иран режимінің дереу құлауы екіталай деген пікір басым. Режим өзгере ме деген сұраққа сарапшылардың көпшілігі: «Егер халық жаппай көтеріліп, күш құрылымдарының төменгі буыны соларға қосылса ғана түбегейлі өзгеріс болуы мүмкін. Бірақ қазіргі жағдайда ИРСК пен элита билікті ұстап тұруға тырысады», – деп жауап берген.
Вашингтон да осыны түсінген сыңайлы. Трамп әкімшілігі жақын арада Тегеранда толық билік ауысымы болмайтынын аңғартып, Иранның жаңа ықтимал жетекшілерімен байланыс орнатуға дайын екенін ымдады. Ақ үй алғашқы соққыдағы мақсаты Иранның ядролық және әскери қуатын әлсірету, оның аймақтағы шабуыл қабілетін шектеу екенін алға тартты. Түптеп келгенде, АҚШ үшін басты басымдық – Иранның ядролық қаруға қол жеткізуіне жол бермеу және оны келіссөз үстеліне қайтару, ал режимнің ішкі өзгерісі Иран халқының өз еркіне қалмақ.

Қарымта соққының салдары қандай болды?
АҚШ пен Израильдің шабуылына жауап ретінде Иран көрші аймақтарға жаппай соққы беріп, Таяу Шығыстағы соғыстың ауқымын кеңейте түсті. Сенбі күні Иран әскері Парсы шығанағындағы АҚШ әскери нысандары орналасқан елдерді нысанаға алды. Атап айтқанда, Біріккен Араб Әмірліктеріне (БАӘ) қарай 137 зымыран және 209 дрон жіберіліп, нәтижесінде Дубай мен Абу-Дабидегі бірқатар нысандар бүлінді, бұл шабуылдардан кемінде үш адам қаза тауып, бірнешеуі жараланды. Әбу-Даби әуежайына түскен зымыран бір адамды мерт қылып, жеті кісіні жаралағаны айтылды, ал Дубай халықаралық әуежайы біршама уақытқа жабылды. Дубайдың Жебел-Әли портында және атақты Palm Jumeirah ауданы маңында өрт шықты. Сол күні Иран Катар еліне де 65 зымыран мен 12 дрон жіберді, олардың басым бөлігі аспанда атып түсірілгенімен, кейбірі нысанаға жетіп, 16 адам жараланған.
Иранның жауап соққылары Парсы шығанағындағы бейтарап делінген мемлекеттерді де шарпыды. Иран билігімен көп жылдан бергі диалог алаңы болған Оманның Дукам портында екі бірдей жарылыс болып, ирандық дрондардың соққысынан бір шетелдік жұмысшы зардап шекті. Бахрейн астанасы Манамада және Катар астанасы Дохада жексенбі күні таң ата бірінен соң бірі бірнеше жарылыс болып, тұрғындар арасында үрей туғызды. Кувейтте де әуе шабуылы дабылдары іске қосылып, үш күн қатарынан Кувейт әуе кеңістігіне ирандық дрондар мен зымырандардың жақындағаны хабарланды. Тіпті Иордания астанасы Амман маңында белгісіз зымырандар байқалып, оларды жергілікті әуе қорғанысы атып түсіргені жайлы ақпарат тарады. Бұл оқиғалардың барлығы Иранның тек Израильмен шектелмей, аймақтағы АҚШ одақтастарына қарсы әрекетке де көшкенін көрсетті. Тегеран ашық мәлімдемесінде Парсы шығанағындағы мемлекеттер «АҚШ-тың әскери базаларын өз аумағында орналастырғаны үшін» соққыға душар болғанын, мұны соғыс аумағының заңды кеңеюі деп санайтынын жеткізді.
Тегеран сондай-ақ Ормуз бұғазын бақылайтынын ескертіп, егер соғыс өрши түссе, бұл стратегиялық бұғазды жабуға дайын екенін аңғартты. Расында, Иран күштері үш бірдей мұнай танкеріне соққы жасап және Кувейт пен Бахрейндегі АҚШ базаларын дрондармен атқылағанын мәлімдеді. Мұндай қадам бүкіл әлемге әсер ететін мұнай тасымалы дағдарысын туындатуы ықтимал еді. Нәтижесінде, жүздеген мұнай танкерлері ашық теңізде қалып, Парсы шығанағынан жүк тасымалы уақытша тұралап қалды. Осы жағдай халықаралық нарықта мұнай бағасының күрт шарықтауына, ал әуе қатынасының бұзылуына әкеп соқты.
Израиль қалай жауап қатты?
Иранның көршілес елдерге жасаған шабуылдары Таяу Шығыстағы кең ауқымды соғыс өртіне май құйды. 2 наурыз күні Израиль тек Иран аумағымен шектелмей, Ливандағы Иран қолдауына сүйенетін «Хезболла» ұйымының нысандарына да соққы бере бастады. Бұған Ливан шииттік «Хезболла» тобының өзі түрткі болды, ұйым жетекшілері Иранның рухани көшбасшысы Хаменеидің өліміне кек қайтару үшін Израильге зымырандармен, дрондармен шабуыл жасағанын мәлімдеді. Осылайша Израиль-Ливан майданы тез лап етіп тұтанды. Израиль әскери-әуе күштері Бейрут қаласының оңтүстігіндегі «Хезболла» бақылауындағы аумақтарға бірнеше толқынмен әуеден соққы беріп, соның салдарынан кемінде 31 адам қаза тапқан. Ливанның Денсаулық сақтау министрлігі хабарлағандай, көз жұмғандардың арасында бейбіт тұрғындар да бар. Осыдан соң Бейруттің шииттер тұратын Оңтүстік ауданынан халық жаппай көше бастады, үйлерін тастап, көлікпен солтүстікке ағылған тұрғындар қала көшелерінде кептеліс жасады.
Израиль тарапы «Хезболла» шабуылдарын «соғысты әдейі өршіту» деп бағалап, Ливан үкіметін ел аумағынан жасалған агрессия үшін жауапты санады. Израиль армиясы Ливанның оңтүстігіндегі шекара маңындағы ондаған ауыл тұрғындарына эвакуация туралы ескерту таратты, өйткені бұдан былай бұл жер қауіпті аймақ деп жарияланды. Ливан басшылығы өз кезегінде ішкі тұрақтылықты сақтау мақсатында шұғыл шараларға кірісті. Мемлекеттік ақпарат құралдарының хабарлауынша, Ливан қауіпсіздік күштеріне израильдік аумаққа зымыран атқылағандарды анықтап, тұтқындау бұйырылды. Ливан премьер-министрі Назиб Микати: «Бізге өзгенің соғысы қажет емес, Ливанды қақтығыс алаңына айналдырмаңдар!», – деп мәлімдеп, «Хезболла» әрекетін сынға алды. Осылайша, Израиль мен Иран арасындағы текетірес Ливан еліне салқынын тигізіп, онсыз да дағдарыстан көз ашпай отырған бұл мемлекет жаңа соғыс қаупіне душар болды.
Израильдің аймақтағы әскери операциялары мұнымен тоқтаған жоқ. Израиль Әскери-әуе күштері Иранның өзіндегі нысандарға да соққы беруді жалғастырды. Жексенбіге қараған түні Израиль ұшақтары Тегеран төбесінде толық әуе үстемдікке қол жеткізгенін мәлімдеп, Иран астанасында барлау, қауіпсіздік және әскери басқару орталықтары жаппай бомбаланды деп хабарлады.
Reuters агенттігі куәгерлердің сөзіне сүйеніп, дүйсенбінің таңында Тегеранның әр түкпірінде жарылыстар естілгенін, сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай, Катардың Доха қалаларында да қатты жарылыстар болғанын жазды. АҚШ әскери құрылымдары Иран аумағындағы көптеген әскери нысандарға соққы жасалғанын мәлімдеді. Ақ үй «арнайы операция мақсатқа толық қол жеткізілгенше жалғасады» дейді. Сондай-ақ Израиль тарапы Иранның әскери инфрақұрылымына елеулі шығын келтірілгенін хабарлады.

Әли Хаменеи кім?
Әли Хосейни Хаменеи 1939 жылғы 19 сәуірде Иранның Мәшһад қаласында дүниеге келген. Ол 1989 жылдан бері Иран Ислам Республикасының Жоғарғы көшбасшысы қызметін атқарды.
Хаменеи – шиит діни ғұламалары дәстүрінен шыққан тұлға. Мәшһад пен Құм қалаларында діни білім алып, Рухолла Хомейнидің идеялық ықпалында қалыптасты. 1960-жылдары шах Мұхаммед Реза Пехлеви режиміне қарсы қозғалысқа қатысып, бірнеше рет қудалауға ұшырады.
1979 жылғы Ислам революциясынан кейін жаңа билік құрылымында алдыңғы қатарға шықты. 1981 жылы 27 маусымда Тегеранда оған қарсы жасалған қастандық салдарынан ауыр жарақат алып, оң қолы сал болып қалды.
1981-1989 жылдары ол Иран президенті қызметін атқарды. 1989 жылы Аятолла Рухолла Хомейни қайтыс болғаннан кейін Сарапшылар ассамблеясы оны Жоғарғы көшбасшы етіп сайлады.
Жоғарғы көшбасшы ретінде ол Иранның ішкі және сыртқы саясатын айқындайтын ең жоғары тұлға саналды. Оның билігі кезеңінде қауіпсіздік құрылымдарының ықпалы күшейіп, исламдық басқару моделі нығая түсті.

Жәнібек КӨПЖАСАР, ирантанушы: Иранның өз ішінде жансыз бары анық
– Хаменеи қазасынан соң Ирандағы жүйенің бір діңгегі құлады. Сондықтан енді Иранға қиын болады. Қазір олар әлі есін жиған жоқ. Кеше Иранның қауіпсіздік кеңесінің бас хатшысы Али Лариджани «біздің қолбасшылар тәуелсіз әрекет етіп жатыр» деді. Себебі Иран режимінде қазір байланыс жоқ. Оның үстіне сенбі күні АҚШ шабуыл жасаған кезде әскербасылар жиналыс өткізіп жатқан. Сондықтан соғысқа жауапты Иранның қорғаныс министрлігі, әскері және ИРСК-тің 40 әскербасысы қаза тапты. Қазір олар кім нені басқаратынын анықтап жатыр. Бір-бірімен байланысы жоқ. Оны өздері де мойындады.
Иран Ислам Республикасы Конституциясының 111-бабына сәйкес, егер елдің Жоғарғы көсемі қайтыс болса, қызметтен кетсе немесе қызметінен шеттетілсе, онда Иранның Сарапшылар кеңесі мүмкіндігінше қысқа мерзім ішінде жаңа көсемді таңдап, тағайындауға міндетті. Жаңа көсем ресми түрде тағайындалғанға дейін ел басшылығының барлық өкілеттігі уақытша түрде төмендегі тұлғалардан тұратын кеңеске өтеді. Олар – қазіргі Иран президенті Масуд Пезешкиан, сот билігінің қазіргі басшысы Ғолам Хоссейн кеше таңдалған діни лауазымды тұлға Аятолла Әлиреза Арафи. Осы үш адам қазір Иранды басқарып отыр. Жоғарғы Рухани Көсем жақын күндері тағайындалады деген болжам бар.
«Ирандағы режимнің құлауы Қазақстанға не береді?» дегенге келсек, бұл – біз үшін үлкен мүмкіндік. Біріншіден, санкция алынады. Қазақстанға әлемдік нарыққа шығатын ең арзан, ең қысқа жол ашылады. Біз өз тауарларымызды, әсіресе бидай, арпа, жүгері, ет, тағы да басқа ауыл шаруашылығы өнімдерін 90 млн халқы бар Иранға ғана емес, 2 млрд халқы бар Пәкістан, Үндістан, Араб елдері мен Африкаға шығара аламыз. Импорттық тауарларды арзан бағаға сатып ала аламыз. Екіншіден, мұнайымызды сыртқа шығаратын балама жол ашылады.
Жалпы, бұл соғыстағы АҚШ пен Израильдің мақсаты – Ирандағы режимді толықтай өзгерту. Трамптың айтуынша, бұл режиммен 47 жыл бойы келіссөз жүргізілді. Алайда оның барлығы нәтижесіз аяқталды. Иран ядролық қару жасауға тырысты. Трамп: «Егер біз әскери операция жүргізіп, олардың ядролық өнім көздерін жоймағанда Иран екі апта ішінде ядролық қару жасайтын еді», – деді.
Биыл да қаңтар-ақпан айларында келіссөз жүргізді. Сол жерде Иран «біз жеңілдік» деп мойындауы керек еді. Алайда Иран оған келіспеді. Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи: «Женевадағы келіссөзде Иран ядролық отынды байытуды нөл пайызға түсіруге келісті. Ары қарай мамандар Ирандағы байытылған отынды не істейтінін талқылау керек еді», – деген. Бірақ Трамп оған жеткізбеді. Сенбі күні соғысты бастап жіберді. Меніңше, енді соғысты аяғына дейін апарады. Бірақ соғыстың қашан аяқталатыны белгісіз.
«Иран ішінде тыңшы бар ма?» дегенге келетін болсақ, бұл шындыққа жақын әңгіме. Себебі қанша уақыт бункерде жатқан Хоменеи сенбі күні неге резиденциясына шықты? Оған тағы бір себеп Аракчидің сөзі болуы да мүмкін. Келіссөзде екі ел қол алысып, келісіп кетті. Сондықтан қысым азайып, келіссөздер жалғасады деп сенген Хаменеи сыртқа шыққан болуы мүмкін. Сондай мезетте «рухани көшбасшы шықты, мұндай мүмкіндік енді болмайды» деп барлау қызметтері айтқан шығар. Сондықтан келіссөздерге қарамай соғыс басталды.
Бұдан бөлек, «Әли Лариджани де тыңшы болуы мүмкін» деген сыбыс бар. Өйткені оның әкесі шах заманында Израильмен жұмыс істеген көрінеді. Бұл билікке талас болып жатқан тұста қарсыластары әдейі таратқан ақпарат болуы да мүмкін. Генерал Каани жағдайын да солай бағалауға болады. Себебі оған қарсы да «сатқын» деген сөздер айтылды. Қазір жағдай әртүрлі. Алайда Иранның өз ішінде бір жансыздың бары анық.
Тұрсынбек БАШАР