Хоккей ойнайтын қаракөздеріміз қайда?

Өткенде Нұр-Сұлтанның «Барысында» ойнайтын канадалық хоккейші Даррен Дицтің жалақысын естіп, жағамызды ұстадық.
Ресейлік «Спорт-Экспресс» басылымының дерегінше, қазақстандық команданың капитанына клуб жылына 580 миллион теңге жалақы төлеп жүр екен. Бұл – спортшының ойнаса да, ойнамаса да, қолына алатын базалық жалақысы. Оның сыртында, Даррен Дицке қосымша сыйақылар мен бонустық төлемдер де берілетіні анық. «Барыстағы» тағы бір канадалық ойыншы Кертис Волктың жалақысы – жылына 232 миллион теңге. Сұмдық ақша ғой бұл!
Ал Қазақстандағы 1,5 мың мектепте кәдімгі спортзал жоқ. Олар енді 300 орындық шағын мектептер десек, кемінде 450 мың бала спорттан құралақан қалып отыр. Елде дені сау сала жоқта бұқаралық спорттың сиқы да апаттық жағдайдың алдында тұр. Енді ел бойынша кешегі Атыраудағы едені тесік мектеп сияқты тағы қанша мектептің спортзалы тозып, күрделі жөндеуді талап етіп тұрғанын бір құдай біледі. Кемінде тағы 500 мыңдай мектеп баласы базалық спорттық білімнен мақұрым болып өсіп жатыр дей беріңіз. Бұл өскелең ұрпақтың денсаулығына тікелей әсер ететін ұлттық мәселе емес пе еді?
Спорт саласында осындай сұмырай саясат жүргізіліп келе жатқаны қашан?! Шенеуніктер ұлттық спорттың болашағынан бұрын, бір күннің нәтижесі үшін ақшаны аямай төгуде. Айтпақшы, хоккейден қазір әлем чемпионаты өтіп жатыр. Қазақстан құрамасындағы 20-дан астам ойыншының екеуі ғана қазақ, оның өзінде ол екеуі тасадағы төртінші сапта. Қалған ойыншыларымыз ақша үшін Қазақстанның төлқұжатын алуға көнген кілең шетелдік. Соларға телміріп қалдық. Спорттағы солақай саясатымыздың жемісі.
Кеше мәжілісте 2021 жылдың соңына дейін саламыз деп уәде етілген 100 денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы не болып жатыр деген сұрақ қойылды. Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов саспады: құрылыстардың жобалық-сметалық құжаттарындағы сомалар ескіріп кетіп, ақшаны қайта есептеу қажеттігінен әлгі 100 спорттық нысан 2021 жылы салынып бітпейді деп қарап тұрды.
Украинаға елші боп кеткен Дархан Кәлетаевтың өзі 2016 жылы «Астана» клубына жылына 150 миллион доллардан жұмсалғанын мойындаған.
Шындығы сол – Қазақстанға спорттық медальдар мен ұпайларды қызметі тым қымбатқа түсетін жалдамалы шетелдіктер емес, өзіміз тәрбиелеп өсірген өз спортшыларымыз әперуі керек. Қазақ спортындағы бұл мәселеге байланысты экономист және сарапшы Расул Рысмамбетов былай деген екен:
– Кешегі совет заманын мақтауым ұяттау болса да айтайын, мен, мәселен, сегіз жасымда мылтық ату секциясына су тегін қатыстым. Жарты жылдан кейін қалалық жарыста екінші орын алдым. Нысана көздеуден өте көп ататынбыз, өйткені мылтық та, оқ та жетіп-артылатын. Совет Одағы солай кадр дайындайтын. 80-жылдары бәріміз жаппай шахматқа баратынбыз. Ол да тегін. Біздің мектепте жоқ, бірақ көрші мектепте бокс, күрес және жеңіл атлетика секциясы болды.
Жарайды, ол өткен ғасырды айта бермейік. Қазір біз капитализм құрып жатырмыз, онда тегін ештеңе болмайтыны бесенеден белгілі. Бірақ енді спорттағы бүгінгі жетістіктеріміз үшін әкімдіктер небір келімсектер мен легионерлерге сұмдық көп шығын жұмсап отыр. Кәсіпқой спорттық командаларды қаржыландыруға 180 миллиард теңгеден астам ақша кетті. Иә, кәсіпқой спортты қолдау қажет, әрине. Бірақ біздің бүлдіршіндердің еліктеп өсетін спорттағы кумирі шетелдік біреу емес, өз отандасы болуы керек емес пе? Мәдениет және спорт министрлігі мектептерде секциялар бар дейді. Бары бар, бірақ олардың бірен-саран ғана екенін, елдегі әлі талай мектепте секция түгіл, қарапайым спорт алаңы да жоқ екенін айтпас.
Біздің елде спортқа бөлінетін бюджетті екі министрлік пен барлық дерлік әкімдіктер игереді, ал спорттық федерациялардың ұсыныстарын тыңдап жатқан ешкім жоқ. Ол ақшаны ақыры бір-бірімен бөліскісі келмейді екен, ол ақша бәрібір бәріне жетпейді екен, ендеше оны неге ең пайдалы мақсатқа – балаларға жұмсамаймыз?
Мектептердегі секцияларда арнайы дайындықтан өткен кәсіби мамандар, педагогтер тәлім беруі тиіс. 90-жылдары мен де спорттық секцияда сабақ бердім. Ол сыра ішіп қана отырасың деген жұмыс емес, балаларға қалай секіру керектігін тәптіштеп түсіндіретін, өзің де істеп, көрсететін жұмыс болатын. Балаларға үйрету үшін өзің де өз спортыңа сай болып, біліктілікті арттыру курстарынан қалмауың керек болатын. Ендеше мектептегі физруктар да арнайы дайындалған мамандар болуы тиіс. Ал ол үшін инфрақұрылым қажет.
Мен бұл арада олимпиада медальдарынан бас тартып, тек балалардың спорттық секцияларымен ғана айналысайық демеймін. Бірақ сол олимпиаданың медалін Қазақстан азаматтығы жылдам беріле салатын шетелдіктер емес, өзіміздің спортшы жеңіп алуы тиіс. Талантты ұл-қыздардың Қазақстаннан кетіп жатуы да тегін емес, өйткені біздің елімізде олар өсе алмай жатыр. Гүлдің отаны – дән түскен жер емес, гүлденген жері. Бізге өз кадрларымызды даярлап, секциялар ашып, таланттарымызды дамыту керек, – дейді сарапшы.