Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:55, 26 Маусым 2024

«Химия апайдың» құқайы және цифрлық шекарада ұсталған Мәдиев

Жасұлан Мәдиев
Фото: Жас Алаш коллаж

Қоғамға жақпайтын бір мәселе биік мінберде сөз бола қалса, құйрығын басқан жыландай өршіп шығатыны бар емес пе?!

Осындай жағдай өткен бір жолы Мәжілісте болды. Анығын айтсақ, 29 мамырда әлеуметтік желіге жариялаған бір постының астына жұрт қаптатып комментарий жазды. Арагідік болмаса, Мәжілістің посттары осынша талқыға түсе бермейтін.

Желі қолданушыларын мұнша шулатқан не нәрсе? Сондағысы «Мемлекеттік статистика, экономикалық құқықбұзушылықтарды қылмыссыздандыру және жылу энергетикасы туралы» заңдар. Ал жазылған пікірлер криптоактивтер жайында. Нақтылап айтқанда, USDT криптовалютасымен сауда жасап жүрген криптоэнтузиастар депутаттарға дүрсе қоя берген.

Әншейін ашу-ызаның әңгімесі болса, мән бермес те едік. Алайда, заң жобасындағы болмашы бір түзету бүкіл нарықты бүлдіргелі тұрса, осы салада нәпақасын тауып жүрген кім-кім де тыныш отыра алмас. Айдың-күннің аманында қылмыстық жауапқа тартылып, жаза арқалап жүргісі келмейді ешкімнің.

 Екатерина Смышляева
Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева. Фото: inform.kz

Кереғар баптар нарықты әбігерге салып қойды

Әңгіменің төркіні біз айтып отырған Мәжілістің екі оқылымынан өткен заң жобасынан да ары, былтыр қабылданып, қолданысқа енген «Цифрлық активтер туралы» заңда жатыр еді. Бұл заң кезінде Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның тікелей басшылығымен қабылданған. Сол заңның 5 және 6 баптары нарық өкілдерін әбден әбігерге салып қойды.

Өзі криптоактивтің екі түрі бар: қамтамасыз етілген және етілмеген деп бөлінеді. Қамтамасыз етілмеген деп осы күні жұрт құлағы әбден үйренген биткоин, эфириум сынды криптовалюталарды айтамыз. «Қамтамасыз етілмеген» дейтін себебі, олардың артында адамның сенімімен басқа ештеңе жоқ. Сол үшін де әлем халқының сенімі арта түсіп, сұраныс көбейсе, бағасы өседі. Сенім мен сұраныс азайса, бағасы да арзандайды.

Мұндай криптоактивтер Астана халықаралық қаржы орталығының лицензиясын алған криптобиржаларда ғана саудаланады. Одан басқа ел аумағында сауда жасау заңмен қудаланады.

Ал қамтамасыз етілген цифрлық активтерде ондай жоқ. Олардың бағасы тұрақты. Әлгінде айтқан заңның 5 бабында осы қамтамасыз етілген цифрлық активтердің анықтамасы берілген. Оларды ел аумағында еркін саудалай беруге рұқсат. Себебі, оны шығарған компания құнын бір долларға теңестіріп қойған. Цифрлық ақшаның бұл түрінен арылғысы келген адамның қолында қанша USDT болса, сонша долларға айырбастап алатын мүмкіндігі бар. Осыны негізге алып, қазақстандықтар USDT криптовалютасын жиі қолданады.

Тек әлгі заңның 6-бабының бірінші тармағы тағы бір қосымша талап қояды. Қамтамасыз етілген цифрлық активтерді шығаратын және айналымға енгізетін тұлға – Қазақстан Республикасының не жеке кәсіпкері, не әйтеуір бір заңды тұлғасы болуы керек.

Ал саудада жүрген USDT криптоактивінің бәрін шығарған да, айналысқа енгізген де біз емес, бәрі ел нарығына сырттан келген. Заңның осы олқы тұсы құзырлы органның байлаулы жібін босатып жібергендей, назарына іліккенге шетінен түрпідей тиіп жатыр.

Нарықта сауда жасап жүргендер болса, Қаржы мониторингі агенттігінің бұл тірлігін түсіне алар емес. Заңдағы 5-бапқа толығымен сай келіп тұрса, неғып түртпектей береді деген пайымға салғысы келеді.

Осы күндері Қылмыстық Кодекстің 214-бабымен ісі сотқа жетіп жатқандар баршылық. Себебі, олар саудалап жүрген USDT криптовалюталарын қазақстандық ЖК немесе заңды тұлға шығармаған. Бірақ лицензиялы биржаларда емес, P2P, яғни еркін сатылып жатыр. Соның кесірінен «Заңсыз кәсiпкерлiк» бабына іліккен.

Сөз арасында қыстыра кетейік, былтыр агенттік төрағасы Жанат Элиманов президент қабылдауында болғанда 9 айдың қорытындысы бойынша елде заңсыз 9 крипто алмастырғыштың қызметі жойылғанын, ондағы қаржы айналымы («тәркіленгені» деген дұрыс болар) 17 миллиард теңгеден асқанын мәлімдеді. Ал сол істер бойынша агенттік жариялаған бейнежазбалардың көбінде USDT саудаланып жатыр.

Криптосаудагерлер бір-бірімен үйлеспейтін екі бапқа осылай басы қатып жүргенде, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі Жасұлан Мәдиевтің мәлімдемесі онсыз да бұлыңғыр түсінікті одан сайын тұмандатып жіберді.

Маусымның 5-і күні өткен AFM online конференциясында аса құрметті министріміз «P2P саудасы заңда әлі толыққанды реттелмеген» деп салды. Сондықтан, «цифрлық шекараны нақты ажыратып беретін нормативті-құқықтық актілер бойынша жұмыс істеу керек» екенін айтты. «Цифрлық шекара» деп нені меңзеп отырғанын артынан өзі ашып түсіндіріп берер. Қазір бізге «P2P заңда толық реттелмеген» деген жері қызық болып тұр.

Егер толық реттелмеген болса, онда құзырлы органның да сау етіп кеп, сотқа жетелеуіне жол жоқ. Өйткені, Агенттіктің қолшоқпары – заң. Ал заң министр айтпақшы, мұндай электронды сауданың дұрыс не бұрыс екенін нақты көрсетіп бере алмай тұрса, демек, агенттіктің де нарық өкілдеріне іс қозғауға қақы жоқ. Ақырында USDT сатып «күн көріп отырғандар» кімге сенерін білмей, дүбәрә күйде қалды. Министрдің сөзін арқау етейін десе, Агенттік тықсырып барады. Агенттікке құлақ асып, сауданы тоқтатайын десе, министр мына жақтан сауда жасай беруге рұқсат дегенге меңзеп қояды.

криптовалюта
Фото: из открытых источников

Депутат ханым қай жерден сүрінді?

Сөйтіп бүтін нарық өгізді де өлтіретін, арбаны да сындыратын жағдайда отырғанда, Мәжілісте бірқатар заң жобасына түзету енгізіліп, нарық өкілдерін одан сайын ұлардай шулатты. Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның ұйытқы болуымен қамтамасыз етілмеген цифрлық активтің анықтамасы өзгертілді.

Қазіргі заң бойынша ол «ақпараттық жүйеде блокчейндегі консенсусты қолдауға қатысқаны үшін сыйақы түрінде алынған және ешкімнің де цифрлық активтер биржасында цифрлық нысанда сауда жасауға болатын ақшалай міндеттемелерін білдірмейтін цифрлық актив». Депутат ханым осы анықтаманы тым қарапайым түсінікпен алмастыра салған. Жаңадан енгізілетін анықтамасы бойынша, қамтамасыз етілген активтердің талаптарына сәйкес келмейтін цифрлық активтің бәрі қамтамасыз етілмеген цифрлық активтер болып саналмақ.

Мұнысы Қожанасырдың айды аспаннан бір-ақ шығаратын әрекетіне қатты ұқсайды. Техникалық тұрғыдан алғанда, бұл цифрлық активтердің арасында өзіндік табиғи ерекшелігі мен бір-бірімен үйлеспейтін шекарасы бар.

Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің небір түрі шыққан. Мәселен, қазақстандықтарға жақсы танымал биткоин мен эфириумның нарықта пайда болып, қолданысқа ену табиғаты екі түрлі. Бірақ екеуі де қамтамасыз етілмеген актив. Сондықтан, тапа-тал түсте көзіңді тарс жұмып алып, түн деуге болмайтыны секілді, цифрлық активтердің екі түрін бір-бірімен бұлай қарапайым түсінікпен байланыстыруға мүлде болмайды. Тым құрыса, осы салада тәжірибесі жетілген өзге бір дамыған елдің заңынан мысал келтірсе екен, ол да жоқ.

Білік-сауатты былай қоя тұрып, бұл түзету қолданысқа еніп кетсе, оның қандай зардап әкелетініне келейікші. USDT бағанағы айтқан 6-бапқа сай келмейін деп тұр, яғни, қазақстандық заңды тұлға шығармағандықтан ол қамтамасыз етілмеген цифрлық актив болып кетеді. Сөйтіп, осыған дейін дүдамал түсініктің бәріне нүкте қойып, осы криптоактивті саудалайтындарды түгел қылмыспен айналысып жүрген адам етіп шығарады деген сөз.

Осыдан соң заңдағы түзетуді нарық өкілдерімен, бизнес-қауымдастықпен қоғамдық талқылаудан өткізгеніне күмән туады. Тіпті, Мәжілісті мың жерден заң шығарушы орган десек те кәнігі білгір болмаса, қай білігіне сүйеніп заң шығарады? «Шымшық сойса да қасапшы соймаушы ма еді?!» Екатерина Васильевнаның алған біліміне келсек, әу бастан химия мамандығын бітірген. Еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған. Одан кейінгісі ішкі саясат, «Жас Отан», әйтеуір халықтың қалауымен депутат атанғанға дейінгі аралықта қаржы мен криптонарыққа қатысы жоқ. Сөйткен «Химия апайдың» осы түзетуі Сенатта қабылданып кетсе, шегінер жол жоқ, жаппай қылмыстық іске жол ашық.

P.S. Біз министрдің өз сөзін, депутаттың неліктен осындай түзету енгізіп жатқанын қалай түсіндіріп беретінін асыға күтеміз. Сұрақтарымыз әлдеқашан жолдаулы.

Бекбол Амангелді