Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:04

Хаменеидің қазасына әлем көшбасшыларының реакциясы қандай?

Хаменеи
Фото: irna.ir

Әлем елдерінің басшылары аятолла Хаменеи өліміне пікір білдірді.

«Біздің елімізде аятолла Хаменеи Ресей мен Иран арасындағы достық қарым-қатынастарды дамытуға, оларды жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеруге зор жеке үлес қосқан көрнекті мемлекет қайраткері ретінде есте қалады», - деді Путин. 

Қытайдың сыртқы істер министрі Ван И АҚШ пен Израильдің келіссөздер жалғасып жатқан кезеңде Иранға жасаған соққыларын «қабылдауға болмайтын әрекет» деді.

«Қытай әрдайым халықаралық даулардың кез келгені диалог пен консультациялар арқылы шешілуін қолдап келеді. Бейжің күш қолдану мен санкцияларға қарсы… Осыған байланысты Қытай Израильдің Иранға әскери күш қолдану арқылы шабуыл жасап, халықаралық құқықты бұзуына үзілді-кесілді қарсы», - деді Ван И.

Ильхам Әлиев Иран президенті Масуд Пезешкиан-ға көңіл айту жеделхатын жолдады.

«Иран Ислам Республикасының Жоғарғы көшбасшысы Аятолла Сейед Әли Хаменеи мырзаның қайғылы қазасы туралы хабарды терең күйзеліспен қабылдадық. Оның өмірден өтуі — Иран үшін орны толмас ауыр қаза. Осы қиын сәтте бауырлас әрі достас иран халқына бейбітшілік, тұрақтылық және өркендеу тілейміз», - деді Әлиев.

Франция президенті қақтығыс тек дипломатиялық жолмен шешілуі тиіс деген пікір білдірді.

«Францияға бұл туралы алдын ала ескертілген жоқ және бұл әрекетке қатысқан жоқ. Сол сияқты аймақ елдері мен біздің одақтастарымыз да қатыспады. Иранның ядролық бағдарламасы, баллистикалық зымырандарға қатысты қызметі және аймақтағы тұрақсыздық мәселелері соққылар арқылы шешіледі деп ешкім ойламауы керек», - деп жазды Макрон.

Қазақстан президенті Таяу Шығыстағы жағдайды ушықтырмауға шақырды.

«Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев Иордания королі Абдалла II-ге жолдау жолдап, қазіргі күрделі кезеңде бауырлас Иордания халқына қолдау білдіріп, ынтымақтастық танытты. Президент жағдайдың ушығуына әкелуі мүмкін әрекеттерден тартынуға шақырып, кез келген халықаралық қақтығыстар тек дипломатиялық жолмен шешілуі тиіс екенін тағы да атап өтті», - деп жазды Айбек Смадияров. 

Владимир Зеленскийдің мәлімдеуінше, Украина Иранға қауіп төндірген жоқ.

«Украиналықтар ешқашан Иранға қауіп төндірген жоқ, алайда Иран режимі өзі Путиннің серігі болуды таңдады және оны «Шахед» дрондарымен ғана емес, сонымен қатар технологиялармен де қамтамасыз етті. Иран Ресейге басқа да қару-жарақ жеткізді. Басқа халықтар да террордан зардап шекті. Сондықтан Иран халқына террористік режимнен құтылып, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік беру әділ деп есептейміз», - деді Зеленский.

Түркияның сыртқы істер министрі Хакан Фидан Иран сыртқы істер министрімен телефон арқылы сөйлесу барысында Аятолла Әли Хаменеи қазасына байланысты көңіл айтты.

Тараптар аймақтағы жағдайды талқылап, Хосров Аракчи Иранның ел аумағының тұтастығын сақтау ниетін ерекше атап өтті.

Тегтер: