Хайролла Ғабжалилов, теңгенің авторы: Банкнотты ауыстыра беру – ақша жымқырудың амалы
1993 жылы 15 қарашада Қазақстанның ұлттық теңгесі ең алғаш айналымға енді. Қазір бұл күн Ұлттық валюта күні болып саналады.
Қазақтың алғашқы ұлттық валютасы – теңгенің авторы, суретші, сәулетші Хайролла Ғабжалилов теңгені шығарудың оңай шаруа болмағанын, қаншама қиындықтарды еңсеріп жасалған жұмыс екенін айтады. Сондай-ақ ол осынша еңбекпен шығарылған теңгенің құны жыл сайын құнсызданып бара жатқанына да алаңдайды. Алғашқы теңгенің авторы сұхбат барысында Үкімет пен Ұлттық банктің экономиканы дамытуға, теңгені нығайтуға қатысты жұмыстарына да ой-пікірін білдірді. Ұлттық банктің банкноттарды жиі-жиі ауыстыруының астарында не бар екенін де айтып берді. Сондай-ақ Банкнот фабрикасының құрылуынан не ұтып, неден ұтылғанымыз жайында да сөз қозғадық...
–Хайролла Мағауияұлы, ұлттық валютамыз ең алғаш қолданысқа енген жылдары теңге – есеп айырысу құралы ғана емес, ұлттың басты құндылықтарының бірі деген пікірді жиі еститін едік. Қазір мұндай сөздерді сирек еститін болдық. Неге?
– Иә, теңге ең алғаш қолданысқа енгенде ол тек есеп айырысу құралы ғана емес, ұлттың басты құндылықтарының бірі болды. Өзіміздің ұлттық теңгемізді шығару бұл тәуелсіздіктің айқын көрінісі еді. Теңгені алғаш қолданысқа енгізгенде біз шаршауды білмедік, дүние табуды ойламадық. Барлығын адал ниетпен жасадық. Тіпті өз басым, бірнеше жыл бизнесте жүріп тапқан қаржымды төл теңгемізді шығарудың жолына жұмсап жібердім. Қазақстанның өз ақшасы айналымға енген кезде, теңгені қолына ұстаған халықтың қуанышында шек болмады. Ал қазір теңгеміз қатты құнсызданып кетті. Ұлттық банк теңгенің дизайнын қайта-қайта өзгертті. Қазір теңге «жаңару» кезеңінен өтіп жатыр. Басында рәміздер қатарында болған кезде, теңгеге арнайы Теңге күні белгіленген еді. Кейін оны қаржыгерлер күні деп өзгертіп, сол қаржыгерлер аяғында бәрін бүлдіріп, теңгеміздің қадірін кетірді.
– Бізде қазір жалпы саны 30-дан асатын банкнот бар екен. Теңге ең алғаш енген жылдары 7 банкнотпен айналымға еніпті. Банкноттар санының көп болуы тиімді ме, тиімсіз бе?
– Ол рас. Біздің алғашқы теңгеміз жеті банкноттан тұрды. «Жеті» қазақ халқы үшін киелі сан ғой, соны ескердік. Мен ол кезде Қазақстан дизайн орталығын басқаратын кезім еді. Бізде 1 теңгеде Әл-Фараби, 3 теңгеде Сүйінбай, 5 теңгеде Құрманғазы, 10 теңгеде Әбілқайырдың, 50 теңгеде Назарбаевтың суреті болған еді. Сол уақытта Дүниежүзі қазақтарының І құрылтайы өтіп жатқан, әлемнің төрт бұрышынан қазақтар келген сәт еді. Олар ұшақтан түсе сала топырақты сүйді. Соны көрген Назарбаев халықтан сескенді ме, банкнотқа өз суретін бастыруды кейінге қалдырды. Сөйтіп, 10 теңгеге Шоқанның, 20 теңгеге Абайдың, 50 теңгеге Әбілхайырдың, 100 теңгеге Абылай ханның суретін салдық. Сонымен, 7 банкнот теңгеміздің негізі болды. Оған қоса, инфляциялық ақша ретінде 200 теңге шығару жоспарланған болатын. Кейін біздің қаржыгерлердің әлсіздігінен теңге инфляцияға ұшырап, 500, 1000, 2000, 5000, 10 000, 20 000 теңгелік қағаз ақшалар шықты ғой.
Негізінде банкноттардың 30-дан асуы тіпті қисынсыз және тиімсіз. Мұндай ақша шығаруға үлкен қаражат кетеді. Сондықтан Ұлттық банктің банкноттар санын арттыра беруін тиімді, қисынды деп айта алмаймын. Себебі дүниежүзі бойынша банк секторы ең қатты дамыған Англияда төрт-ақ банкнот бар. Тіпті Американың доллары да өзгермей келеді. Ал енді біздің теңгенің дизайны өзгереді де жатады.
– Иә, Қазақстанның Ұлттық банкі теңгенің дизайнын бірнеше мәрте өзгертті. Қазіргі жаңа серия «Сақ стилі» элементтеріне негізделген. Сіз алғашқы теңгенің авторы ретінде қазіргі жаңа банкноттарға көңіліңіз тола ма?
– Жоқ, мүлдем көңілім толмайды.Біздер мысалы, алғаш теңгені енгізген сәтте жан-тәнімізбен қуанып, бар жанымызды салып, «өзіміз дербес мемлекет болдық» деп алты-жеті жылда жасалатын теңгені тез арада істеп, айналымға енгіздік. Ал қазіргі банкирлерде ондай жанкештілік жоқ. Мысалы, теңге алғаш айналымға шыққаннан кейін 12 жылдан соң Ұлттық банктің экс-төрағасы Әнуар Сәйденов – Әбілқайыр хан, Абылай хан, Абайдың суреттерін алып тастап, Қазақстанның картасын, Назарбаевтың алақанын салып, жаңа теңге шығарды. Сәйденовтің артында Назарбаев тұрды. Назарбаев өз портретін бастырды. Оған халық қарсы болды. Алайда Назарбаев бүкіл теңгені өзгертіп, бәріне өзінің портретін сала алмады. Жиырма мың теңгеге салды, оның сапасы да, дизайны да нашар болды. Кезінде біздің шығарған алғашқы теңгеміз әлемдік деңгейдегі ең соңғы технологиялық жаңалықтар енгізілген, алдыңғы қатардағы банкнот болып шықты. Оны басып шығарған Англиядағы «Хариссион және оның ұлдары» фабрикасы Қазақстан мен Англияның экономикалық қарым-қатынасын жақындатып қана қоймай, соңғы технологиямен шығарған банкноттары үшін Англия Королевасының «алтын белгісімен» марапатталды. Сол кезде жаңа шыққан теңгенің үлгісі мен біздің суретімізді Британия музейі сұратып алған.
Негізінде, теңгенің дизайнын өзгерткілері келсе мен тегін-ақ жасап беретін едім деп кезінде айтқанмын. Мысалы, біздің теңгеге бір жылдары көгершіннің бейнесін салды. Көгершінді бейбітшіліктің символы деді. Түркі халықтарында көгершінді символ ету деген жоқ. Біздерде бөрі, бүркіт, тазы, қыран, яғни, рух беретін жаугершілік символы бар. Одан соң, бір кездері теңгеге теңізде ұшатын шағаланың белгісін салды. Теңіздің, шағаланың бізге қатысы қанша?! Одан кейін менің ұсыныстарымды ескеріп, теңгеге Күлтегіннің суретін, тағы басқа дүниелерді салған болды, оның өзі дұрыс емес. Тереңіне үңілсек, қазақтың тарихындай тарих ешбір елде жоқ. Теңгенің дизайнын өзгерткісі келсе, Қазақстанды 7 кезеңге бөліп тұрып, дизайн жасауға болады. Ежелгі ортағасырдан бастап, Алтын адам дәуірін, Сақ-ғұн дәуірін, Түрік қағанатын теңгеге бейнелеуге болады. Қазақтың тарихын бейнелеп, ұлттық құндылықтарды оятуға негізделген теңге шынымен де ұлттық құндылыққа айналатын еді. Мен кезінде БҰҰ-да баяндама оқығанда біздің тарихымыздай тарих жоқ екенін барынша ашып айтуға, соны жеткізуге барымды салдым. Сонда өзге елдер басын шайқап, таңғалған. Қазір енді Ұлттық банк «банкноттардың жаңа сериясын «Сақ стилі» элементтеріне негізделген, елдің мәдени құндылықтары мен тарихын дәріптеуге бағытталған» дейді. Мұндай өтіріктерге сенбеу керек. Қазір банкке басшы болып келгендердің бәрі өз қолын қойған жаңа теңге шығарып, тарихта қалғылары келді. Олар алдыңғы төрағалардың қол қойған банкноттарын жоғалтып, жаңа банкноттар шығарып жатқандарына мәз. Бұл мемлекеттің ақшасын желге шашу деген сөз.
– Бұған қоса мерейтойлық банкноттар шығаруды әдетке айналдырып алдық. Мысалы, биыл Жеңістің 80 жылдығына арнап номиналы 1 000 теңгелік мерейтойлық банкнот айналымға енді. Әрбір мерекеге арнап банкнот шығару дұрыс па?
–Бұл енді ақылға сыймайтын жайт. Ақша шығару бізде таза коррупцияға айналып кетті. Кезінде Ұлттық банкті Григорий Марченко басқарып тұрғанда Қазақстан территориясынан өткені үшін Атиллаға арнап та монета шығарған. Біздің аймағымыздан кім өтпеді, соның барлығына арнап монета, банкнот шығара берсек, ұлттық валютамыздың қадірі қалмайды ғой. Мұны маған халықаралық сарапшылар айтып, кезінде мен осы жайында арнайы сұхбат бердім. Банкнот деген, бұл идеологиялық құрал болуы керек. Біз теңгені ең алғаш қолданысқа енгізгенде оған Абылай ханды, Әл-Фарабиді, Абайды, Сүйінбайды, қазақтың үш биін енгіздік. Сол арқылы халықтың рухын көтеруді, еңсесін тіктеуді ойлап, біртуар тұлғалардың бейнесін ұлттық валютамызға бейнеледік. Артынан оның барлығын алып тастады. Енді келіп, әрбір той-жиынға арнап банкнот шығару, оны айналымға енгізу – масқара жағдай. Бұл үлкен қосымша шығын. Қазір үкімет бюджет тапшылығын жаба алмай, салықты өсіріп әлек болып жатқан тұста Ұлттық банктің мұнысы қисынсыз. Банкнотты ауыстыра беру – таза ақшаны жымқырудың, жеудің амалы. Осы арада айтарым, Ұлттық банк президентке ғана бағынады, басқа ешкімге есеп бермейді. Егер Ұлттық банкті арнайы тексеріп, аудит жасаса, түрлі заңбұзушылықтар анықталар еді.
– Бәлкім, елдегі банкнот фабрикасының жұмысын жүргізу үшін банкноттарды жаңартып отыру керек шығар. Осы жағын ойлағаннан кейін де жаңа банкноттарға тапсырыс берілетін болар...
– Бізге осы банкнот фабрикасын ашып та қажеті жоқ еді. Бұл фабриканы ашу да бір қателік болды.
– Неге?
– Себебі біздер ақшаны бірнеше жылда бір рет шығарамыз, оны шығарудың өзінің бір мерзімі бар. Мысалы, теңге ең алғаш қолданысқа енгеннен кейін қолданыста жүрген банкноттарды 10 жылдан кейін бірақ жаңарттық. Қолдағы ақша әбден ұстауға жарамсыз болып қалғанша айналымда жүре берді. Ақшаны шығарудың өзінің мерзімі бар. Ақшаның жарамсыз болып қалғанын тастап, жаңасын сегіз жылдан кейін ауыстыру керек пе, оның барлығы өзі процесс барысында анықталады. Солай ауыстыратын мерзімі келгенде Англияға барып, жаңа ақшаларды шығарып, ауыстырып алып келуге болар еді. Енді қараңыз, біз қыруар қаражатты шашып, банкноттар фабрикасын ашқаннан кейін, бізге басқа мемлекеттер ақша басуға тапсырыс беруі керек. Өкінішке қарай, бізді ешкім мойындамайды. Тіпті іргеміздегі қырғыздар да, өзбектер де ақшасын бізге шығартпайды. Қазір біздегі алып фабрикадағы ақша басатын қымбат құрал-жабдықтар диплом, туу туралы куәлік, медаль шығаратын болып кетті. Сондықтан да мұндай техникалық базасы қымбат фабриканы ашудан гөрі, ақшаны әр бес жыл сайын барып Англиядан шығарып әкелген дұрыс еді. Бұған шығын да аз кетеді. Экономикалық тұрғыдан да, қаржыны үнемдеу жағынан да осы тиімді болатын еді.
– Білесіз, теңге қолданысқа енген кезінен бастап 120 есеге құнсызданып кетті. Бұған не себеп деп ойлайсыз?
– Бұған Ұлттық банктің ақша-несие саясатын сауатты жүргізе алмауы, үкіметтің экономикалық даму жоспарын дұрыс құра алмауы себеп. Сондай-ақ біздің экономиканың тікелей Ресейге байланып тұрғаны себепкер.
Негізінде, біз ең алғашқы теңгені шығарарда, теңгеміздің құнын белгілеу керек болды. Ұлттық банк ол кезде теңгені шығару үшін Лондондағы «Харрисон және оның ұлдары» деген банкнот шығаратын фабрикамен келісімшартқа отырған болатын. Сол кезде бізге әрбір банкноттан қанша дана керектігін, жалпы көлемі қанша болу қажет деген сұрақ тұрды. Алайда оған бізден ешкім жауап бере алмады. Олар өздерінің экономисін ұсынды, ол халқымыздың санын, экономикамыздың әлеуетін есептеп отырып, санап шықты. Бұдан соң теңгенің құнын белгілеу үшін сол кезде әлемдегі ең тұрақты валюта неміс маркасы болатын. Содан не керек, 1 теңге 1 маркаға тең болсын деген шешім қабылдап, жаңа шығатын теңгеміздің жалпы көлемі соның негізінде есептелген еді. Алайда теңге нақты айналымға енетін кезде Жандосов, Шөкеев, Ізтілеуов, Мыңбаев, Марченко сияқты комиссия мүшелері «Неміс маркасының не керегі бар, бізге Ресейдің рублі керек» деп, 1 теңгемізді Ресейдің 500 рубліне теңестіріп, теңгені айналымға енгізді. Теңге айналымға енген алғашқы күні 1 доллар 4 теңге 50 тиын болатын, қазір 1 доллардың құны 500 теңгеден асып кетті. Теңгемізді Ресейдің рубліне байлаған комиссия мүшелерінің қателігінен ақшамыз әу бастан инфляцияға ұшырап, құлдырап бастады. Қазір де Ресейдің рублі құнсызданса бітті, теңгеміздің құты қашады. Өкініштісі, біздегі банкирлердің де, үкіметте отырған министрлердің де өз саласынан хабары жоқ. Саланы басқарып отырған министрлер сауатсыз болса, экономика дамымайды. Банкирлердің не істеп не қойып жатқанын ешкім білмейді. Бақылау жоқ. Осының барлығы айналып келгенде экономикамызды төмендетті, экономика төмендесе теңге қоса құлдырайды. Алғаш қолданысқа енгелі бері төл теңгеміздің 120 есеге дейін құнсыздануының нақты себебі осы.
– Сіз банкирлерді, министрлерді үнемі жалпылама түрде сынайсыз. Нақты қай-қай салаға көңіліңіз толмайды?
– Қазір біздің экономиканың нақты өсімін санап отырған маман жоқ. Барлығы жалпылама статистиканы айта береді. Бізде сауатты банкирлер де жоқ. Кім болса сол банкир. Бір банкте жұмыс істеп шығады да, үлкен банкир болып шыға келеді. Баяғыда біздің кезімізде Берлин Иришев деген банкир болды. Ол Алматы халық шаруашылығы институтын, Мәскеу қаржы институтының аспирантурасын, Ресей президенті жанындағы мемлекеттік қызмет академиясының докторантурасын бітірген. Әр жылдары Алматы халық шаруашылығы институтының кафедра меңгерушісі, КСРО Внешэкономбанкінің «Казвнешэкономбанкі» басқарма төрағасы, Alem Bank Kazakhstan басқарма төрағасы, Эксимбанкінің басқарма төрағасы болды. Отандық және шетелдік басылымдарда басылған түрлі өзекті тақырыптарға арналған жүздеген зерттеу жарияланымдардың авторы. Оның зерттеу саласы: шетелдік инвестициялар, банктер, монетарлық саясат, экономикалық патриотизм, ядролық энергетика, ауызсу, аграрлық саясат, әлемдік дағдарыс пен интеграция мәселелері. Қазір бізде осындай банк саласын зерттейтін, экономиканы нақты білетін банкирлер жоқ қой.
Кезінде бас банкті Дәулет Сембаев та басқарды. Ол Қазақстандағы 1998 жылғы зейнетақы реформасын жасаушылардың бірі ретінде танымал. Ол 1993-1996 жылдары Ұлттық банк төрағасы болғанда қазіргі жүйені жасап кетті. Міне, 30 жылдан асты, банк саласын жаңартуға қатысты осы уақытқа дейін жаңа заң ойлап шығаратын маман болмады. Былтырдан бері дабыл қағылғаннан кейін биыл ғана жаңа заң жобасы әзірленген болып жатыр. Осындай мысалдарды айтсақ, банкирлердің қызметіне расымен де көңілім толмайды. Қазіргі банкирлер халықтың емес, қара басының қамын ойлайды. Олар жоғары пайызбен несие беріп, елді кредитке батырып қойды. Халықтың дені қазір тапқан табысын тек несиеге ғана төлеп, азық-түлігіне, күнделікті тұрмысқа қажетті заттарына қаражат жеткізе алмай жүр. Банкирлері мен министрлері сауатты болған елдің халқы несиеге белшеден батпайды. Менің осыған көңілім толмайды.
– Бұған қатысты қандай да бір ұсыныстарыңызды жоғарыға жеткізе алдыңыз ба?
– Біздегі банктердің барлығы шіріген бай, олигархтардың меншігі. Ең қызығы, үкімет сол байлардың банктерін қолдайды. Үкімет банктерге өзі ақша береді, сөйтіп ұзақ мерзімді қарызға қаражат беру арқылы банктердің тасын өрге домалатады. Солар арқылы түрлі мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландырды. Қазір қай банктің қай бағдарламаны қаржыландырып, одан 100 пайыз нәтиже көргенін айта алмаймыз. Себебі бақылау төмен. Кейбір бағдарламаларға бөлінген қаражат құмға сіңген судай жоқ болып кетті. Мұны біз айтудай-ақ айтып жүрміз. Бірақ оған құлақ асатын ешкім жоқ.
– Бұдан басқа қандай ұсыныстар айттыңыз...
– Мәселен, бізде қарызға белшеден батқан ұлттық компаниялар бар. Сол компаниялардың басшылары млрд-таған сыйақы алады. Мысалы, «Самұрық-Қазына» ұлттық компаниясын трансформация жасау туралы айтылды. Осы қордың таза табысы былтыр 1,8 трлн теңгені құраған. Қарызы 7 трлн теңге. Бұл біз білетін бер жағы ғана, ал білмейтініміз тіпті көп. Ойланатын нәрсе ғой. «Самұрық-Қазына» экономиканы дамытуға қатты кедергі келтіріп отыр. Бұл қор, инфляцияны жасайтын көздердің бірі. Себебі бұл қорға Ұлттық қордан трансферттер беріледі. Ол қаражат айналымға шығады. Бұдан нарықта ақша массасы көбейіп, қымбатшылық дендей береді. Ұлттық қордан бөлінген қаражатқа «Самұрық-Қазына» бір зауыт салған жоқ. Тек өзге елдермен бірлескен жобаларды ғана орындайды. Бұл компания басшыларының алатын сыйақысының өзі сұмдық. Осыны айтып та, жазып та жүрміз. Бұдан соң Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жобалары көңілге қонбайды. Еңбек министрлігі елді жұмыспен қамтуды ретке келтіре алмай отыр. Дамыған елдерде жұмыссыз қалған адамдарға жұмыс тауып орналасқанға дейін мемлекет тарапынан жалақы төленіп отырады. Ал біз қарапайым халықтың жалақысынан салық ұстап, бюджетті толтырып отырған елміз. Ең сорақысы, халық өзінің жинаған зейнетақы жинағын емделуге пайдаланғысы келіп, соны алатын кезде одан да салық ұсталып келді. Бітпейтін салық пен айыппұл. Биыл үкімет ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге өсіруді кейінге шегерді. Себебі экономика әртараптанбаған, еңбек өнімділігі жоқ. Осындай жайттарға қарап, ішің ашиды. Көңілің толмайды.
– Сіздіңше, қазір алдыңғы сапқа нені шығару керек?
– Әрине, халықтың мүддесін дер едім. Экономика шенеуніктерді байыту үшін жұмыс істемеуі керек. Бізде Менделеев кестесіндегі 99 элементтің барлығы бар. Ресурсқа бай елміз. Алайда сондай шылқыған байлықтың үстінде отырып теңгеміз құнсызданып, инфляция дендеп, халықтың кедейленіп жатқаны дұрыс емес. Халықтың мүддесі, елдің жағдайы алдыңғы сапта тұруы керек. Сонда ғана Қазақстанның болашағы жарқын болады.
Сұхбаттасқан Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ