Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 18:00

Хасан Қасымбаев ісі: Қорғау тарабы тергеу материалдарымен төрт айдан бері танысып жатыр

Қасымбаев
Фото: БАҚ

Хасан Қасымбаевқа қатысты қылмыстық іске қатысы бар тараптар төрт айға жуық уақыт бойы тергеу материалдарымен танысу процесін жалғастыруда.

Алматы облысы прокуратурасы тергеу 2025 жылғы 28 наурызда аяқталғанын ресми түрде растады. Қазіргі уақытта қылмыстық іс материалдарымен танысу рәсімі жүріп жатыр.

«Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 296-бабының 3-бөлігіне сәйкес, қорғау тарабына тергеу материалдарымен толық танысу үшін берілетін уақыт шектелмейді. Қылмыстық істің қай сотта қаралатыны мәселені прокуратура материалдарды алғаннан кейін шешеді», - делінген прокуратура жауабында.

Бұған дейін полиция департаменті істің сотқа жолданғанын хабарлаған еді. Алайда кейінірек нақтылағандай, қазіргі таңда іс материалдарымен тараптардың танысу кезеңі жүріп жатыр.

Оған қатысты адам ұрлау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және қорқытып ақша талап ету фактілері бойынша тергеу жүргізілген. Айыптаулар ішінде ұйымдасқан қылмыстық топ құру немесе оған жетекшілік ету бабы жоқ екенін жәбірленуші Алишер Алиевтің адвокаты растаған болатын. Сонымен қатар бұл іске тағы бір жәбірленушінің қосылғаны да белгілі болды.

Хасан Қасымбаевтың есімі Талғардағы Шерзат  Полаттың өлімімен байланысты жиі аталды. Оны Талғарда «Хуторлық бригаданың» басшысы деп атайды. Қасымбаев 2024 жылғы 5 қарашада қамауға алынған.

Полиция мәліметінше, Хасан Қасымбаев 2021 жылы Талғар қаласында ММА жекпе-жек түрінен жаттықтырушы Арман Алимовты ұрып-соғу мен ұрлау оқиғасына қатысы болуы мүмкін. Бұл оқиға видеоға түсіп, көпшілік талқысына түскен еді.

Шерзат Полаттың қатыгездікпен өлтірілуі 2024 жылдың 3 қазанынан 4-іне қараған түні Талғар қаласында болған. Күдікті ретінде 11 адам ұсталып, қамауға алынған. 2025 жылғы 5 маусымда Жетісу облысының Талдықорған қаласындағы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сот бұл іс бойынша үкім шығарды.