Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:12

Хасан ұсталды. «Шерзат ісі» тағы кімдердің маскасын шешеді?

Хасан
Фото: Жас алаш коллаж

4-қараша күні Алматы облысының полиция департаменті Хасан Қасымбаевты ұстағанын хабарлады. Хабарламада Х.Қасымбаев 2021-жылы маусым айындағы оқиғаға байланысты «денсаулыққа қасақана зиян келтіру» және «адам ұрлау» баптары бойынша күдікке ілінгені айтылған.

 

Естеріңізде болса, Талғардағы 16 жасар Шерзат Болаттың қазасынан соң Х.Қасымбаевтың аты әлеуметтік желілерде, түрлі баспасөзде жиі айтыла бастады. Кейбір дереккөздерде оны Талғардағы «Хутор» қылмыстық тобының басшысы болуы мүмкін» делінді. Жұртшылық Талғарда «Хутор» деп аталатын ұйымдасқан қылмыстық топтың бар екенін, Шерзаттың өлімінің солармен қатысты екенін айта бастады. Осыдан соң «Хутордың» басшысы ретінде Хасан Қасымбаевтың есімі аталды. Алайда кейіннен ел арасында желдей ескен, қызу талқыланған бұл ақпаратты ішкі істер министрлігі жоққа шығарды. БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихаты барысында ішкі істер министрлігінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов: «Біз күдіктілердің барлық байланыстары мен контактілерін тексердік, олардың ұйымдасқан қылмыстық топқа ешқандай қатысы жоқ. Жалпы, бізде «Хуторский» ұйымдасқан қылмыстық тобы тіркелмеген» деді.

Б.Әленовтің бұл мәлімдемесі де қызу талқыланды. Әсіресе оның «бізде «Хуторский» ұйымдасқан қылмыстық тобы тіркелмеген» деген сөзін жұрт сан саққа жүгіртті. Шынымен де қандай да бір қылмыстық ұйым өз-өзін полицияға барып, «қылмыстық топпыз» деп тіркелмейтіні айдан анық. Оны полиция нақтылап, түрлі айғақтар арқылы қылмысын анықтап, қылмыстық топ екенін дәлелдеу қажет емес пе?! Ал біздің ішкі істер министрлігі мұны қаперіне де ілмеді, керісінше, «ондай қылмыстық топ тіркелмеді» деп, «Хутор» ұйымдасқан қылмыстық тобы бар ма?» деп сұраған журналистің аузына қақпақ болғысы келді.

Қанша жерден Әленов «ондай қылмыстық топ тіркелмеді, ал Шерзат Болаттың өліміне Хасен Қасымбаевтың еш қатысы жоқ» деп айтқанымен, «Хутор» туралы әңгіме мұнымен біткен жоқ. Енді ақпарат көздері «Хутордың» аты аталатын қылмыстық істер туралы айта бастады. Мысалы, 2012-жылы қаржы агенті Талғат Махатовтың тапсырмасымен бірнеше адам өлтіріледі. Оның ішінде сол кездегі Алматы қалалық кеден басқармасының басшысы Медет Жамашев те бар. Дәл осы «тапсырысты» орындаушылардың ішінде Хасан Қасымбаевтың інісі делінген Ержан Қасымбаевтың аты аталады. Бұл қылмыстық іс 2017-жылы ашылып, Ержан Қасымбаев 15 жылға сотталады. Сол кезде ақпарат құралдарында «тапсырыс орындаушыларды» «Хутор» ұйымдасқан қылмыстық тобының мүшелері» деп жазады.

Сондай-ақ Шерзаттың өліміне күдікті ретінде ұсталған азаматтардың ішінде бірнеше рет істі болған азаматтар да бар екені айтылды. Тіпті олардың кейбірі «кісі өліміне қатысы бар» делінді. Осындай нақты ақпараттар «Талғарда «Хутор» ұйымдасқан қылмыстық топ бар» деген жұрт арасында айтылатын күдікті тіпті де қалыңдата түсті. Бірақ ішкі істер министрлігі «жоқ» дегенінен танбады.

«Хутордың жігіттері», «Талғардағы қылмыстық топ» деген сөз жиі айтыла бастағанда «Хасан Қасымбаевтың ағасы» делінген Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы Аслан Қасымбаев қызметінен кетті. Көп ұзамай, Хасан да бейнеүндеу жариялады. Онда өзінің Шерзаттың ісіне еш қатысы жоқ екенін айтты. Ол: «Хуторские» қылмыстық тобының лидері дегеннің қайдан шыққанын әлі күнге дейін түсінбеймін. Заң бұзбағанмын, сотталмағанмын. Адал жұмыс істеп жүрген адаммын» деп, ағынан жарылды.

Кейіннен Хасанның бұл пікірін оның ауылдастары да жақтап, бейнеүндеу жариялады. Ауыл тұрғындары Хасанның атымтай жомарт азамат екенін де атап айтты.

Хасан Қасымбаев – 1984 жылы Алматы облысы Кеген ауданы Қарқаралы ауылында дүниеге келген. Туған ауылында 8-сыныпқа дейін білім алған. Кейіннен, 1998-жылы ата-анасы Талғар ауданына қарасты Рысқұлов ауылына көшіп келген. (Хутор – Рысқұлов ауылының бұрынғы аты). Хасан мектепті осы Рысқұлов ауылында тәмамдап, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия факультетіне оқуға түскен. Өзінің айтуынша, арада біраз жыл Қызылорда облысында жұмыс істеген. 2015-жылдан бері Талғар қаласында тұрады. Кәсіппен айналысады.

Енді, міне, «Хутордың» басшысы» делінген Хасан Қасымбаев ұсталды. Әрине, Шерзаттың өліміне қатысты емес. 2021-жылы «А-ның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру және ұрлау фактісі бойынша». Ақпарат деректерінде «Хасанның інісі» делінген Ержан Қасымбаев есімді азаматтың 2012-жылы жасаған қылмысы 2017-жылы анықталып, сотталған еді. Ал Хасан 2021-жылғы қылмысқа күдікті ретінде қолға алынды. Бұл жөнінде полиция басқармасы: «Қазіргі уақытта қылмыстардың барлық мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті зерттеуді қамтамасыз ету мақсатында іс материалдары бұлтартпау шарасын қолдану үшін сотқа жіберілді» дейді. Бұдан арғы барлық ақпарат құпия сақталады, тергеуге байланысты жария етілмейді.

4-қараша күні Хасан Қасымбаевтың туыстары Қонаевтағы Алматы облыстық полиция департаментіне барып, Хасан Қасымбаевтың кінәсіз екенін айтып, президентке үндеу жолдады. Тоқаевтан көмек сұраған Қасымбаевтың анасы Гүлнар Нұракенова мен жұбайы Зүлфия Х.Қасымбаевтың кінәсіз екенін айтып, істің әділ тергелуін сұрады. Гүлнар Нұракенова: «Ол кінәлі емес. Баламды жазықсыздан жазықсыз қаралап отыр. Ешқандай кінәсі жоқ» деді.

Қалай десек те, Шерзаттың жантүршігерлік өлімінен кейін халық Талғардағы «Хутор» қылмыстық тобы» туралы айта бастады. Ақыры «Хутордың жетекшісі» делінген Х.Қасымбаев ұсталды. Мейлі оны 2021-жылғы қылмысқа қатысы бар делінсе де «Хасанның қатысы болуы мүмкін» делінген бір қылмыстық іс анықталмақ. «Шерзат ісінен» кейін тағы қандай заңсыздықтардың беті ашылып, тағы кімдердің маскасы шешілер екен? Мұны алдағы уақытта көре жатармыз. Ең бастысы қарапайым халықтың тілегі – қоғамда әділдік орнаса, заң күшейсе, қылмыстық топтар жойылса, Шерзат секілді кісі қолынан қаза тапқан азаматтардың ісі ақ, адал тергелсе дейді.

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ