Хат жаздым қалам алып Жас Алашқа
Оқырман хаттары
Құрметті «Жас Алаш» газетінің редакциясы!
Сіздердің елдегі талай мәселелерге араласып, талай адамдарға көмектесіп жүргендеріңізді оқып, естіп жүрмін.
Енді менің айтайын деп отырған мәселем онкологиялық аурулар жөнінде болмақ. Соңғы кездері бұл ауру көбейіп кетті, тіпті жастар да жиі ауыратын болды деп жатыр. Менің ойымша, бұл ауруды біз өз қолымызбен жасап жатқан секілдіміз. Мысалы, флюрографияға түсіру арқылы кеселді ерте анықтауға болады деп жүр. Бұл таза рентген сәулесі. Қазір үлкендер тұрмақ мектеп оқушыларына дейін түгелдей флюрографиядан өту міндеттелген. Міне, біз осылай балаларды жастайынан ауру етіп жатырмыз. Бір баланың денсаулығы мықты, яғни иммунитеті жоғары, оған онша әсер ете қоймауы да ықтимал. Ал екінші бала шынжаулау. Сондықтан иммунитеті төмен. Ал бұл тексерістен өтпесең сені аурухана қабылдамайды. Тіпті медицина қызметкерлері жылына екі рет өтеміз дейді. Мен өз басымнан өткен жағдайды айтайын. Ауырып дәрігерге бардым. Маған: флюрографияға түспесеңіз болмайды деді. Бардым. Кезек күтіп тұрмын. Бір адам іштен шықты. Кірдім. Екі бөлмелі екен. Алдыңғы бөлмеде тұрмын. Екінші бөлмеде біреуді түсіргелі жатыр екен. Жарқ ете қалды. Екі бөлме де толық сәулеленіп кетті. Дәрігер маған «бұл жерде неге тұрсыз», – деді. Мен себебін айттым. Ол кісі маған флюрография түсіріп жатқанда бөгде адамның бұл жерде тұруға болмайтындығын, қауіпті екенін ескертті. Мен күліп: «өзіңіз де тұрсыз ғой», – деп едім: «Мен осының оқуын оқығанмын. Зиян екенін білсем де бала-шаға асырауым керек, кәсібім осы» деді. Бұл жерде жас дәрігерлер жұмыс істемейтінін айтты. Содан түйген ойым ғой. Олай болса, мен сияқты ауруын анықтай алмағандарды ғана түсірсе. Жас балаларды мүмкіндігінше осындай жерге әкелмесе деген. Осыны Денсаулық сақтау министрлігіне ескертсеңіздер екен.
Екінші мәселем – оқу жайында. Мектептердегі аралас сынып дегендерді толығымен құрту керек. Бір сыныпта 4-5 орыстың баласы отырады, қалғаны түгел дерлік өзіміздің қаракөздер. Бұл дегеніңіз – біз өз ұрпағымызды өзіміз орыс етіп тәрбиелеп жатырмыз дегенді білдірмей ме? Мектеп табалдырығын тарыдай боп аттаған қазақтың баласы мектеп бітіргенде таудай орыс болып шығатыны сондықтан деп білемін. Түрі қазақ, аты-жөні қазақша, ал тілі орыс, әрі кетсе дүбәрә! Ол бала қалай ұлтшыл болмақ? Олай болса, барлық мектептерде бастауыш сыныптарда тек қана ана тілінде білім алулары керек. Ағылшын тілін бесінші сыныптан бастаса да кеш емес. Өзі кішкентай баланы апарып, «Үш тұғырлы тіл» деп миын ашытып қойдық. Балалардың бәрі бірдей зерделі емес қой. Балаларға арналған кітаптарды да шағын, ықшам, жеңіл етіп шығару керек. Қазақтың белгілі ақын-жазушыларын, әнші-күйшілерін, спортшыларын, елге еңбегі сіңген азаматтарын оқыту керек. Немеремнің кітабын алып көрсем «Мексиканың ұлы» деген әңгіме жүр. Оның не керегі бар? Түсінбедім? Қазақта ұл жоқ па екен сондай? Ұлтты кемсіткенді қою керек! Оның орнына ұлтының мақтаныштарын мадақтаса, өз ұлтының жақсы қасиеттерін жанына дарытса ғана баладан – отансүйгіш азамат қалыптасар еді деп ойлаймын. Осыны Білім министрлігіне жеткізсеңіздер екен.
Тасболат Тампишов
Түркістан қаласы
Шындық өмір айнасы
Осы алты әріптен құралатын сөз асылын ықылым заманнан айтып өткен дала данышпандарының арманы не еді?
«Бір кем дүние...» деп шырылдаған Шерағаң да естір құлаққа жеткізгенімен іске асқанын көре алмады. Шеменде кеткен қаншама сұңғылаларымыздың шындық үшін шейіт болғаны тарихымыз бен әдебиетімізден белгілі.
Тәуелсіздіктің арайлы таңын атырған намысты ұл-қыздарымыздың жанкешті ерліктерінің шынайы болмысы әлі толық ашылған жоқ. Себеп, өтіріктің шырмауына шырмалған шындықтың айтылмауы. Шындық жоқ жерде өтірік пен жалғандықтың масайрайтыны белгілі. Тыңдарман халық өтірік берілетін сандық көрсеткіштерден әбден мезі болған. Халықтың әл-ауқаты күн санап төмендеп, әлеуметтік жағдайы нашарлауда. Себеп не? Себеп қоғамдағы әділетсіздік пен жұлын құрттай жайлаған жемқорлық. Осы кемшілікті жоюдың сан-салалы жолдары айтылып, ұрандатылғанымен өзектен тепкен өтірік пен алдаудың күштілігі ме дейміз. Президентімізге халықтың арман-тілегін білдіретін бата, үндеу, ұсыныс, тілек талаптарының ұсынылғанын білеміз. Ара-тұра жақсы істердің бастау алғанына куәміз, бірақ біздіңше нақты да батыл қадам аз. Осы баяулықты тасада тұрған, солшыл күштер өте тиімді пайдалануда. Оған дәлел – қымбатшылық, әлеуметтік жағдайдың күрделілігі, экономикалық дамудың қарқынсыздығы, халықаралық жағдайдың шиеленісуі. Сайып келгенде іс тетігін шешетін кадр! Бұл талдауды, пікір білдіруді қажет етпейтін аксиома.
Бізде әлі «Он екі орындық» езу тартқызардағы кадрларды ауыстыру мен орналастыру әдісі жалғасуда. Халық көңілінен шықпаған Даниял Ахметов сияқтылармен өз ана тілін білмейтін биліктегі шенеуніктердің орынтақта орнықты отырғандарын қалай түсінеміз? Күштік құрылымдардағы жең ұшынан жалғасқан оспадарсыз парақорлар мен жемқорларды түп тамырымен аластау қажет. Ол үшін жас буын кадр саясатын еш үрейсіз, үлкен сеніммен саясат пен экономика дамуына жедел де, батыл түрде енгізу керек. Сонда ғана іс нәтижелігін көреміз деген үміт пайда болар еді.
Айбек Ділмаров,
Алматы қаласы
Ақыл айтар жан болса…
«Жас Алаш» жазбай жатқан жоқ.
Тіл туралы да талай жазды. Әлі де жаза беретініне дауымыз жоқ.
Солай бола тұра, менің айтарым, мысалы: біздің аулада ойнап жүрген балалардың көбі негізінен орысша шүлдірлеуге құмар. Неге орысша сөйлейсіңдер деп сұрасам үйреніп кеттік деп жауап береді. Ал енді қай тілде оқисыңдар деп сұрай қалсаң, көбісі қазақша оқитындар.
Менің нақты білетінім – Астана қаласы, Жамбыл атындағы №26 мектепте үзіліс кезінде балалардың өзара орысша сөйлесетіндігі. Осындай мектептердің директорлары не қарап жүр? Неге тәртіпке шақырмайды? Осы бір келеңсіздіктерді дұрыс жолға қоятын уақыт жеткен секілді.
Дұрыс лектор немесе жақсы бір жазушы, танымал әртіс секілді елге, балаға сөзі өтетін, әсер ете алатын тұлғалармен кездесулер өткізіп, балалардың санасына жететіндей қылып түсіндіру жұмыстарын жүргізсе деген ой ғана. Мектептен дұрыс тәрбие бере алмасақ кейін кеш болады деп ойлаймын.
Кәмеледен Жүсіпұлы
Астана қаласы
Немерем де қалыспай оқиды
Сіздердің газеттеріңізді үзбей жаздырып оқитын оқырманмын. Сіздердің болып жатқан барлық жайды, шынайы жазатындарыңыз ұнайды. Немерем де менен қалыспай оқиды. Сол немеремнің: «Ата, газет неге тарих туралы мақалаларды өте аз жазады? Мысалы, қазақтың рулары немесе орыс, ұйғыр, өзбек, қырғыз, қыпшақ, моңғол, моғол дегендердің шығу тарихын тарқатып жазса ғой… Жеті ата жайлы да мағлұматтар өте аз», – деген сөздері шынында да менің өзімді ойлантып тастады. Жалғыз менің немерем емес, талай қарадомалақтың ойындағысы осы ма екен деп еріксіз қолыма қалам алдым. Әрине, мен өзім де шама-шарқым жеткенінше тарих жайлы, жеті ата ұғымы жайлы айтқан боламын ғой, бірақ белгілі ғалымдардың, жазушылардың түсіндіргеніндей қайдан болсын. Сондықтан сіздерден өтінерім – осы бір бала сұраққа тұщымды жауап берсеңіздер екен. Осындай тақырыптардың жариялану ауқымын кеңейте түссеңіздер деген өтініш білдіргім келеді. Сіздерге зор денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін!
Т.Жаңабаев,
Өскемен қаласы
Крыново көшесі, 106-41
Шындық қайда?
«Жас Алашты» үзбей оқитын болған соң жазып отырмын. Ұрысұлтан құрған сыбайлас, парақор шенеуніктермен күресіңіз рас болса, ел прокурорына жазған хатымды «Жас Алаштың» бетіне жариялауыңызды өтінем. Тоқаев мырзаның өзгеріс жаңаруларында көрсететін болар?!
Көшірмесі:
АРЫЗ
2019 жылдың 19 наурызынан кейін басыма зақым тигендіктен есту қабілетімнен айрылдым. Сол кезден бастап парақор, жемқор, сыбайластар деген қылмыскерлермен кездесуім де басталды. 2020 жылы 13 шілдеден ІІ топтағы мүгедек деп танылдым. Алайда, үкімет тарапынан мүгедектікке беріліп отыратын көмекті, дәрілерді, ем-шараларды алуым қиындау. Оларды мүгедектерге емес, керісінше, кезінде атақты сатып алған парақор қылмыскерлерге кезексіз береді екен. Өзім тұратын Басқұдық ауылындағы емхана қызметкерлері, емхана тізіміндегі 666 парақор мүгедектердің тізімінде де тіркемеген. Өзіңіз араласып, көмектесуіңіздісұраймын!
Түркіменбай Бесқалиев,
Маңғыстау облысы
Мұнайлы ауданы
Бесқұдық ауылы