Ханкелді Әбжанов, ҰҒА академигі: Тарих еріккеннің ермегі емес
Қазақ тарихының әлі де толық зерттелмеген ақтаңдақ беттері көп екені әдетте жиі айтылады. Бұлай болатын да жөні бар. Жетпіс жыл тарих ғылымы бұғау мен құрсаудан босай алмады.
Өзінің төл тарихын айтуға тыйым салынды. Айтылса да ақиқат пен шындыққа өтірігі қосақталып айтылды. Тәуелсіздік алғаннан кейін, әрине, бұл тарапта жол ашылды, бөгет бұзылды. Сондан бері ұлттың біраз жоғы түгенделді. Дегенмен әлі де тереңдеп зерттеуді, нақтылап тиянақтауды қажет ететін тұстарымыз көп. Біз бүгін тарих ғылымының докторы, профессор Хангелді Әбжановпен тарихымызға, оның зерттелуіне қатысты әртүрлі сауалдар төңірегінде әңгіме өрбіттік.
– Бір сөзіңізде «тарих әсірелеуге де, бұрмалауға да зәру емес, тарихты алдап кету ешкімнің қолынан келмейді», - деп едіңіз. Соған қарамастан, жетпіс жылдық идеология салдарынан ұлт тарихының бұрмаланған тұстары, ашылмаған деректері әлі де көп. Осы жайында сөз қозғасақ.
- Иә, айтқаным айтқан. Тарихты алдап кетсем деген жан, түптеп келгенде, өзін өзі алдайды. Себебі, тарихтың ақиқаты оның қолында емес, саналуан деректерде. Қолдан жасалған жалған дерек басқа деректермен, оқиғалармен, өзгерістермен үндеспейтіні, үйлеспейтіні көзге ұрып тұрады. Нағыз мамандар оны бірден байқайды.
Ақиқат дерегі жүз, мың жылдан кейін де шығатынына куәміз. Ақжан Машанидің ізденістері арқасында Әл-Фарабидің қазақ жерінен екені мың жылдан кейін анықталған жоқ па?! Марқұм профессорлар К.Ақышев, В.Зайберт, Ә.Төлеубаев ұлы даланың ішіне бүгіп келген әлденеше ғасырлық сырларын ХХ ғасырда ашты ғой.
Жазу-сызуы жоқ заманның құпиясын шешкен ғылым соңғы 3-4 ғасырдың шегіндегі тарих жұмбағын оп-оңай тарқататынына күмәнденбеңіз. Тарихты алдағысы келетіндер оңбай қателеседі. Өзі тарихтың қарғысын арқалап, мазағына айналады. Ақиқат түбінде ашылады.
Ақтаңдақсыз тарих болмайды. Соларды жоям деумен тарих ғылымы мен тарихшы ғалымдар есейеді, бәсекелік қабылеттерін шыңдайды. Осыдан жарты ғасыр бұрын Қазақстандағы тас дәуірі туралы біліміміз өте мардымсыз еді. Бүгінде тас дәуірінен тарихшыларымыз жыл сайын көлемді мақала, монография жариялауда. Ескерткіштері республикамыздың барлық өңірінен табылды.
Бұрмалаулар өздігінен пайда бола қалмайды. Оның ар жағында мемлекеттің саясаты, идеологиясы тұр. Бұрмалаушының есімі, тегі, ұлты, отаны бар. КОКП-ның идеологиясымен көзқарасы мың құбылған тарихшыларды білеміз. Сөз бостандығы, шығармашылық еркіндік, пікір алуандығы жоқ отар ел үшін бұл қалыпты ахуал.
Жинақтай айтсақ, тарих ақтаңдағы ғылыми танымға тән обьективті-қисынды құбылыс, бұрмалау – ниеті бұзықтардың әрекетімен пайда болған нәтиже.
– Тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдан астам уақыт өткеніне қарамастан, тарих пәнін жазу мен оқытуда совет үкіметінің идеологиясы қалдырған із әлі бар сияқты. Неліктен? Біз өткенімізге, жалпы тарихқа қай ұлттың, қандай идеологияның призмасымен қарап жүрміз?
- Бұрынғының мұрасынан бір сәтте арылу мүмкін емес. Кеңестік құрылыс пен тоталитарлық идеологияға қарата айтсақ, олар біреулер үшін жалт етіп жоғалған сағымдай көрінсе, енді біреулер үшін жалындаған жастық шағы, тұлға ретінде кемелденген дәуірі, ұрпағымен бақытқа бөленген жылдары. 74 жыл салтанат құрған кеңестік идеологияның дұрыс жағы да, бұрыс жағы да бар. Жаманға үйрену қандай қиын болса, жақсыны ұмыту да сондай ұзақ үдеріс.Тұтастай алғанда, жасампаздығынан утопиясы, мифі басым түсіп жатқанын енді түсінудеміз. Ұлттық тарих ғылымы осынау утопияны ұлықтауға, мифті қорғауға қызмет еткені рас. Есесіне тарих ғылымы атқаруға тиісті екі миссия кейінгі қатарға шегерілді. Бірі – жаңалық ашу, екіншісі – ақиқатты айту еді. Тоталитарлық өктемдікпен осылар толық мағынасында атқарылмағандықтан тархшыларға өкпе-реніш айтылып жатады.
Ұлттық тарихты кемел түзу үшін мемлекет пен биліктің болмысы, табиғаты, мазмұны ұлттық ұстанымда қалыптасуы керек. Біз әзірге ондай биікке көтерілген ел емеспіз. Жемқорлық, рушылдық, әділетсіздік, заңсыздық жойылмай тұрғанда армандай межеге жете алмаймыз.
18 ғасырдағы қытай дерегі былай дейді: «Қазақтар арасында Абылайды мақтайтындар өте көп. Дегенмен, сол қазақтар өздерінің көсемдерін қадір тұтуды білмейді екен». Осынау дерт қазір өте асқынып кетті. Халқым деп жарғақ құлағы жастыққа тимеген Шерхандай, Әбіштей, Ақселеудей, Сұлтанғазиндай, Зимановтай таутұлға қазақтарды пір тұтпақ түгілі тіпті танымайтын бауырларымыз жыртылып айырылады. Санымыз 100 млн. болса түсінер едік, санаулы ғана зиялыларымызды танымайтындар шоғыры өкінішке қарай өте қалың.
Қысқасы, тарихи санасы адасқан ұлтпыз. Біз өткенімізге, жалпы тарихқа кімге еліктесек, кімнің ықпалында болсақ, соның ұстанымымен қарап келеміз.
– Жалпы кез-келген қоғамда тарихшылар өткенге байланысты пайымын айтады, ал саяси бағаны мемлекет беретіні анық. Бүгінгі тарих ғылымына үкімет қаншалықты көңіл бөліп жүр? Ғалым ретінде тарих ғылымының зерттеу салаларының дамуына көңіліңіз тола ма?
- Тарих ғылымы 20-шақты мамандықтан тұрады. Бәрін биік деңгейде ұстауға мемлекетіміздің кадрлық, қаржылық, материалдық-техникалық әлеуеті жете бермейді. Бүгінгі Қазақстанда археологтар, деректанушылар, этнографтар, шығыстанушылар, тарихи тұлғатанушылар табысты еңбек етуде. Мені антропология, орта ғасырлық жазу, тарих теориясы мен методологиясы, көмекші тарихи пәндер (вспомогательные исторические дисциплины), тарихнама болашағы алаңдатады. Тарихи зерттеу институттары мен орталықтары баршылық. Өкініштісі - ізденіс бағыттары мен мүмкіндіктері үйлестірілмегені. Бас басына би болғаннан ұтылмасақ, ұтпаймыз.
Жас ғалымдар аға ұрпақтың жетістіктерін лайықты жалғастыра алмады. Сумақайлық (плагиатор) белең алып тұр. Тіл тазалығы мен шешендік өнер жетіспейді. Тарих ғылымының танымдық, жаңашылдық деңгейі төмендеп кетті. Марғұландай, Дахшлейгердей, Қозыбаевтай кесек те кешен жазатындар сирек.
Қазір не көп ғылыми конференциялар көп. Басым бөлігінен тарыдай пайда жоқ. Мәселен, Жошы ұлысы тарихынан саусақпен санарлықтай ғана мамандар бар. Соған қарамастан осы тақырып төңірегінде жүздеген басқосу, телерадио хабарлар, мақалалар ұйымдастырылды. Көбінің нәрі жоқ. Осыдан кейін ғылымның беделі өсуші ма еді, тәйірі.
Билік пен тарих ғылымы арасында толық түсіністік орнаған дей алмаймын. Ұлттық қауіпсіздікке зиянын тигізген бірен-саран тарихшы ғалым сотталып кетті. Ара-тұра іштей дүрдараздық та байқалады. Ғалымдардың орынды ұсынысын билік әрқашан қабылдай қоймайтыны бар. Нақты айтсам, ашаршылық, қуғын-сүргін, соғыс, Алаш қозғалысы туралы мемлекеттік саяси құжат қабылдау қажеттігі күн тәртібіне қойылғаннан бері жылдар өтті. Бірақ билік селт етпейді. Мәселені шешуде кешегі социалистік елдер мен одақтас республикалардың біразы бізден көш ілгері кетті.Әкесі өлгенді де естіртеді деген халық едік қой.
– Сіз Алаш идеясын тереңірек зерттеп, өнімді еңбек еткен тарихшылардың бірісіз. Соңғы жылдары саяси қуғын-сүргін құрбандары жайлы жиі пікір білдіріп жүрсіз. Десек те, бір сұқбатыңызда Дербес ел бола тұра, «архивтерді ашуға келгенде әлі баяумыз» деп едіңіз. Бұған не себеп? Елге беймәлім құпия құжаттарды тауып, аша алдыңыздар ма?
- Архивтерімізде төл тарихымызды күйелейтін, бекерлейтін құжаттар жоқ десек, қателеспейміз. Ал, жекелеген тұлғаларымызға қатысты жағымсыз деректер бар. «Пәлен адам пара алыпты», «түгеннің некесіз туған баласы бар», «жерлестерін қолдайды екен» дегенге саятын ақпарат жетіп артылады. Әрине, бұларға жел берудің, табан тіреудің еш қажеттілігі жоқ. Бірақ жеркенішті құбылысты да зерттей әшкерелеген жөн. Халық өз батырларын қалай білсе, сатқындарын да білуге құқылы.
Алаш тақырыбы кезінде құбыжыққа айналдырылды. Соның салқыны әлі кете қойған жоқ. 2023 жылы академик М.Қойгелдиевтің жетекшілігімен ҚР Президент архивінде іздестіру жүріп, «Алашорда ісі» атауымен 12 том құжаттар жинағын әзірледік. Осындағы құжаттардың шамамен 80% тұңғыш рет жарық көрейін деп отыр. Жинақпен танысқан оқырман Алашорда үкіметінің мүшелері, халық көтерілістері, дін иелері мен байларға қарсы қуғын-сүргін туралы бұрын белгісіз болып келген ақпаратқа ие болады.
Архивтерді ашуға құқықтық тұрғыдан айтарлықтай бөгесін жоқ. Бар пәле ведомствалық тыйымдар мен шектеулерде жатыр. Жас Алаш осы мәселені шешуге білек сыбана кіріссе, нұр үстіне нұр болар еді.
– Осы орайда, сұрағым келетіні саяси қуғын-сүргін құрбандары арасында ақталмаған адамдар әлі де болуы мүмкін бе?
– Ақталмағандар баршылық. Мәселен, 1928 жылғы кәмпескеде жүздеген байлар жер аударылды. Өзі ғана емес, әйелі, бала-шағасы жапа шекті. Байлар ақталуда, ал отбасы мүшелері ақталудан тыс қалуда. «Түркістан легионында» болғандар да толық ақталмады.
Тарихи әділдікті қалпына келтірудің бір ғана жолы бар. Ол үшін бүгінгі Қазақстан билігі тоталитаризмнің заңсыз қылмыстарын айыптап, халықтан кешірім сұрауы керек. Ақталды деген осы.
– Қазақта саяси қуғын-сүргіннің салқынын сезінбеген әулет жоқ деп жатамыз. Өз әулетіңіз бұл кезеңді қалай өткеріпті?
– «Үлкен террор» (1937-1938 жж.) тұсында әкем 16-17 жасар бозбала екен. Сыртынан көрсетуші болмағаннан ба әлде жас санағаннан ба, әйтеуір қуғын-сүргіннен аман қалыпты. Әкемнің ағасы Асамидан 22-23 жастағы жас жігіт әрі Голощекинге хат жазған бесеудің бірі Мансұр Ғатаулинмен сыйлас болғандықтан «қара тақтаға» жазылғанын архив құжаттарынан көрдім. Құдай қолдағанда әулетімізде сотталған, атылған ешкім болмады. Бірақ халық жауларын қырған жылдардан қалған үрей үлкендердің бойынан еш тарқамады. Үкімет орындарын, погон таққандар мекемесін қорғаушым деп емес, жазалаушылар ошағы ретінде қабылдаумен өмірден өтті.
– Әу баста атап өткенімдей, кеңес үкіметінің идеологиясы күллі дүниетаным, болмысымызға әсерін тигізбей қоймады. Тіпті, өркениетті қазақтарға орыстар мен казактар әкелді, «Қазан төңкерісі мен Кеңес билігі болмаса, Қазақстан Ауғанстанның деңгейінде қалар еді», - деген пікірлер де айтылып қалып жүр. Бұл сөз шындыққа жанаса ма?
– Тарих ғылымында мұндай жіктеу қолданылмайды. Оны еріккеннің ермегі деп түсінемін. Тарих еріккеннің ермегі емес, ерлердің ісі. Егер осылай деушілердің жетегінде кетсек, халқымыздың өткеніне де, болашағына да сенбегеніміз. Мың өлсе де, мың тірілген қазақ тәуелсіздікке қолы жеткенде жеңілуге қақысы жоқ.
Біз мынаны білуіміз керек – ұлттың коды бары шын болса, тап сол код тарихымен өрнектелуі һәм өрілуі керек.
Сұхбаттасқан
Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ