«Химзаводтағы» наразылық. Ақтөбеге Ресей–Украина соғысы әсер етіп жатыр
Өткен аптада «Ақтөбе хром қосындылары зауытының» 100 шақты қызметкері жалақы төмендеп кеткеніне байланысты наразылыққа шықты.
Айлықтың кейінгі 2 айда күрт төмендеуіне Ресейден келетін кальцийнирленген соданың (натрий карбонаты) тоқтап қалуы себеп болған. Басшылық Ресей–Украина соғысына байланысты шикізаттың келмей жатқанын желеу етіп, қызметкерлердің жалақысын азайтқан.
Әлемнің 30-дан астам еліне өнімін экспорттайтын акционерлік қоғам жекенің қолында. Акционерлердің басым көпшілігі шетелдік заңды тұлғалар. Зауыт жұмысшыларының сөзінше, кәсіпорынның жағдайы өте нашар. Киім мен тамақтың сапасы сын көтермейді.
Аталған кәсіпорын жаз айының соңынан бері, яғни Украина Ресейдің Курск облысына басып кіргеннен бері кальцийнирленген соданың тапшылығын сезе бастаған. Курскідегі жағдайға байланысты Ресей Оңтүстік Оралдағы тепловоздар мен экипаждың басым бөлігін батысқа жіберген. «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» басқарма төрағасының орынбасары Радий Фахрединовтің айтуынша, сода тиелген вагондары соның кесірінен Ақтөбеге уақытында жете алмайды. Қазіргі күнде зауытта тек 10 күнге ғана жететін кальцийнирленген сода қалған. Ал АХҚЗ жұмысының жүріп-тұруына тәулігіне 250 тоннаға жуық сода қажет. Сондықтан қызметкерлердің жалақысын төмендету керек деп есептеген.
Ал бұған көнбеген «кәсіпорын жұмысшылары екі күн наразылыққа шықты. Кешкі ауысымда істейтін қызметкерлер де басқа жұмысшыларды қолдап, жұмысын тоқтатқан. Олар кәсіпорын басшыларының бұл мәселеге байланысты жауап беруін талап еткен. Зауыттың директоры Алексей Химич қызметкерлеріне «Зауыт жұмыс істеп тұр. Айлық төленіп жатыр, оған көңілі толмайтындар жұмыстан шықсын» деп қатқыл жауап берген. Бұл дауға әкімдік тарабы араласып, зауыт басшылары жалақыға қосымша берілетін сыйақыны 50 пайызға көтеретін болып келісімге келді. Оған қажет 100 млн теңгені несиеге алып, қызметкерлерінің сыйақысын 50 пайыздан төмендетпеуге уәде берген.
Бірақ жұмысшылар бұл соманы да аз деп есептейді. Себебі 50 пайыз сыйақыны қосқанда айлықтары 250 мың теңгеге жетпейді. Жалпы зауыттағы жалақы төлеу екі бөліктен тұрады. Оның бірі – тариф болса, екіншісі – оған берілетін сыйақы. Жалақы қазір ең жоғары дегенде 150 мың теңге. Бұрын оған қосымша 100 пайыз сыйақы қосылып, қызметкерлер 300 мың теңге айналасында жалақы алып отырған.
Зауыт қызметкерлері неге наразы?
Аталған мәселе бойынша «Жас Алаш» тілшісі кәсіпорынның бірнеше қызметкерімен сөйлесті. Олардың айтуынша, мұндай бірнеше елге өнімін экспорттайтын өндіріс орындары жекенің қолында емес, мемлекеттің қарамағында болғаны дұрыс. Қызметкерлердің наразылығына тағы бір себеп, химиялық шикізат денсаулыққа зиян. Ал зауыт басшылары бұған өтемақы төлемейді. Бұрын болған өтемақыны Нұрсұлтан Назарбаевтың кезінде алып тастаған.
Дәурен осы зауытта 7 жылдан бері электрик болып жұмыс істейді. Қазіргі күнде жалақысы 200 мың теңгеден асады. Ол да қызметкерлер арасында «Химзавод» деп аталатын кәсіпорынның өтемақы төлемейтініне, айлыққа қосымша 20 пайыз ғана сыйақы беретініне наразы.
«Мен сияқты «аппаратчиктер» де 190 мың теңгенің көлемінде жалақы алады. Бірақ жұмысты істейтін солар. Былай қарап тұрсаң, зауытымыз кішкентай емес. Ал айналамыздағы біз сияқты зауыттардың мамандарына он үшінші айлық пен өтемақы береді. Бізде ол да жоқ. Оны басшылыққа айтсақ, «айлығың ұнамай ма, шығып кет!» дейді. Сыйақы баяғыда 100 пайыз болатын. Қазір 20 пайызға түсірді. Мысалы, айлығымыз орта есеппен 150 мың теңге, оған 20 пайызын қоссаңыз, 180 мың теңге ғана шығады. Сыйақыны ақырындап түсіріп келе жатыр. Жетпіске де, елуге де үндемедік. Енді келіп, «жиырма пайыз» дейді. Қазір сыйақыны елу пайызға көтеруді талап етіп жатырмыз. Азық-түліктен бастап бүкіл нәрсе қымбат, ал айлығың көтерілмейді. Керісінше, біздікі түсіп бара жатыр. Бізде де несие бар, біз де тамақ ішеміз. Біздің де отбасымыз бар. Шыдамай кеттік. Кейде туыстарымыз «зауытта істейсің, 500 мың айлық алатын шығарсың» деп күледі. Ондай кезде жалақыңды айтуға ұяласың. Кешегі наразылығымыз жұмысшылардың жанайқайы», – дейді зауыт қызметкері.
Қазір жұмыскерлер жалақыға қосымша 50 пайыз сыйақыға көніп, жұмыс істеп жатыр. Бірақ олар мұндай кәсіпорындағы қызметкердің жалақысы 400 мың теңгеден кем болмауы керек деп есептейді.
«Жаңа айтып өткенімдей, бәрі қымбат. 220 мың теңге айлығымыз өмір сүруге жетпейді. Мынадай зауыттың қызметкері кемінде 400 мың теңге айлық алуы керек. Үлкен өндіріс орны ғой. Қаншама елге шикізатын экспорттайды», – дейді Дәурен.
Осы зауыттың қызметкері Талғат жұмыскерлер «аппаратчик» деп атап кеткен мамандардың бірі. Осы өндіріс орнында жұмыс істеп келе жатқанына 15 жыл болған. Айлығы 150 мың теңге айналасында. Өндіріс орнында ол негізінен технологиялар мен құрылғыларға жауапты маман. Талғат бақылайтын құрылғылар натрий хроматын өндіреді. Олардың цехынан шыққан натрий хроматы басқа цехтарда тағы да өңделіп, шикізат ретінде шетелге сатылады. Талғат 4 баланың әкесі. Ол да басқа жұмыскерлер сияқты 50 пайыз сыйақының да аз екенін айтады.
«Біз сияқты қызметкерлер 220 мыңға жетпейтін айлық алады. Мұнымен қай жыртығыңды жамайсың?! Денсаулыққа зиян ретінде өтемақы берудің орнына, еңбек демалысына 6 күн қосты. Асханамыздағы тамақтың қандай екенін айтып жеткізе алмаймын. Оны келіп көзбен көру керек. Ол тамақты мысық-иттер жемейтін шығар. Басшылыққа оны айтсаң, елемейді», – дейді зауыт қызметкері.
Зауыттың басшылығы сыйақыны 20 пайызға дейін түсірудің басты себебін – Ресейден келетін соданың тоқтап қалуымен байланыстырса, кәсіпорын қызметкерлері Ресей–Украина соғысы еліміздегі мамандарға әсер етпеу керек деп санайды.
«Біздің зауыт – тауарын шетелге экспорттап отырған еліміздегі санаулы зауыттың бірі ғой. Кәсіпорын қазір толық жүрмей тұр. Біз де мұны түсініп отырмыз. Сондықтан аспандағы айды сұраған жоқпыз. Химзауыт болғасын, денсаулыққа бәрібір зиян келеді. Бірақ 180 мың теңге айлық дегенің ақылға қонымсыз. Адамды мазақтағандай жалақы ғой бұл. Қазір зауыттың жағдайына сай жалақы сұрадық. Кәсіпорын Ресей мен Украинадағы соғысты айтады. Бұл да сылтау ғой. Сода келсе де, келмесе де, біз жұмыс істейміз. Іс жүріп жатыр. Тек Ресейде ғана емес, басқа елдерде де сода бар. Солардан сатып алып, қор жинап алуға болады. Зауыт басшыларының не үшін бұлай айтып жатқанын білмейміз. Біз сияқты қара жұмысшылардың айлығы сода мәселесіне қатысы жоқ», – дейді өндіріс орнының тағы бір қызметкері Жанұзақ.
Жауапты басшылар не дейді?
Бұл мәселе бойынша Ақтөбе облыстық әкімдігіне хабарластық. Аталған жағдайға байланысты қазіргі күнде облыста талдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Алмас Әбдікәрімовтің айтуынша, зауыт кальцийнирленген соданы Ресейден ғана сатып алмай, басқа елдермен, соның ішінде Өзбекстан сияқты көрші мемлекеттермен жұмыс істеуі керек.
«Алдағы уақытта жергілікті атқарушы орган ретінде кальций содасының уақытында кәсіпорынға жетуіне көмектесеміз. Өзбекстандағы шикізатты алып келу жолын қараудамыз. Хром бойынша мәселе тумайды деп есептеймін. Себебі біздің мемлекет хром қоры бойынша екінші орында», – дейді әкім орынбасары.
«Жас Алаш» тілшісі «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ басшыларына да қоңырау шалды. Зауыт өкілі «мәселе шешілді» деді. Сосын Алексей Химичпен сөйлесу керек екенімізді айттық. Бірақ зауыт басшысы бізбен сөйлесуден бас тартты. Тек бір ауыз «телефонмен комментарий бермеймін» деп сәлем жолдапты.
«Ақтөбе хром қосындылары зауыты» қандай компания?
Акционерлік қоғам Ақтөбе қаласы жер кадастры және тіркеу бөлімінде 1995 жылы 23 маусымда алғаш рет тіркелген. Зауыттың өнімі авиация, мұнай, фармацевтика, бояу және лак, тоқыма, былғары және басқа да салаларда қолданылады. Өнімдері әлемнің көптеген елдеріне, соның ішінде Англия, Бельгия, Германия, Гонконг, Аустралия, Жапония, Франция, Қытай, Корея сынды ірі елдерге экспортталады. Директоры – Алексей Химич. Құрылтай мүшелері нақты көрсетілмеген.
Әділет министрлігі олардың санын 763 деп мәлімет берген. Ашық дереккөздердегі мәліметтерге қарағанда, зауытты 1996 жылдан 2015 жылға дейін Special chemia Inc дейтін Лихтенштейн компаниясы басқарған. Акционерлерінің арасында Аrchem (10 пайыз), Capella Invest (20 пайыз), CHromachem (31 пайыз), Valmore Commercial (20 пайыз), «Қазақтелеком» АҚ (3,07) пайыз, Firebird Republics Fund.Ltd (1 пайыз) және Аlem Сapital Ltd (0,06 пайыз) сынды компаниялардың аты аталады.
АҚ-ның былтырғы қаржы айналымы 277 млрд теңгеге жуық. Төлеген салығы 5 млрд теңгеден асады. 2015 жылдан бері қазынаға жалпы 63 млрд теңгеге жуық қаржы аударған. Мемлекеттен алған тендерлері кездеспейді. Зауыт басшыларының өндіріс көлемі азайып қалды деп айтқан сөзінде де шындық бар. Мысалы, 2022 жылы кәсіпорынның қаржы айналымы 600 млрд теңгеге жуық болған.
«Жас Алаш» тілшісі аталған мәселе бойынша еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне бірнеше сауал жолдады. Бірақ мақала дайындалып болғанша жауап келген жоқ.
Тұрсынбек БАШАР