Харьков өңірінде жолаушылар пойызы соққыға ұшырады
27 қаңтар кешкісін Харьков облысында жолаушылар пойызына дрон арқылы шабуыл жасалды. Украина тарапының мәліметінше, оқиға салдарынан адам шығыны бар.
Алдын ала деректер бойынша, соққы нәтижесінде кемінде бес адамның мәйіті табылған. Украина президенті Владимир Зеленскийдің айтуынша, шабуыл кезінде пойыздағы бір вагонда ресейлік дрон жарылып, кем дегенде төрт адам қаза тапқан. Тағы бірнеше адам жарақат алған, кей жолаушылардың тағдыры әлі анықталмаған.
Президенттің сөзінше, дрон түскен вагонда 18 адам болған, ал пойызда жалпы саны 200-ден астам жолаушы отырған. Мемлекет басшысы қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Харьков облыстық прокуратурасы үш ұшқышсыз ұшу аппараты қолданылғанын хабарлады. Олардың екеуі пойыз маңында жарылған, үшіншісі тікелей вагонға түскен. Салдарынан өрт шығып, бірнеше вагон зақымданған.
Украина премьер-министрінің орынбасары әрі аумақтарды қалпына келтіру және дамыту министрі Алексей Кулеба шабуылға «шахед» үлгісіндегі дрондар қатысқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, соққы Барвенково – Львов – Чоп бағытымен жүрген пойызға жасалған.
Оқиғадан кейін жолаушылар шұғыл түрде эвакуацияланып, жарақат алғандарға медициналық көмек көрсетілді. Жедел жәрдем қызметі қысқа уақыт ішінде оқиға орнына жеткен.
Алексей Кулеба жолаушылар пойызына жасалған шабуылды бейбіт тұрғындарға қарсы бағытталған террорлық әрекет деп бағалады. Ресей билігі Украина аумағында азаматтық нысандарды әдейі нысанаға алғанын жоққа шығарып келеді.
Куәгерлердің айтуынша, шабуыл пойыз Языково станциясына жақындаған кезде болған. Бұл ақпаратты кейін Харьков облыстық прокуратурасы да растады.
Айта кетейік, бұл Украинадағы жолаушылар пойызына жасалған алғашқы шабуыл емес. Бұған дейін де теміржол көлігіне бағытталған бірнеше соққы тіркелген болатын.