Хасан Қасымбаев сотта соңғы сөзін айтты
Алматы облысы, Талғар қаласында өтіп жатқан атышулы істің сот отырысында айыпталушы Хасан Қасымбаев соңғы сөзін айтты.
Ол өзіне тағылған айыптардың бәрін жоққа шығарып, істің жасанды түрде құрылғанын және жәбірленушілердің берген айғақтары жалған екенін ашық мәлімдеді.
«Құрметті сот, сотқа қатысушылар! Мен бүгін сіздердің алдарыңызда өзімді ақтау үшін емес, ақиқатты айту үшін тұрмын. Себебі айтып отырған бұл іс - қолдан жасалған, жалған іс. Менің кінәмді дәлелдейтін бірде-бір айғақ жоқ. Істе тек жалған жәбірленушілердің сөздері ғана бар. Мемлекеттік айыптаушы заңсыздықты біле тұра 15 жыл сұрап отыр. Бұл — әділдікке, заңға және адамгершілікке қарсы. Егер осылай жалғаса берсе, биліктің өзінде де өзгеріс қажет. Нашақордың сөзіне сенуге болмайды. Сол адам Талғар қаласының жартысын улап, талай жастың өмірін қорлаған. Ол сотта ант беріп тұрып, біле тұра жалған куәлік етті. Менің отбасым зардап шекті. Егер кінәлі болсам, өз ісім үшін жауап берер едім. Бірақ мен еш кінәсіз бола тұра, бір жылдан бері СИЗО-да отырмын. Менің тағдырымды айыптау үкімімен талқандамаңыз. Мен құдай мен заң алдында тазамын. Біз бәріміз бұл дүниеде қонақпыз. Ең бастысы — әділдік пен шындық», - деді Қасымбаев.
Сот үкімі ертең сағат 10:00-де жарияланады.
Айта кетейік, Қасымбаевтың есімі Талғарда 16 жастағы Шерзат Полаттың өлімінен кейін белгілі болды.
Содан кейін жұртшылық Қасымбаев жетекшілік етеді деген «Хутор» деген қылмыстық топ туралы айта бастады. Х. Қасымбаев туралы Jas Alash youtube арнаcына сұхбат берген Шерзаттың әкесі де айтты. Алайда полиция мұндай топтың бар екенін ресми түрде жоққа шығарды.
Осыған қарамастан, оның үстінен тергеу басталды.