Ходжакули Овлякули: Театр мен үшін пікірталас алаңы

Овлякули Дәулетмұрадұлы Ходжакули — әйгілі түрікмен театр режиссері, актер және өнер қайраткері. 1959 жылы 29 тамызда Түрікменстанның Чарджоу облысында дүниеге келген.
Ташкент театр-көркемөнер институтын тәмамдаған. Көптеген классикалық және заманауи авторлардың шығармаларын сахналаған, оның ішінде Шекспир, Лорка, Еврипид, А.Камю, К.Абэ, Б.Брехт, т.б. бар. 90-нан астам спектакль авторы. Халықаралық фестивальдерге қатысып, жоғарғы марапаттарға ие болған. Кейінгі жылдарыЛондонда тұрып жатыр. Театрда терең философиялық және метафоралық тілді қолдануымен ерекшеленеді. Жұмыстары Орталық Азия, Ресей, Еуропа және Таяу Шығыста жоғары бағаланады. Қазақстанда да бірнеше қойылым жасады. Жуырда ғана Павлодар облысы Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрында Овлякули Дәулетмұрадұлы әйгілі Б.Брехтың «Кураж шешей және оның балалары» пьесасының желісімен «Пері қатын» абсурдты драмасын сахналады. Режиссерді арнайы іздеп барып, бүгінгі театр өнері, соғыс және бейбітшілік хақында аз-кем сұхбаттасқан едік.
–Қайырлы күн, амансыз ба, Овлякули Давлетмурадович!
– Жай ғана Овлякули деңіз (жымиып). Негізі түрікменше айтсақ, есімім – «Өғләғулы». Қазақ тіліне жақын. Біз түркі халықтарымыз ғой, солай атай беріңіз.
–Рақмет! Маған да солай ыңғайлы. Қазақстан сізге ұнады ма? Бұрын келіп пе едіңіз?
– Қазақстан керемет! Екінші Отаныма айналып кетті десем де болады. Әрине, бұрын Түркіменстанда тұрғанда осында фестивальдерге жиі келетінбіз. Ресми қойылымдар жасауым 2000 жылдардан бастау алады. Қателеспесем, «Артишок» театрымен У.Уайльдың «Соломейін» қойдық. Ал басқа да тәжірибе алмасуға байланысты соңғы бір-екі жылда келуім тіпті жиілей түсті. Қостанай, Алматы, енді, міне, Павлодарда қойылым жасап жатырмын… Бір сөзбен айтқанда, маған бұл ел, бұл жер бөтен емес.
– Сұхбатқа іздену барысында сіз жайлы бірталай қызықты деректерді оқыдым. Кейбірі дақпырт, кейбірі шын болуы мүмкін. Соның ең танымалы – сіздің «рәсімдеріңізге» қатысты. Қойылымға кіріспес бұрын өзіңіз жасайтын арнайы рәсімдер бар екен. Бұл рас па, жоқ әлде...
– Жоқ, ондай ештеңем жоқ. «Рәсім» деген, әрине, театрда болу керек тәсіл. Әрі көп жағдайда аяқ астынан пайда болады. Мен әртүрлі ұлт өкілдерімен жұмыс жасаймын. Әртістер дайындық барысында әртүрлі деңгейде болады. Бірі тым баяу, бірі көңілсіз, енді бірі тым белсенді деген сияқты. Мен оларды кейде басу үшін, кейде сергітіп алу үшін әртүрлі тәсілдерге барамын; ұрсамын, мақтаймын, керек болса қойылымнан шеттете тұрамын. Сіздің «рәсім» деп отырғаныңыз осы дайындық (прогон) кезіндегі әдіс-тәсілдер дер едім.
– Қатал режиссерсіз бе?
– Мен жан-жақтымын. Жаңа айтып өткенімдей, әзілдей де аламын, қатал бола да аламын. Бұл – театр. Ұстазым, белгілі театр режиссері Г.Товстоноговша айтсам, бұл «ерікті диктатура». Тәсілдің мәні сонда, мен актермен келісімге барамын, «былай, былай істейік» деймін, актер өзі ойланып, оған келіседі. Өз пікірін де қосады, арасында суырып салады. Бұл өте маңызды. Кез келген режиссер актердің талантын, табиғатын, мінезін ашуға барын салары белгілі. Ал әр актер өзінің айтқанын орындатамын деп жан-жаққа шашырай бастаса, тізгінді тарта қоямын. Мен біріктіруші әрі ұйымдастырушымын. Өмірде де театрда да көп әзілдеймін, күлемін. Айтқанымның салмағы болса да, зілі жоқ. Бірақ садист емеспін (күледі).
– Сіз сұхбаттарыңыздың бірінде «бүгінгі заманның батыры өзін іздеп жүрген адам» депсіз. Бүгінгі Түркіменстанның батыры кім сізше?
– Сұрағыңыздың мәнін түсіндім (ойланып). Бірақ тағы абсурдты жауап беруге рұқсат етіңіз. Бүгінгі Түркіменстанның батыры еркін әрі өзін қауіпсіз сезінген адам дер едім. Міне, былай сапта тұрған сарбаздай қатармен жүрген емес (орнынан тұрып, иммитация жасады), еркін, өзін әлдеқайда азат сезінетін әрбір адам бүгінгі елдің батыры. Бірақ ондай адам ол жақта бар ма, жоқ па... бұл енді басқа мәселе. Бәлкім, бар шығар.
– Енді шығармашылығыңызға қарай ойысайық. Жақында атақты Бертольд Брехтың «Кураж шешей және оның балалары» абсурдты драмасының негізінде жасалған «Пері қатын» қойылымы қойылмақшы.
– Және басқа шығармалары да бар.
– ХХ ғасырдың екінші жартысында, жалпы өнер әлемінде «Бертольд Брехтпен ауырған» деген ұғым пайда болды. Сіз де «Брехтпен ауырасыз» ба?
– Иә, мен де Бертольд Брехтпен «ауырамын». Алайда Брехтпен «ауырғаныма» көп болды. Қателеспесем, Брехт шығармашылығымен алғаш таныстығым 1984 жылы, 4-курс кезінде басталса керек. Актерлік шеберлік бойынша диплом қорғадық, мен ирландиялық жүк тасушы Гели Геяны сомдадым (Б.Брехт «Адам адамға тең» әфсанасы). Сонда мені Брехт тәсіліндегі («төртінші қабырғаны бұзу» тәсілін айтып отыр – автор) актердің сахнада өзін толық еркін сезіну тәрбиесі, кейіпкерді жанында ұстай отырып көрерменге негізгі мәнді ұсыну әдісі таңғалдырды. Кейін мен тіпті ол жайлы ұмытып та кеттім, ал 90 жылдардың басына қарай аталмыш концепция менің шығармашылығыма там-тұмдап, өз реңін бере бастады. Сенесіз бе, 1991 жылы, дәл Кеңес өкіметі құлап, жаңа өкімет орнап жатқанда мен Ашхабадта өзімнің «кезбе әртістеріммен» Брехт пьесасының әсерімен «Анау сұлтан да бір, мынау сұлтан да бір» әфсанасын қойдым. Меңзеуді түсініп отырған шығарсыз, «ана жүйе де бір, мына жүйе де бір» деген сыңайда ғой. Әлі есімде, Карл Маркс атындағы орталық кітапхананың алдында, ашық аспан астында орындалған «сұлтандар» жайлы пьеса бүкіл қоғамды дүрліктіргені рас. Келесі күні, «Искра» дейтін саяси газет бірінші бетке біз туралы мақаланы етектей етіп тастап жіберіпті. Отқа май құйғандай боппыз. Мен сол кезде Брехт шығармашылығының құдіретін алғаш сездім. Көрерменге де қызық болды. Өйткені жалпы мынау үнді, африкалық елдер Станиславкий жүйесінен гөрі, Брехті жақсы қабылдайды...
– Қай елде соғыс пен геноцид, сол ел Брехтке жақынырақ дейсіз ғой.
– Иә. Олар пьесаны көбіне жаңағы соғыс пен садизмге қарсы бағытта жазады. Ол үшін, әрине, Брехт концепциясы таптырмас тәсіл екені анық...
– «Эпикалық театрды» айтып отырсыз ғой?
– Жоқ, «Брехт театры» деп атайықшы. Шекспир театры да «эпикалық театр», Уайльдта да «эпика» кездеседі... Тек әжуамен араласқан. Ол енді басқа әңгіме... Бір қызық айтайын ба, міне, Ресей-Украина соғысы басталғалы бері мен үш жыл қатарынан Брехті қойып келеді екем. Өз ұсынысым емес, әрине, көбіне осы Орта Азия театрлары «Овлякули, соғысқа қарсы шығарма қойғымыз келеді» деп өздері ұсынады. Қостанай театры да солай ұсынды. Кейін «Жас сахнада» (Алматы) Брехтың тағы бір атақты туындысының негізінде «Буржуй той» («Мещандардың тойы») абсурдын қойдық. Кейіннен, әрине, басшылық атынан үрікті ме, әлде ұнамаған ба, атауын ауыстырып тастапты. Жарайды! Жалпы айтқым келгені, мұның бәрі пацифист ретінде мені өте қатты қуантады.
– Осы тұрғыдан біздегі театрлар соғыстан пайда тауып жатыр деп ойламайсыз ба?
– Мүлде олай емес. Сіздердің театрларыңыз «Кураж шешей» емес қой (күледі). Бірақ «Пері қатынның» идеясында соғысқа әрқашан сұраныс бар екендігі, әрі оны алып күштерден бөлек, «кішкентай адамдар» жасайтындығы жайлы айтылады. Оны көрген соң айтарсыз.
– Жақсы. Аға, енді осы Павлодар облысы Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка драма театрында қойғалы жатқан «Пері қатын» драмалық абсурдыңызға тоқталсақ. Мұның «Кураж шешейден» айырмашылығы неде? Қандай артықшылықтары бар дегендей. Не алдыңыздар, не қостыңыздар?
– Бірден айта кету керек, Қазақстанда Брехті театралдар, тіпті кейбір театр басшылары да түсініп, сүйсініп қабылдай бермейді. Брехт десе тыжырынып тұратындары бар. Бірақ Аймауытов театрының басшылары һәм көркемдік кеңестегі мамандар Брехтың соғысқа қарсы ең үздік авторлардың бірі екендігін айтып, жылы қабылдады. Ондай жерде жұмыс істеу де бір ғанибет. «Кураж шешейдің» жаңа нұсқасын белгілі драматург Асылбек Ихсан ағамыз жасады. Оның нұсқасында оқиға Еуропада емес, Еуразия, сосын мынау Кавказ тауларында орын алып жатады. Бұл локациялар маған бірден ұнады.
– Қазақстандағы бүгінгі әлеуметтік-тарихи жағдайлар қозғала ма?
– Нақты мына мәселе деген сілтемелер жоқ. Бұл абсурдизм ғой. Уақыт белдеуі он алтыншы ғасыр. Бірақ соғыстың аты соғыс. Ол қай ғасырда орын алса да қырғын адамзаттың бағына жаралмаған. Соғыста мораль жоқ, тек қираған қалалар мен аңыраған аналар, жылаған балалар қалады. Ол әрқашан біреулердің пайдасы. Тіпті Кураж шешей сияқты «кішкентай адамдар» да одан өз пайдасын іздейді. Пьесада шешейдің «соғыс бітпесе екен» деп тілейтін жері бар. Неге? Өйткені оған соғыс пайдалы, тиімді. Брехт оның бәрін көрді. Соғыс кеше ғана болған жоқ, дәл іргемізде болып жатыр. Бірақ оны өткен ғасырда болған сияқты елестетеміз. Оның соғысы деген жоқ, қаңғырған оқ сізді де, мені де табуы мүмкін. «Пері қатынның» үшінші актісі болашаққа әлдеқайда жақын. Бірақ ол жақта да соғыс боп жатады. Шығарманың жанрын «драмалық абсурд» деп алдық. Өйткені өзіңіз ойлаңызшы, туған балаларын келісімшартқа отырып, соғысқа, әскерге сатып жүрген ана жайлы пьесаны қалай атауға болады? (кідіріс). Пьесаның мені ойландыратын тағы бір күрделі тұсы бар, Кураж шешейдің кенже баласы жаудың қазынасын жасырып, оларға айтпай қояды. Әскер оны атып тастайды. Сөйтіп мәйітін шешейдің алдына әкеледі де «мынаны танисың ба» деп сұрайды, сонда шешесі «жоқ» дейді міз бақпай. Бұдан өткен абсурд бар ма?!
– «Соғыс адам табиғатының ең қорқынышты қозғаушы күші» деп Брехт өзі айтып еді ғой.
– Дұрыс айтасыз.
– Шығармашылығыңыздан үнемі байқаймын, сіз қойылымда кеңістік және тыныштықпен шебер жұмыс жасайсыз. Бос кеңістіктер тыныштықпен үндесіп тұрады. Ал мұндағы кідірістің рөлі қандай?
– Әрбір кідірістің өз мәні бар. Кідірісте ойлану мен торығу орын алады. Тыныштық ол музыка. Ал визуалды эффектілер жасырын символдар мен көңіл күйді беруге таптырмас құрал. Өкінішке қарай, барлық театрларда бұл мүмкіндіктер қарастырылмаған. Кейде өзіңше әрекет етуге тура келеді.
– Осы орайда сұрағым келіп отыр, қазақстандық театрлардың мүмкіндігі қандай, еуропа театрларымен салыстыруға келе ме?
– Былай айтайықшы, әр елдің театры өзіңізге белгілі үш түрлі жағдайда күнелтеді: жоғары, орташа, нашар. Бірақ еуропалық театрлар көбіне коммерциялық бағытта жұмыс жасайтындықтан, өз театрлары жоқ, жалдап спектакль қоюға тура келеді. Ал жалдау қымбат, әрі жалдаған ақшаңыз ақталса құба-құп, ақталмаса ол да қиын. Мысалы, Лондонда, Патша театрының әртістері қойылым кезінде «жалынғандай» көрермендерден донат (қайырымдылық) жасауын сұрап, сахнадан арнайы «өтінішін» айтады. «Біздің қойылымға келіңіздер! Театрымызды қолдаңыздар» деп басын иеді. Оларда 60% үкімет қолдаса, 40% қаржыны өздері табу керек. Ал Қазақстанда көптеген театрлар мемлекет меншігінде. Бірақ бәрібір жаңағы жарық, визуалды эффект, реквизиттердің жетіспеушілігіне қатысты олқылықтар баршылық. Тіпті кейбір академиялық театрда мұндай мүмкіндіктер бар болса да оны меңгеретін маман жоқ. Көптеген режиссерлер сияқты ол менің де қолымды байлайды, әрине. Мысалы, Үндістанда жұмыс істегенде жақсы техника болса да, оны меңгеретін маман таппай қиналып едік. Сондықтан әр елде жақсы театр да, нашар театр да болады. Артықшылығы мен кемшін тұстары да болады. Бұл қалыпты дүние. Бастысы – режиссер ретінде мойымай, жоқтан бар жасап, қойылымның деңгейін түсірмей алып шығу керек. Жасампаздық деген – осы.
–Аймауытов театрында қалай?
– Ондағы техникалық жағдай толық көңілімнен шықты. Облыстық театр ғой бәрібір.
– Элладалықтар театрды «Құдаймен байланыс орны» деп есептеген. Сіз үшін театр деген не?
– Театр мен үшін пікірталас алаңы. Мен, мысалы, өз спектакліммен көрерменге сұрақ қоямын. Сосын көрерменнің реакциясын бақылаймын. «Иә» немесе «жоқ» деген жауап болуы керек. Бірақ көбінесе көрермен бейтарап қалады. Осы жағдай мен үшін түсініксіз әрі қиын. Мысалы, «Пері қатынның» соңына қарай Кураж шешей «Қане адамдар, тұрыңдар орындарыңнан! Қару алыңдар, өлтіріңдер!» деген арандату ұранын тастайды. Маған осы сәттегі көрерменнің реакциясы өте қызық. Олар ұранды тура түсіне ме, жоқ әлде арандату ұран екенін ұға ма? Қойылым бастан аяқ сарказмге толы. «Әскер, тұр кәні! Әскеріңді жина. Кеттік соғысқа! Мұнда арам қатқанша соғысқа барайық, онда тым құрығанда тамақ береді» дейді. Осы сәтте көрермен басқаша ойлап қалуы мүмкін. Өйткені жоғарыда атап өткенімдей, Кураж шешей Ш.Айтматовтың «Жер анасы» емес. Кураж шешей анау Толғанай сияқты мейірімді, классикалық ана емес. Ол... қалай айтсам екен... Ол «Гитлердің анасы» деп айтсам болады. Дәл осындай ана Гитлерді өмірге әкелер еді.
– Төлеген ақынның «Кей пасықты жаратасың неге сен?!» дейтін жолдарындағы сияқты ма?
– Иә. Актерлер қалайша, бұл деген ана емес пе деп таңғалады. Ал мен оның іс-әрекетіне қараңдар деймін. Ол шынымен сендер білетін ана ма?! Ол ана емес, ол сатушы, өз баласын сатушы. Ол аналық махаббат, мейірімнен ада әйел. Соғыстың абсурдтылығы да осында.
Сұхбаттасқан
Жантас ЕРКІНҰЛЫ