Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:35

Хегсет: Иран енді ракета өндіре алмайды

Пит Хегсет
Фото: Kevin Lamarque/REUTERS

АҚШ Иранның қорғаныс өнеркәсібін толық жойып, Тегеран енді ракета өндіре алмайды. Бұл туралы Пентагон басшысы Пит Хегсет мәлімдеді. Оның айтуынша, америкалық әскерилер бітім режимінің сақталуын бақылап отырады.

Хегсеттің сөзінше, соғыс барысында АҚШ Иранның зымыран өндіру қуатын толықтай жойған.

"Біз Иранның қорғаныс өнеркәсібін толық жоюды аяқтадық, бұл біздің миссиямыздың негізгі бөлігі еді. Олар енді ракета шығара алмайды", - деді ол 8 сәуір күні Вашингтонда.

Оның айтуынша, Иран бұдан былай өзге де заманауи қару түрлерін өндіруге қауқарсыз.

Бітім — тек үзіліс

АҚШ Қарулы күштері штаб бастықтары комитетінің төрағасы Дэн Кейн егер президент Дональд Трамп бұйрық берсе, Иранға қарсы соққыларды қайта бастауға дайын екенін айтты.

"Атысты тоқтату – бұл тек үзіліс. Қарулы күштер кез келген бұйрық немесе сұраныс болған жағдайда әрекет етуге дайын, - деді Кейн.

Хегсет те АҚШ әскері толық жауынгерлік дайындықта тұрғанын атап өтті.

"Біз ешқайда кетпейміз. Біз Иранның бітім шарттарын сақтап отырғанын бақылап отырмыз", - деді ол.

Бітім және Ормуз бұғазы

7 сәуір күні АҚШ президенті Дональд Трамп бес аптадан астам уақытқа созылған соғыстан кейін АҚШ «барлық әскери мақсаттарына жетті, тіпті одан да асыра орындады» деп мәлімдеді.

Сондай-ақ ол екі апталық атысты тоқтату туралы келісім жасалғанын хабарлады. Бұл келісім аясында Иран стратегиялық маңызды Ормуз бұғазын кеме қатынасы үшін ашуға келіскен.

Иран тарапы өз кезегінде бұл бітімді «жеңіс» деп бағалап, Вашингтон Тегеранның Ормуз бұғазын бақылауын мойындады деп мәлімдеді.

Бірақ 9 сәуір күні Иран Израиль Ливанға әуе соққысын жасаған соң, бітімді бұзды деп Ормузды қайтадан жауып қойды.

Соғыс барысы

Қақтығыс 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған соққыларынан басталған. Бұл шабуылдар нәтижесінде Иранның жоғары діни көшбасшысы Әли Хаменеи және режимнің шамамен 50 жоғары лауазымды өкілі қаза тапқан.

Бұған жауап ретінде Тегеран Израильге, Парсы шығанағы елдеріне және аймақтағы АҚШ нысандарына ракета мен дрондар арқылы соққылар жасаған.

Тегтер: