Хиджаб дауы: Мүфти бой бермейді, министр түк көрмейді
Жыл сайын жаңа оқу маусымымен бірге туындайтын хиджаб дауын биыл Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы бастап берді. Журналистер сауалына жауап берген бас мүфтидің конституцияға емес, шариғат заңына сүйене сөйлегені жұртқа ұнаған жоқ.
«Балиғат жасына толған, Аллаға сенген әрбір қыз бала орамал тағып жүруі керек. Мұны шариғат міндеттеген. Оны біз бұрын да айттық, қазір де айтамыз. Сіз зайырлы елде тұрамыз, оқушы қыздар не үшін хиджаб тағады деп отырсыз, намаз оқитын қыз баланың да құқығы бар ғой? Ол орамал тағып жүргісі келеді, оған не үшін тыйым салуымыз керек? Ол намаз оқиды, Аллаға сенеді», – дейді мүфти.
Бас мүфтидің бұл сөзі оқушы қызын мектепке діни киім кигізіп жібергісі келіп жүрген, онсыз да қоғамнан оқшаулануға, мектепке мүлде бармай қоюға тырысып жүрген ата-аналарға жақсы сылтау болуы мүмкін. Кешеден бері әлеуметтік желіде мүфтиді қолдап, жазба жазып жатқандар да көп. Тіпті қыза келе «конституция шариғат заңынан кейін тұрады» деп салғандар бар. Осындай діни сауаты төмен, заңнан хабары жоқ адамдар ҚМДБ басшысының сөзінен кейін ұшқары әрекеттерге баруы да ғажап емес.
Наурызбай қажы хиджаб мәселесімен ғана шектелген жоқ. Журналистер одан «елде жас қыздарды екінші, үшінші әйел болуға үгіттейтін топтар пайда болды, мүфтият осыны біле ме? Кәмелет жасына толмаған балалардың үйленуі дұрыс па?» деп сұрады. Ал мүфти бұл сұрақтарға тіке жауап бермей, «біздің салтымыз бен шариғатымызда ер адам болсын, әйел болсын, балиғат жасына толған соң үйлене алады. Құранның өзінде «Аллаға иман келтіргендер қалаған әйелдеріңе үйленіңдер» делінген. Яғни балиғат жасына толғаннан кейін үйленуге рұқсат беріледі», – деп, орағыта сөйледі.
Бұл жауаптың да конституцияға томпақ тұстары көп. Қазақстанда заң бойынша 18 жасқа толған ер мен әйел өзара келісім бойынша ғана үйлене алады. Мүфтидің «иман келтірген адам қалаған әйелге үйлене алады» дегені заңдағы екі тараптың өзара келісімі болу керек деген талапқа сай келмей тұр.
Оның үстіне ҚМДБ басшысы бұл жерде балиғат жасы деп кәмелеттік жасты айтып отырмағаны анық. Өйткені ол шариғатқа сілтеме жасап сөйледі. Ал шариғат бойынша балиғат жасы ұл мен қыздың жыныстық жетілуіне байланысты есептеледі, яғни ұлдар 12 жаста, қыздар 9 жаста балиғат жасына толады. Біз мұны ҚМДБ-ның ресми сайтындағы мәліметке сүйеніп айтып отырмыз.
Демек елдің бас мүфтиі 9 жасқа толған жасөспірімнің тұрмыс құруына рұқсат деп отыр. Бұл конституцияға, зайырлы ел ұстанымына және өркениетті ғасырдың заманауи талабына сай келмейді. Наурызбай қажы қанша жерден діни қызметкер болса да, заң мен замана талабын ескере отырып сөйлеуі керек еді. Өйткені Қазақстан шариғатқа емес, конституцияға бағынады.
«Мүфтидің бұл сөзі орынсыз. Қазақстанның әрбір азаматы конституциямен жүруі керек. Ал ол кісі шариғатқа сілтеме жасап отыр. Біз діни ұстанымдағы мемлекет емеспіз, мүфти мұны жақсы біледі. Бір күні шариғат заңына сүйеніп, балиғат жасына (9 жасқа) толған қыз тұрмысқа шығу керек деп пәтуа берсе, не болады? Егер бір ер азамат 9 жастағы қызды ұнатса, соны алуы керек пе? Бұл сөз соны да меңзеп тұрған жоқ па?!
Біз кәмелеттік жас пен балиғат жасының ара-жігін ажыратып алуымыз керек. Қыз балаға алғаш хайыз (етеккір) келгенде балиғатқа толды деп есептеледі. Бұл шамамен 8-9 жас. Жақында Ирак елі 8-9 жасқа келген қыздың тұрмысқа шығуына рұқсат беретін заң шығарды. Демек біздің елде де біреу балиғат жасына толған қызды тұрмысқа беруді талап етуі мүмкін ғой. Бұл нағыз педофилизмді қолдау емес пе?» – дейді танымал заңгер Айгүл Орынбек.
Бейсембаев түйені де көрмейді
Қазақстанда оқушы қыз хиджаб киюі керек пе, жоқ па деген дау жылда туындайды. «Хиджаб кигізбесе, баламды мектепке жібермеймін» дейтін ата-аналар бар екенін білеміз. Тіпті тұтас бір ауыл хиджаб үшін қыздарын оқуға жібермей, шу шығарғаны есімізде.
Билік те, діни қызметкерлер де бұл даудың нүктесін қоя алмай отыр. «Біз зайырлы елміз, оқушыға хиджаб кигіземіз бе, жоқ па деген сұрақтың өзі орынсыз, оқушы тек мектеп формасын киеді» деп, шорт кесуге шенділердің шамасы жоқ. «Өркениетті ғасырда, зайырлы елде өмір сүріп жатырмыз, ескі дін талабына жармасып алмайық» деп, келісімге келуге діндарлар дайын емес. Соның салдарынан жеке ойы қалыптаспаған жеткіншектеріміз екі тараптың ортасында қалып, от кешіп жүр.
Бұл мәселеде биліктің ұстанымы солқылдақ деп бекер айтып отырған жоқпыз. Былтыр оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «мектепке хиджаб киіп келгісі келетіндердің тізімін жасауды» ұсынып, оларға рұқсат беретіндей кейіп танытқан. Тіпті оқушы қыздардың хиджаб кию-кимеу мәселесін ҚМДБ-мен ақылдасамын деп, айды аспанға шығарған. Сол кезде білдей министр мемлекет ісіне араласа алмайтын діни бірлестіктен кеңес сұрағаны қалай деп таңғалдық.
Сөйткен Бейсембаев биыл басқаша сөйлеп жүр. Жақында берген бір сұхбатында ол «мектепте хиджаб мәселесі жоқ» деп мақтанды. Соған қарағанда ол былтыр ғана белсенді ата-аналар жағадан алғанда қорыққанынан ҚМДБ-ның қалқасына тығылғанын ұмытып қалған сияқты. Оның айтуынша, мектептегі хиджаб дауы дегенді қоғам ойдан шығарып алған.
Бейсембаев айтқандай, мектепте хиджаб мәселесі жоқ болса, бірнеше жыл бұрын Фердауси ауылында 200 оқушы хиджабын шешуден бас тартып, дау шығармас еді. Сондай-ақ әлеуметтік желіде «сабақ уақыты қолайсыз, намазым қаза болып жатыр» деп наразылық білдіретін немесе 16-17 жастағы қыздарды тоқал болуға үгіттейтін топтарға тіркеліп, ерте жастан некеге елітіп жүрген жасөспірімдер көп. Министр мырза осының бәрін қайырып қойып, мектепті лас ойындар алаңына айналдырмау керек деп «ақылгөйсіді».
Дін істері саяси қатынастарға да кіріп кетті
Дінтанушы Кеңшілік Тышқанұлы қоғамдағы хиджаб дауына неге нүкте қойылмай келе жатқанын түсіндіріп берді.
«Жұрт бір-бірінен мүлде бөлек діни және зайырлы принцип бар екенін қоғам ескермейді. Мүфтиден оқушы қыздар хиджаб кию керек пе деп сұрайды. Бұл – нонсенс. Мүфти хиджаб киме деп айтпайтыны анық қой, дінде мұндай талап бар екені рас.
Мемлекеттің зайырлы принциптерінде діни қағидаттарды реттеп отыратын немесе нақты қалыптастыратын тетік болмай тұр. Өйткені заңның өзінде нақты ештеңе айтылмайды. Мемлекет зайырлылық принциптерін қашан айқындайды, бұл мәселе сол кезде өздігінен шешіледі. Оны нақты айқындамай, халықтың талқысына қалдырып қойғандықтан, көпшілік оны жыл сайын дауға айналдыра береді. Зайырлы-құқықтық жүйеде діни проблеманың нақты статусы, позициясы айқындалуы керек. Бұл министрдің көзқарасымен немесе президенттің айтқан сөзімен реттелетін мәселе емес. Имамдардың уағызы арқылы да шешілмейді. Заң бойынша нақты позицияны айқындау қажет.
Мемлекет діни мәселеде еркіндік беруге қорқады. Өйткені ертең басқа талап қоюы мүмкін екенін ескереді. Бірақ нақты заң шығару да қиын. Өйткені қазір дін істері әлемдегі саяси қатынастарға кіріп кетті. Басқа мұсылман мемлекеттердің де айтары бар. Мәселені идеологиялық жолмен шешу де мүмкін болмай тұр. Оқушы мектептің арнайы формасын кию керек деген заң талабы бар. Бірақ онда діни атрибуттарға тыйым салынады деген нақты талап жоқ. Яғни мәселенің басы ашық тұрғандықтан талас туа береді», – дейді сарапшы.
Ал заңгер Айгүл Орынбек жасөспірімдер діни киімдерді өз еркімен киіп жүр дегенге күмәнмен қарайтынын айтты.
«Маған көптеген жасөспірім қыздар хабарласып, ата-анасынан қорыққанынан хиджаб киіп жүргенін немесе діни медреселерге баратынын айтады. Тіпті намаз оқымағаны үшін баласын ұрып өлтіріп қойған әкелер де бар. Дінді қорқытып, мәжбүрлеп үйретпеуіміз керек. Бала таңдауын 18 жасқа толған соң өзі жасауы керек. Заңдағы әркімнің дінге сену бостандығы бар деген норманың өзі бала кәмелет жасына толған соң барып жүзеге асады.
Егер барлық адамның құқығы тең деп бәріне рұқсат бере берсек қалай ел боламыз. Әркімнің құқығы бар деп, ертең ЛГБТ өкілдері, арғы күні радикалдар келіп жеке мектеп, жеке тәртіп сұраса не болады, Ата заң қайда қалады? Иә, заң аясында барлық азаматтың құқығы тең, бірақ соның бәрі конституция аясында болу керек. Бізде заң әлсіз, дін мен діни көзқарасты реттейтін заң керек», – дейді маман.
Қазақстанда хиджабқа тыйым салына ма?
Қазір Қазақстанда қоғамдық орындарда діни киім киюге тыйым салатын заң жобасы әзірленіп жатыр. Депутаттар оны күзгі сессияда қарауға уәде еткен. Егер заң жобасы қабылданса, азаматтарымыз жүзін толық жасырып тұратын киім кие алмайды.
Бірақ бұл заң хиджабқа тыйым салмайды. Ол никаб, паранджа сияқты адамның бет-әлпетін жауып тұратын және оның кім екенін тануға мүмкіндік бермейтін киімдерге ғана шектеу қояды. Яғни былтырдан бері бірнеше депутат қайта-қайта айтып, қоғам талқысына түсіп келе жатқан заң жобасы мақұлданған күннің өзінде хиджаб дауы шешілмейді. Бұл заң елдегі діни теріс ағыммен күресуге де дәрменсіз.
Қазақстан билігі нақты шешім қабылдай алмай, бір жерді шиырлап жүргенде көрші елдер қатаң заңдар шығара бастады. Өзбекстан мен Тәжікстан ұлттық дәстүрге жат деген желеумен діни киімдерден толық бас тартты. Душанбе билігі хиджабтың өзіне тыйым салған. Өзбек үкіметі мұнымен шектелмей, ерлердің ұзын сақалын отап жатыр. Қырғызстан да осындай заңды дайындап қойған. Бішкек билігі діни киім кигендерге ауыр айыппұл салмақ.
Бірақ бұл заңға Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасы қарсы болып отыр. Мүфтият діни киім кию әр әйелдің өз қалауы әрі құқығы деп санайды. Қырғыз дінбасыларының пікірі Наурызбай қажымен үндес екенін көріп отырмыз. Демек, Қазақстанда паранджаға тыйым салу туралы заң шықса, біздің мүфтият та қарсы шығуы мүмкін.
«Зайырлы мемлекеттерде құқықтық шаралар көпшіліктің игілігіне қарай әрі қоғамның қауіпсіздігі мен мемлекеттің болжамына байланысты қабылданады. Көрші мемлекеттер елдегі радикалдар туғызған қауіпке байланысты қатаң шешім енгізіп жатыр деп есептеймін. Олар діни радикализмнен қорқады, сол үшін батыл түрде мәселенің басын ашып алуды ойлап отыр. Сондай-ақ олар халықаралық саясатта бірыңғай позиция ұстанады. Ал бізде жалтақтық басым, бәрімен тіл табысып, бәрімен дос болғымыз келеді.
Оның үстіне біздің билік радикализм деген мәселеге әлі көңіл бөле қойған жоқ. Иә, аздап күрес жүріп жатыр, бірақ бел шешіп кіріскен жоқпыз. Теріс діни ағыммен күрестің нақты тетігі қалыптасқан жоқ, нақты шешімі де дайын емес. Сол үшін радикалдар өздерін қылмыскер санамайды, қылмыскер болсақ баяғыда қамайтын еді ғой деп, арқасын кеңге салып жүр. Осындай үміт пен күдіктің ортасында жүргендіктен олардың ертеңнен үміті мол, алда өз амбициямызды алып шығып, билікті өз ұстанымымызға көндіреміз деген сенімі бар.
Өзбекстан, Қырғызстандар діннен безіп жатыр деуге келмейді. Олар мұны радикализммен күрестің бір көрінісі ретінде жасап жатыр. Ол елдер дәстүрлі діндерін қолдай отырып, теріс ағымдарға тыйым салып жатыр. Ал біз демократиялық ел ретінде жұрттың сақалымен күреспейтін шығармыз, бірақ идеологиялық тұрғыда нақты тетіктерді ойлап табуымыз керек. Өзбекстан сондай тетікті тапқан сияқты. Яғни шыдасаң осы, шыдамасаң басқа жаққа кетіп қал ұстаным. Ал бізде қай салада болсын, жалпақшешейлік басым. Қазақстанда әртүрлі көзқарас өмір сүріп жатыр. Ертең оның салдары қандай болады, олардың мемлекет алдындағы жауапкершілігі қандай болмақ? Оған ешкім бас қатырып отырған жоқ. Ағымдар бұрын қалай болды, солай таралып жатыр», – дейді К.Тышқанұлы.
Бас мүфти Наурызбай қажы елдегі басқа проблемаларға бас қатырмаса да, хиджаб мәселесіне келгенде белсеніп кетеді. Ол былтыр бұл дауды шешудің оғаш амалын ұсынған. Мүфтидің ойынша, хиджаб кигісі келетін қыздар 10-сыныптан бастап медреседе оқыса болады. Мектептегі хиджаб дауын қалай шешерін білмей, ҚМДБ-дан ақыл сұрап жүрген Ғани Бейсембаев мүфтидің бұл ұсынысына қалай қарайтынын әлі айтқан жоқ...
Қуаныш Қаппас