Хасан Касымбаев 12 жылға бас бостандығынан айырылды
Қылмыстық топ жетекшісі деп танылған Хасан Касымбаев 12 жылға түрмеге қамалды.
Тергеу органдары мен айыптау тарабы ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы деп санайды. Топ мүшелеріне адамдарды ұрлау, ауыр дене жарақатын салу және қорқытып ақша алу баптары бойынша айып тағылған.
Істің алғашқы эпизоды 2016 жылмен байланысты. Тергеу дерегінше, Касымбаев пен оның сыбайластары кәсіпкер Аюбжан Тажиевті алдап көшеге шығарып, соққыға жыққан және одан 1 миллион теңге талап еткен.
2021 жылы ММА спортшысы Арман Алимов та Қасымбаевтың тобына шағым түсірген. Оның айтуынша, «Хутор» деп аталатын топ оны ұрлап, аяусыз сабаған.
Сот шешімі
Бұл іс бойынша Қасымбаевпен бірге тағы бес ер адам жауапқа тартылды. Барлығы да сотта өздеріне тағылған айыпты жоққа шығарып, істің қолдан ұйымдастырылғанын мәлімдеді. Соған қарамастан прокурор Касымбаевқа 15 жыл, ал оның серіктестеріне 9 жыл түрме жазасын сұрады.
Судья Айнагүл Тұкубаева үкім шығарып, Хасан Қасымбаевты 12 жылға бас бостандығынан айырды.
Үкім жарияланғаннан кейін Хасанның туыстары сот шешімін әділетсіз деп атап, егер оны өзгерпесе, өз-өздерін өртейміз деп мәлімдеді.