Хат жаздым, халін сұрап Семейімнің

Хат жаздым, халін сұрап Семейімнің,
Өлең аңқып жүрсің бе, Мерей інім?
Көреміз бе Семейдің көркейгенін,
Орда болып, керегесі кеңеюін.
Есті сөзін тірілтіп көнелерден,
Жұпарланып қарайын бөлек өрден.
Аман ба Тыныштықбек көкем менің,
Ғарыштан тамған нұрдан өлең өрген.
Ұлылардың мекені – атың мақтан,
Өтті заман қабағын қатулатқан.
Есен бе екен Сәтжандай замандасым,
Ақиқат жебесімен атып жатқан.
Шырқап жүр ме Толғанбай халық әнін,
Шауып жүр ме Қос Айбек аты мәлім.
Қайын атам ескерткіші жөнделді ме,
Соңы еді Алаш рухты алыптардың.
Жасалды ма әткеншек көпірлерің,
Қысты ойлап қалтырап отыр ма елім?!
Еліңнің мұңын айтсаң өте ме осы,
Әкіміңе ақын болып өтінгенің.
***
Құнанбай басқан жерге басымды игем,
Ғасырдың сыры жатыр асылды үйген.
Сен де Абай уақыттан ой оздырып,
Сен де – тұңғыш жыр жазып, Қасым сүйген.
Алаштың астанасы – мұратты ордам,
Арыстарға тұрақ пен шуақ болған.
Сен де Мұхтар, Абайдың жолын іздеп,
Ойыңа нұр, бойыңа қуат толған.
Қанат қағып Семейдің қаласынан,
Әміре еді Эйфельден ән асырған.
Бибігүл апам, сен де әнін шырқап,
Бұлбұл боп танылды елдің арасынан.
Семейім, орның бөлек бар қаладан,
Аумайсың мейірімді қарт анадан.
Сенде алғаш белдесіп Ер Жақсылық,
Қазағының намысын арқалған.
Үй басып Кемпірбайдың қабір үстін,
Өнердегі ортайды ма бақ-ырысым?!
Қаһарман Қайрат жатыр Семейімде,
Құрбан болған азаттық таңым үшін.
Үзілмеген тектілік бастауынан,
Семейім аласармас асқарынан.
Мәдениет, Болат пен Тұрсынғазы,
Ән самғатқан Семейдің аспанынан.
Тірліктегі тауысып татар дәмін,
Сиретіпті тұлғалар қатарларын.
Жыр оқығам Мерғали әз ағама,
Төкен абыз атамнан бата алғанмын.
Семейім, қасиетіңмен таң қыласың,
Ұлылардың үні боп жаңғырасың.
Өткен мен бүгініңді ойлап тұрып,
Мөлт етіп Ертісіңе тамды жасым.
***
Қайран, Семей, Текті бабам көзі едің,
Сені ойласам, өртенеді өзегім.
Удың бетін ән-жырымен қайтарып,
Жарасына тапқан жұртым өз емін.
Ахоу, Семей, бүлкілдеген тіл-көмей,
Іштен тынып, тұншығасың үндемей.
Азат ойдың сенен ұшқан сәулесі,
Азат күнде болдың екен кімге өгей?!
***
Мен өзімді іздеп жүрмін,
Көрдіңіз бе Сіз мені?
Ақсуаттан бері шыққан байқала ма іздері?!
Ақын ба анау – өлең болған ізгі емі,
Қасқыр ма анау – жалғыз жортқан түздегі?
Жарасқанның жырында атың,
Әліппеден жаттағам.
Арман қалам.
Желтоқсанда алғаш қадам аттағам.
Тұрды Алатау аққан жасы сақалында мұз болып,
Алаңда әлі боздақтардың тамған қаны қатпаған.
Бодандықтың бұлтын тіліп,
Алтын Күнге ұмтылған.
Қаршыға мен қарлығашым – қанаттары қырқылған.
Желтоқсанда, сендерсіңдер, дірілдеткен Мәскеуді,
Көктеп берген намысымды сетінеген, жыртылған.
Троллейбус.
Аңғал-саңғал түр-тұлғам,
Ауылымның нақ бейнесі көрінетін тұрқымнан.
Самбырладым ана тілде, өзге тілді білмеймін
Көздерінен оқ жаудырып тұрды жұрт ту сыртымнан.
Кешіріңіз!
Жоғалтпадым өзімді әлі мүмкін мен?!
Азаттығым – көк байрағым ұлт ілген.
Ана тілдің жасын сүртіп бірге жүрмін жаныңда,
Рухыңды іздеп жүрмін желтоқсанда сілкінген.
***
Бір мөлдірді сақтап жүр ем тұндырып,
Әжуалап бүкіл әлем тұр күліп.
Арым қашты арсыздықтан жиіркеніп,
Құлап түсті табандарға құндылық.
Боямасыз өмір кешу – бір сұмдық,
Іш запыран, күңкілдедік, күрсіндік.
Алатауды айналды да соңғы рет,
Қош айтысып кете барды бір шындық!
***
Ер Жәнібек сынығы,
Батыр Оспан берені.
Жаны – бұлақ тұнығы,
Жады – түздің дерегі.
Жусан аңқып сөзінен,
Ақ ниеті – жалбыз ем.
Мәрт қазақтың көзінен,
Үзілмеген жалғызы ең.
Тау түлегі сен едің –
Аласартпас тұлғасын.
Мәйек сөздің кені едің,
Дала – жақын сырласың.
Беу, замандас Тәттімбет,
Көк тағысын қондырған.
Нағыз қазақ таптым деп,
Ұшып тұрдым орнымнан.
Аттан түспей жүр аман,
Жүйрігіңді жүгендеп.
Ұрпағы үшін құраған,
Ұлт мұрасын түгендеп.
***
Жалғыздықпен сөйлессем түн ішінде,
Ғаламдағы құйылар мұң ішіме.
Ай сығалап қарайды тереземнен,
Ұят қой, Айдың енді мұнысы не?
Ойымды сансыз қиял шатастырып,
Санамды байлады уайым матастырып.
Қалыңдығым секілді Ай аңдиды,
Қызғанады қойғандай атастырып.
Жұлдыз түйреп, қара түн тарап шашын,
Сәнденді, қандала ойға талатпасын.
Үкі көзім телміріп отырғанда,
Таң келді, күнтізбесін парақтасын.
***
Әлемімнің салдым қайта суретін,
Аппақ әлем.
Тырағайлап азғырғандар үркетін.
Қасқыр біткен мейірленіп қарайды,
Қозыға да шабын келіп түртетін.
Есінен сәт шығармастан Құдайды,
Мадақтайды жаратқан Жер, Күн, Айды.
Періштелік кейіпке еніп пенделер,
Сынық қанат көбелекке жылайды.
Ол әлемнен бар жамандық қашады
Иман, ұят, сабыр орнын басады.
Обал, сауап – әр қазақтың үйінде,
Бақ пен ырыс, құт құшағын ашады.
Ол әлемде сәби зорлық көрмеген,
Атқан оқтан ешкім онда өлмеген.
Сатқындар пен жемқорлар жоқ ол жақта,
Ізгілік пен қанағат бар төрлеген.
Қайырым жүр адамдықты өсіріп
Сөнген емес қиянаттан еш үміт.
Берем саған әлемімді кіршіксіз
Жүрегіңе алам десең көшіріп.
***
Сан ақын оған арнап төккен жырды,
Інім – рас қолы ашық, жомарт жүрек.
Жамалы – жаз, көңілі – көктем нұрлы,
Өзіңсің – азаматқа болған тірек.
Болмасын деп тілеген жолында ылди,
Мәпелеген бақ құсын басындағы.
Төрдегі ердің тұрады соңында ылғи
Жаны ізгі, парасатты асыл жары.
Қарашаш деп жүрсін ел танып сырттан,
Өзің – қамқор, ең жақын жанашыры.
Құртқадай Тайбурылды алып шықсаң,
Қобыландыдай басылар бар ашуы.
Көргендеймін Ұлжанын ғасырдың мен,
Сіңді еңбегің, қайырымы алашқа айқын,
Сұңқарыңның жеміне шашып жүрген,
Неткен жансың қызғанып жақ ашпайтын.
Айжан келін, айналдым ізетіңнен,
Сыңарындай аққудың сүйікті еткен.
Қас-қабағын жүрген соң күзетумен,
Басқалардан беделін биіктеткен.
Текті әулеттің маздатқан күнде ошағын,
Шаңырақ – бақ, аттаған босағаң – құт.
Шаттығыңа жыр арнап, үн қосамын,
Мың жаса, қосағыңмен қоса ағарып.
*****
Құстың үнін көктемдегі жаршы ғып,
Сүңгі мұздан сырғып түсті тамшы үміт.
Мезгілінен ерте оянып қызғалдақ,
Қаталдыққа жасап жатыр қарсылық.
Дір-дір етіп қалтырайды нәзік гүл,
Әсемдікпен тіршілікке наз ұқтыр.
Еріп кетер аппақ қардың бетіне,
Аянышты өз тағдырын жазып тұр...
***
Ұйқысыз түндерім,
Үмітсіз күндерім
Бәрі өтті басымнан,
Солмадым, бүрледім.
Құладым, сүріндім,
Бір өліп, тірілдім.
Кісінеп жаттым мен,
Үніне дүбірдің.
Сілкіндім, түледім,
Айға азу біледім.
Аламанға асықтым,
Баптап жыр күреңін.
****
Сыр шертіп дәуірлердің өрнегінен,
Тағдырының татқан бал, кермегінен.
Сөйлейді қазақ пенен қырғыз болып,
Егіз ұлттың киесі – төрге ілген.
Көш-керуен талай асу, белден асқан,
Домбырам мұра болып келді алаштан.
Намысын қалғытпайтын ұрпағының,
Комузым жетті рух боп Ер Манастан
Суға батып, жанбаған отқа бұрын,
Ақынның оздыратын топта жырын.
Бірін тартқан нар Жамбыл күмбірлетіп,
Бірі сайрап қолында Тоқтағұлдың.
Ұлт тарихын шанақта сақтадыңдар,
Замананың шындығын ақтарыңдар.
Алағай да бұлағай тар заманда,
Бір-біріңді сатпадың, шаппадыңдар.
Қазақша-қырғызша ән салдырып,
Жолыққан туыстардай аңсап жүріп.
Бір күйді кезек-кезек жалғайсыңдар,
Сазыңа тәмам жұртты тамсандырып.
Бір туған екі еліме қоңсы қонған,
Алатау – бөлінбейтін енші, қорған.
Құмықпай, үнің қатар қалықтасын,
Домбырам мен Қомузым елші болған.
Адамдық сызығынан аттамаған,
Жақсы екен кеудеңе кек сақтамаған,
Ту сыртымнан тас атып жіберсе де,
Абайсызда болды деп ақтап алам.
Өштесер аз ғұмырда несіне адам,
Жақсылығын көбірек есіме алам.
Қимаймын қиянатын жамандыққа,
Ғайбат айтсам сыртыңнан кешір, ағам.
Алдында арылайын өкпелінің,
Қалбаңдадым бағам деп көп көңілін.
Арқа сүйеп келгенде аға тұтып,
Арқаңнан қаға алмасам, сөкпе, інім!
Ашық күнде соққанда дауыл кілең,
Талай рет жолымнан жаңылдым мен,
Мейірімсіз қоғамнан жылу күтіп,
Жапа шеккен іздейді жаным бір ем.
***
Тағдырға салған көнейік,
Өмір деп осы ғажайып.
Пенденің саны көбейіп,
Адамдар кетті азайып.
Бездіріп сауап, обалды,
Қиянат көрді аманат.
Қомағай басып қоғамды,
Сарқылып бітті қанағат.
Жағымпаз алдын ораған,
Әділет кетті ұлықтан,
Өз халқын өзі тонаған,
Құлқыны тоймай құныққан.
***
Қоңыр тірлік,
Қоңыр мұң –
Қоңыр жыры өмірдің.
Қоңыр әуен зарлатып,
Қобыз шалды көңілім.
Қоңыр күйі жүрекке ем,
Қоңыр өлең – Жұмекен.
Қоңыр күздің сыңсуы –
Қоңыр қаздың үні екен.
Коңыр кешті даламның,
Аңсап қоңыр самалын.
Қоңыр көзім жасаурап,
Қоңыр ойға қамалдым.
***
Әкемнің ері
Алты алашқа даңқы кеткен мақтаулы,
Бір тұлпарым болмаса да баптаулы.
Үйімде әлі үйір жылқы айдаған
Әкемнің тұр ер-тоқымы сақтаулы.
Аттан түстім,
Заман жатыр ұсақтап.
Көкірегімді сансыз сауал пышақтап.
Ақан құсап егілемін, дүние-ай,
Құлагердің ерін қалған құшақтап.
Тұлпар мінген бабалардың дерегі
Әкем күтіп-ұстаған бұл ер еді.
Қараша үйден аттанғалы қарт әкем,
Енді ешкімге болмай қалды керегі.
Менің әкем жан емес-ті әйгілі,
Ат үстінде асқан бірақ айбыны.
Бұл жәдігер – көзіндей сол әкемнің,
Жалғыз ұлға қалған қымбат байлығы.
Ат мінбеген бағалар ма ер құнын,
Көңілімді боздатады шер-мұңым.
Жолатпайтын жастап жатсаң жыланды,
Тоқымына сіңген иіс тер бұрын.
Сыйласына қонақ болып төрлеген,
Біздің қазақ тарылып еш көрмеген.
Қалап келген арғымағын берсе де,
Үстіндегі ер-тоқымын бермеген.
Қолда қару жоқ кезінде арнаулы,
Үзеңгімен соғып алған арланды.
Ерге мінсе Ер рухы асқақатап,
Қырын ғылып ұшырады арманды.
Жүген салып, жарауы сай күреңге,
Баһадүрдей бір қонармын бұл ерге.
Тарпаң мінез керек мынау заманда,
Қойдан жуас қазақ дейтін ұлы елге.
Қазы жалтаң, би айнығыш шағынар,
Қоғамда есек бәйге алып жүр бағы бар.
Темір мінген темір жүрек адамды,
Темір жұтып бара жатыр қағы бар.
Кешір, әке, сақтағанмен мұраны,
Ұлыңның да қала болды тұрағы.
Ерді көрсем дарқан далам елестеп,
Тұлпар мініп жарысқым кеп тұрады.