Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:57, 15 Шілде 2022

ХХІ ғасырға құлдық!

None
None

Өткен ғасырға өкпеміз қарақазандай болғанмен, ғасыр соңында ата-бабамыз аңсап өткен тәуелсіздік таңы атып, таңымыз айрыла шаттыққа бөлендік емес пе?

Бұнымыздан айрылта көрмесін, тек ұзағынан сүйіндірсін деп тілейміз!

 Енді, міне, іле-шала жаңа ғасырда айқара есігін ашып, біржола құшағына орап алды. Басқаны қайдам, өз басым өрем жеткенше осы құлдық ұрғызған ХХІ ғасырдың қадір-қасиетін қамшылап өтейін.

 Алдымен айтарым, жас келіп жасамыс тартқанда мынау үбірлі-шүбірлі немерелерімді бағып-қағудан құтылғаныма құлдық! Бұрынғы біреуі мойнында, біреуі арқасында, қалғаны жетегінде ілініп-салынып еңкіш тартып кетіп бара жатқан бұрынғы әже-апаларды көз алдыма келтіріп, еңсе езіліп жүнжіп бітуші едім… Қазір рахат, балабақша деген мекемең оларыңды қаракешке дейін қамап ұстап, кешке келін-ақ көлігімен зыр еткізіп әкеле қояды. Иіскеп мауқым басылмай-ақ таң атып, олар тарыдай шашылып баратын жеріне тайып тұрады… Е, өстіп қолды ұзартқан ғасырыңа тәуба деп отырған кемпір-шалың бір біз ғана емес.

 … Бұрынғының кәртайған шал-шауқаты келін баланың қас-қабағына қарап қағажу көрмеуші ме еді… Қазір рахат! Айналайын зейнетақының арқасында, әсіресе екі қолға бір күрек табылмай отырған ауылды жерлерде алшаң басып асыға оңынан түсіп жүргендерде бар. Тегі кері кетіп керги қалған бала-шағаға тап келсең, жиған-тергеніңді өңгер де, айналайын қарттар үйіне тайып тұр...  Онда да тек зейнетақыңның бөлшегін бөліп бере қойсаң – төсегің салулы, төрт мезгіл тамағың тартулы, ал басыңдағы үйіңді өткізіп берсең,  сенен өткен сыйлы пенде болмай, уайым-қайғысыз қартая бер.

 … Е, иә, ақшаң болса талтаңда да талтаңданың заманы туды. «Есектің артын жусаң да мал тап» дегеннің уақыты келген кезең. Арыңды сат, көзін тап – тек қаражатты қампитсаң болды – күнің туады, көзің ашылады, көңілің көкте, өзің өзен-көлде армансыз шалқалап жатасың… Қазір миллиард жеп он жылға, жарты миллиард қылғытып бес жылға сотталып кете бару екінің бірінің асқақ арманы… Бұрындары – сотталу, әсіресе қазына қаражатын жымқырып істі болу өліммен тең болды емес пе?.. Ол қорлықты да бастан өткеріппіз.

 Жаңа ғасырға құлдық, ағыл-тегіл ақшаң болса төбедегің түгенделеді! Ақшаң болса, сәл өнерге бейімің болса болды, күндіз-түні теледидардан түспеуіңе болады. Әрі кетіп әуелеп аспандағы жұлдызға теңеліп, теңселіп шыға келуің ғажап емес!

 … Жымқыру демекші, біздің ел бұл жағынан әлемдегі ондықтан ойып тұрып орын алыппыз. Е, иә, премьер-министрімізде істі болып, ақыры айналайын ақшаның құдіретімен көп өтпей-ақ босап шықты емес пе. Олар айтады, ақшаң болса түрмең түнек емес, алшаң басып уайым-қайғысыз күн өткізер пейіш дейді.

 Баяғы ақша… ойпыр-ай, көл көсірдің арқасында ата-бабасын түгендетіп, қыш кітап шығарғандар да жетіп артылады. Ескерткішің не, көше бұйыртып, бүкіл бір ауыл атын алтын әріппен ата-баба атына жаздыртып, жазмыштан оздыртып ойып тұрып орын алды емес пе?

 … Жаңа заман – талант, білімің бес тиындық бақыр, тек жоғарыда жоталы көкең болса болды, бағың жанып, базарың орнайды.

 … Осылай-осылай қарағым, ХХІІ ғасырға құлдық ұрып барамын! Менің өрем желдей жетіп, есіп айтып өтпегім осы. Сенің де делебезең қозып, қосып-аларың боларына сенемін. Яғни сенде, менде бұл ғасырға құлдық ұрамыз!

 … Е, иә, айтпақшы – алдағы ХХІI ғасырда өмір сүретіндерде тіптен арман болмайтын шығар… Әттең сол ғасырда ғұмыр кешер ме еді-ай!..

КЕРЖАҚ

 Ауылдас, аталас, тай құлындай бірге өскен Пықып сыныптаспен реті келіп бір дәмханада екеуден-екеу оңаша басымыз қосыла қалмасы барма?

 Онымен бір кездері ел қатарлы кезімізде жұбымыз жазылмайтын. Пәлекет қалай бағы жанып мемлекеттік қызметке табан тірегеннен бастап бізден алшақтай бастаған. Қазір ғой дөй қызметте. Несін айтасың, биліктің бел ортасында жүргендіктен, асып-тасыды, шалқып-қалқыды, бір сөзбен – ішкені алдында, ішпегені – артында… Биліктің «құдіретінің» арқасында құзыретіне құрық бойламайды, мұндайды «артымен диірмен тартады» деуші ме еді...

 Кезіккен екенбіз, қайтер екен деп:

 – Тәуелсіздігімізге ширек ғасырдан асты, әлі жоқ-жітіктен арылмай келеміз, – деп сөзімді төтесінен тартып едім:

 – Әй, Ілдеке-ай, көрмес түйені де көрмес! – деп алдыда, әйда кеп бір кезбен бұл кезді салыстыра сапырылыстырып жарты сағаттай тоқтамай сөйлесін. Ұққаным – қазір қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнапты… Өзгені қойып, қазақ жұртын әлем мойындаған беделді мемлекетке айналыппыз. Әділдік орнап, қара қылды қақ жаратын қасиетті кезең орнапты. Білімді мен қабілеттінің бағы жаныпты. Бір сөзбен, болмай жүргендер тек бозбүйрек, жалқау мен жатып ішкісі келетіндер екен… «Жемқорлық, коррупция» деп даурығатындар − көре алмастар, түймедейді түйедей еткісі келетіндердің қисынсыз қыңыр қыжылы екен..

 Не керек, сыныптасым осы тектес тәлейлі тіркестерді үйіп төккенде өз басым бір сәт басқаны ұмытып, мамыражай заманда өмір сүріп жатқандай күй кешіп «ертегі» еліне сүңгіп кетіппін...

 – Не болды-ей! – дегеннен селк етіп есімді жисам, Пықып:

 – Біраз сілтеппіз, есеп айырысар қағазын алдыңа қойдым, карточкамен есептесіп үйренген басымыз, мұнда оны қабылдамайды екен, − дейді. Не керек, онымен кезіккен өзіме обал жоқ, карточкі дегеніңді былай естігенмен пайдаланып көрмеген басым, есеп айырысуға тура келді.

 … Зымыраған уақыт, бірде сол Пықып сыныптасыммен тағы да оңашада отыра қалыппыз.

 Естігенмін, пәлекеттің бағы тайып, қызметтен қуылу былай тұрсын, ісі насырға шауып, дүние-мүлкі тәркіленіп екі жылға шартты түрде кесілген деп.

 Кезіккен екенбіз, қайтар екен деп:

 – Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман-ә?! – деп сынай қарап едім:

 – Оттапсың! – деп одыраң етті де, әйда кеп көсілсін. – Қазба байлығымыз біткен күні артымыз ашылады. Жемқорлық, коррупция жайлаған елдің алды жар, арты құз, омақаса құрдымға кетер күніміз жақын. Аттөбеліндей  бишікештер билеген, қара халықты сүліктей сорған заман! Құр даурығу, бопса тірлік, қарабастың қамын ойлаған опасыздар оңдырмас! Балық басынан шіриді, талапай, миллиардтарды құрдымға жіберіп отырған да, үлде мен бүлдеге малынып отырған да солар. Білімді-білікті жүнжіп бітті, бөзөкпе, жылмағай, жағымпаздардың жолы болған заман әлі жалғасуда… – деп тікен тіркестерді тоқтамай тоғытып еңірегенінде қараптан-қарап отырып өз басым бір кездегі «ертегілер» елінен атып шығып:

 – Сабыр, Пықеке сабыр! – деп сабырға шақырып едім, көпті көрген пәлекет тиылып:

 – Біраз сілтеппіз, есеп айырысар қағазын алдыңа қойдым, күйіп-пісемін деп қалта қапшығымды үйде қалдырып кетіппін, − дейді...  Көзжасын төгіп күйіп-піскен туыстан не аяйын, есеп айырысып, таксилетіп үйіне апарып тастадым.

ШАЙПАУ «ҚАТЕКЕҢЕ» РИЗАМЫН!

 «Қатеке» деп отырғаным – үйдегі қосағым, қамқорым, қарашығым, ақылшым, ардағым!.. Неге бұлай ағыл-тегіл ағытылып бұлбұлша сайрап қалдың дейсің бе?!.

 Күніміз соған қарағалы қашан?!

 Дәлдей айтсам – тәуелсіздіктің таңы атқан күні менің қарам өшіп, қарғыбау кидім десем болады. Яғни бір мен емес, еркек атаулы жұмыссыз сенделіп құмырсқа теріп кеткенде, осы қатекеңдер атқа қонып, ала дорба асынып асқақтады емес пе?

 Біз бала бағып, отын жағып үйгішік болып, ал ана кісілер қытай асып «ала дорбаның» заманын жүргізді емес пе...

 Сонымен, әлқиссамды аяқтап, айтарымның тоқетеріне көшсем – қазіргі көптен көш ілгері кеткен кердең қалпым осы «қатекеңнің» қаһары… Қаһары емей немене, барымызды базар арқылы үлде мен бүлдеге орап отырған бір өзі… Ойпыр-ай, бірақ сәтте ертоқымнан ауып түсіп, бар тізгінді қатын ала қояды деп кім ойлаған...

 Қайтеміз, көндік! «Ердің атын қатын, я бәйгеден келген аты шығарады», «Қатын қайраттанса, қазан қайнайды», «Әйел правосы әкеңнен үлкен», «Хан жарлығынан қатын жарлығы күшті», «Еркек жолдас, әйелден әзірейіл де қорқады, сен адамсың ғой, шыда!», «Қатының ақылды болса – өз ақылың қалтаңда қалады», «Бір әйелдің көтерген жүгін екі есек көтере алмайды» деген мәндегі мәтелдерді мойындауға тура келді.

 Не керек, шайпау қатынға ризамын!

 Піссімілләсін, бұрынғы «бөтелкелес достардан» бастап, бірақ күнде оларды тыйып, тып-типыл етті де, өзімді де «ақаңнан» біржола аластатып, қолыма таспиық ұстатып, өмірі есігін ашпаған мешітке апарып бірақ тоғытты...

 Шәйпаулығының арқасында бұрындары ауылдан ағыл-тегіл ағылып жататын ағайынға есігіміз тарс бекітілді...

 Ойын-той, жын-ойнақ, барыс-келіс, алыс-беріс те келмеске кетті десек болады.

 Түз түгіл үйдегі үлкенді-кішілі кикілжің атаулының ақырғы сөзін бір өзі кесіп айтады. Біздікі «ләппай, тақсырдан» аса алмай, тек орындау.

 Ойпыр-ай, бұрынғы шайпау мінезімнің сап тиылып, «қойдан жуас, бетегеден аласа» кейіпті кигеніме дос түгіл, дұшпаным да аң-таң. Баяғы байқамай айтып қоятын анайы сөзді айтпақ түгіл, ондайларды естігенде кірпіше жиырыла қалатын мінезіме өзге емес өзім де қайран қаламын.

 Бұрындары сергіп-серпілу үшін анда санда сыра-пыра сияқты ханаларға барып тұрушы едім, қатекеңнің шорт кесуімен ол көзден бұлбұл ұшып, қазір айына кемі екі рет театр секілді «түрменің» табалдырығын тоздырып жүрген жайым бар. Одан қалса кешкілік бала-немерелердің ортасында отырып оларға ертек, хисса-дастан секілді кітаптарды оқимын деп өзімнің де сауатымның біраз жерге кетіп қалғанына бек ризамын.

 Несін айтасың, бұған да шүкірлік. Басында бас иелікті бермей бұлқынған басым, келе-келе көндіктік.

 Ойлап қарасам, қатекеңнің шайпаулығының арқасында арқа-жарқа тірлік орнап… Өз басым, бес уақ намазымды оқып, ертелі-кеш спортпен айналысып… е, ана бітірген мамандығыма қарай ғылымға ден қойғанымды қайтесің… Бұлар біздің біртуар бәйбішенің арқасы… Бәйбіше демекші, пәлекет өткенде: «тоқал алам десең шетелде оқып жатқан тетелес сіңлім бар, соны өзім алып беріп, тойды атышулы аралда өткіземіз» дейді… «Ташкентте әпкем бар, менен өткен сорақы» демекші!.. Қайтесің, көнеміз!

АШУ ШАШУ-БАСУ

 Пықып доспен бір мекемеде қызмет істейміз. Қызметімізде бірдей, дәрежемізде тең, ел қатарлы күйбең тірлікпен күн кешіп жатқан жайымыз бар.

 Бірде Пықекеңді қарапайым сыраханаға шақырып өзіміздің сылдыр сусынын сіміріп отырып:

 – Әй, ит тірлік-ай, бүйте берсек құрдымға кетіп құрырмыз! Әділетсіздік белең алған әкірең әумесерлердің жолы болғыш! – деп әңгімемді әріден бастап, біраз қыжылымды ағыл-тегіл ағытып барып тоқтаған болып едім, Пықекең саптыаяғын сіміре тауысып тілге келді.

 − Ілдеке, сабыр! «Сабыр түбі сары алтын» деген. Негізі, дүниеде ашудан өткен әпербақан болмайды деседі. Ашумен қаншама ақылға сыйымсыз әрекеттер жасалады. Соңында опық жейді, бармақ тістейді. Бұл пәлекеттің пәтуасыздығы сонша, бір сәттік ашу бүкіл ғұмырыңа кесапат болып кесекөлденең тұрып алады екен… – деп кідірген болып, анаусынан бір сіміріп барып: − Ашудың зиянын ғылымда дәлелдеген, медицинада одан келер кесапатты көлденең тартқалы қашан… Атам қазақ «Ашу бар жерде – ақыл зымзия» деп нақыл, «Қой дегенде қоймасаң, арашаға зар боларсың» деп те түйгенін қалдырған. Негізі – өз денсаулығың құриды, өзгелерге келтірер кесапаты да көлгөсір… – деп тоқтағаны анық есімде, одан әрі айтылған ашудың зияны жөніндегі ұлағатты сөздердің біразы еміс-еміс есімде қалыпты. 

 … Зымыраған уақыт, күндер өтседе мен бейбақ сол қарапайым қызметімдемін, Пықекең мекемеміздің дөй бастығы болып бағы жанған болатын.

 Бірде сол Пықекең мені қаладағы дөй сыраханаға шақырып шетелдің әйдік сусынын сіміріп отырып:

 – Әй, иттер-ай, көресеңді көре алмастардан көреді екенсің! Аяқтан шалғысы келеді, қит етсең қиып түсуге дайын! – деп әңгімесін әріден бастап біраз қыжылын ақтатөк тоғытып сәл кідіргенінде:

 − Пықеке, сабыр! «Сабыр түбі сары алтын», «Ашу бар жерде ақыл зымзия» деген бар, − деп менде өткендегі өзінің «өзекжарды» сөзін еске түсіріп келе жатыр едім, қолын сілтеп тоқтау жасап:

 − «Ауызға келген түкірік – қайта жұтсаң мәкүрік», «Ақылды үндемесе ақымақ жеңдім дейді», «Ит қаппағы келгенді қаппаса, қартайғанша қайғырады» дегенде бар, − деп біраз осы тектес тәлімді тіркестерді тізбелеп барып, негізі, ашуды кідірткен жөн екен. Бір ғылыми журналдан оқыдым, кідіртіп қалу – аты жаман аурудың алғышарты болып, күрделенсе түйін тастап біржола орын теуіп оңдырмайды екен… Ал ағыл-тегіл ашу − біссімілләсі қан тамырлар кеңіп, ондағы зиянды қалдықтар бір сәтте тарап, ағзадан ағып жөнкіледі екен де, жүрек жарықтық жөнге келіп, ми тамырлары мамыражай күйге енеді екен, − деп тоқтағаны анық есімде, ал одан әрі айтылған ашудың пайдасы туралы жөн сөздердің біразы ғана есімде қалыпты.

Тегтер: