Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:04

ХОШ БОЛ, ҮЙЕҢКІ (Әңгіме)

1
Фото: ашық дереккөз

Жалт ете қалатын жанары сұқтанып қараған адамын еркінен айырып, жіпсіз байлап тастайтын сүйкімді Гүлнұр күндердің күнінде соңынан алаөкпе болып жүгіргендерді шаң қаптырып, арадағы алты қырдан асып түссең, үйлерінің шатырлары алдыңнан жамырап шыға келетін Үйеңкіге келін болып түседі деп кім ойлаған... Бұйрық шығар...

Көлтоғанда әр үйдің есігінен бұлаңдап шыға келетін қыздар көп болғанымен, сыр тұнған тұңғиық жанары мен тек сүюге ғана жаратылғандай үлбіреп тұратын шиедей қызыл ерні, жымиғанда ақшыл бетінің ұшына ойнап шыға келетін оймақтай шұңқыры бәрібір Гүлнұрды өзгелерден ерекшелендіріп тұрар еді. Қайын сіңлілерінің сұлулығына сұқтанған жеңгелері «әй, осы сен қыздың көзің бе, көзің» деп мына мойылдай жанардың бозбала біткенді өзіне ғашық ететіндігін мойындаса, кейбір ағайын-туыс табиғат берген осы көрік пен ажарды Гүлнұрдың әкесі мен шешесі Игілік пен Ұмсынға қимай, қайдағы нағашыларына теліп жатады... әй пендешілік-ай...Біреулері:

Ойбай-ау, мұрты салбыраған Игілікте қай бір түр бар еді, дәу де болса, мына қыз күнгейдегі нағашыларына тартқан болды-ау шамасы деп шалқайса, енді кейбірі:

Қой, ей, Игіліктің түрінде тұрған не бар екен, әп-әдемі жігіт...ағамыздың әскердегі суретін көріп, өзім ғашық болғанмын деп өзгелер іске алғысыз еткен Игіліктің беделін көтеріп тастайтындар да бар.

Алайда жаратқан ием Гүлнұрдың келешегіне қатысты мәселені өзі қиюластырып, реттеп, пешенесіне жазып қойған екен. Түкпірдегі Көлтоғанға әскерде бірге болған жолдасының үйіне қыдырып келген көрші ауылдың жігіті Гүлнұрдың өмірін біржолата өзгертіп жібереді деп кім ойлаған десейші... Палуан денелі қоп-қою мұрты бар бейтаныс жігіт анығында сымбатты еді. Қызықшылыққа жиналған Көлтоғанның қыздары көрші ауылдан келген бозбаланың жанына жақындауға жүректері дауаламай, тек есіктен сығалап, алыстан ғана көз арбасқанның өзін бақытқа санаған. Ол Гүлнұрды бір рет биге шақырғанының өзінде тәкаппар қыздың мысын басып, жуасытып тастады. Жігіттің құшағына көмілген Гүлнұрға ол да тұңғиық жанары мен мені «сүйші» дегендей, үлбіреп тұрған ерніне ынтығып қарап тұрған сияқты болып көрінген... Әлде бұл бір сәтте еркінен айырылып, моп-момақан күйге түскен асау жүректің қалауы ма еді... Бойжеткен бойды балқытқан тәтті сәттің ұзаққа созылуын жан-тәнімен тәңірден жалбарынып сұрағанымен, әттең-ай, уақыт шіркін сараңдық жасап, сазды әуен әдемі әсерін қалдырып, бел ортасынан үзіліп кеткен. Сол күні бойжеткеннің үлбіреген ерніне алғаш рет Досболдың ерні тиіп, ынтыққан жүрек тыншу тапқан. Тек Гүлнұр ұзатылар кезде намыс шығар, ауылдың жігіттері қопаңдасып қалған. Жеңгесі үстіне ақ желек жамылып, жасанып алған Гүлнұрдың құлағына сыбырлаған.

Ерке қыз, Жұмагелді бастаған ауылдың жігіттері сыртта қораланып тұр, солар сірә да шу шығарайын деп тұр-ау шамасы, – деп ескертті.

Гүлнұр шұбатылған аппақ көйлектің етегін көтеріп, топқа жақындап, ортасында төбедей болып тұрған Жұмагелдіні жанына шақырып алды.

Жұмагелді, сен маған мынаны айтшы, адамда қанша жүрек бар, – деді. Қыздың тұспалынан ешнәрсені ұға қоймаған Темірбек темекісін бұрқылдатып тұрып:

Әрине, біреу, – деді.

Ендеше, сол жүрек мен ұзатылып бара жатқан Досболға ғана бұйырған, Көлтоғанның бір қызы бақытты болсын десеңдер, жолымды бөгемеңдер, «сөз салсаңдар көз алдарыңда жүрдім ғой» дегенде, әлгінде ғана қомпиып тұрған Жұмагелдінің жүні жығылып қалған.

Үйеңкі Көлтоған сияқты емес, үйлерінің жартысы таудың ішіне қарай сұғына орналасқан жалаңаш жартастардың жаз бойына қу желі азынап тұратын іргесінен басталып, жартысы көрпенің шеті жетпей қалғандай ықтасыны жоқ, үп етіп жел соқса, жұрттың ыпынын қашырып жіберетін ашық алаңқайға шашырай орналасқан отыз шақты түтіні бар аядай ауыл екен. Үйеңкіге жолы түскен сырт адамның өзі ә дегенде «ау, тобылғысы мен қызыл қайыңынан басқа түгі жоқ бұл ауылда сандалып жүрген қайдағы үйеңкі» деп таңырқағанымен жалаңаш жартастардың арасынан күркіреп шығып, еңіске қарай құласымен жынынан айырылған бақсыдай момақан қалпына түсіп, әрі қарай қыздың бұрымындай тарқатылып кететін Борсылдақ өзенінің бас жағындағы өзге талдардан ерекшеленіп тұратын қос үйеңкіні көргеннен кейін ұялған сыңай танытып, «апыр-ай, апыр-ай» деп күбіжіктеп, бас шайқар еді.

Құдайдың құдіреті, талайлардың қос үйеңкі туралы естеліктері тұтамға толмайтын қысқа ғұмырларымен бірге түпсіз тұңғиыққа сіңіп кетсе де тірілердің тамсанып айтатын әңгімелеріне тамызық болған тілі жоқ қос ағаш түбінде сырласқан талай адамның мұңы мен қуанышын ішке бүгіп, тірілермен бірге жасасып келеді. Қайран тіршілік-ай... күні өтіп, шіріген бұтақтары лекілдей соққан адуынды қара желге шыдас бермей тамырынан ажырап, опырылып, құлап жатса, жарық өмір үшін тайталасқан үйеңкінің солқылдаған көк шыбығы қара жерді бұрғылап, қайтадан шыға келеді. Құз-жартастардың саңылауларынан көздің жасындай болып, шылжырап ғана шығып, әрі қарай бойжеткеннің күлкісіндей сылқ-сылқ күліп ағып, төмендегі ағысы қатты Борсылдақ өзеніне бір бүйірден қосылатын жыпырлаған көп бұлақтың бірі дәл осы қос үйеңкінің жанынан өтеді. Қарашамен ілесе келетін алғашқы қара суықтан кейін алақанның аумағындай әдемі қызғылт жапырақтарынан айырылып жалаңаштанып қалатын қос үйеңкі көктемге салым, әл жинаған науқастай басын көтеріп төгіп тұрып, бір гүлдейді дейсің... ол да осы қалпында Үйеңкі ауылының бір перзенті сияқты. Төбеден төмендегі тіршілікке көз салып, кезінде іргесіндегі мұздай бұлағының тастай суынан алақанымен көсіп ішіп, мейірлерін қандырған талайлардың бұл күндері тұз-дәмдері таусылып, төмендегі қорымда жыпырлаған көп төмпешікке айналып жатқанына жүрегі сыздап, мына бей опа жалғанның көз алдаған өткінші қызығын өтпейтіндей көретін мұңсыз пенделеріне «ей, пендем асып, таспа» дегенді ескертіп тұрғандай. Гүлнұр келіндік бес жылының алтынға айырбастап ала алмайтын аяулы сәттерін Досбол екеуі осы қос үйеңкінің түбінде өткізді. Былайша қарасаң, еш нәрсе де өзгермеген сияқты, қос үйеңкінің жапырақтары дәл баяғыдағыдай тау аңғарынан лекілдей соққан желмен тербеліп, үнсіз сыбдырласады. Сол бұлақ, сол үйеңкі, тек бұл иығына басын қойып, сылқ-сылқ күлген бұлақтың сыңғырына қарап отыратын Досбол ғана жоқ. Ол қос үйеңкінің төменгі жағындағы қорымда жатыр. «Жаратқан-ау, неге өзгелерге аямай берген жақсылығыңды неге менен көпсіндің, неге қызғанып, сараңдық жасадың?» Жаны жаралы келіншектің жанарынан ыстық тамшы сырғыды.

Қос үйеңкінің тұсынан жүген сылдырлап, жылқы пысқырып еді, сұлбасы көз байлаған ымыртқа жұтыла бастаған үйеңкінің бұтақтары сыбдырлап, басынан қалбалақтап құс ұшқан. «Жарқанат па екен». «Келді» деп ойлады, бірақ соңына бұрылып, қараған жоқ. Жұмагелді екенін сезді. Жанына жайғасқан жігіт денесі тоңази бастаған келіншектің денесіне қол тигізіп еді, ол мойнына құрық тимеген шу асаудай дір ете қалды.

Малды жайғап шығамын дегенше осы болды, – деді ол ақтала сөйлеп. Құз жартастың төбесінен сырғып ай көтеріліп еді, төмендегі Сырымбек қарияның сырты әкпен ақталған аппақ сағанасының сұлбасы ағараңдап көрінді. Гүлнұрдың жанарынан жас сорғалады. Әне, анау қорымның шетіндегі бейіт бұдан бес жыл бұрын ойда-жоқта опат болған жолдасы Досболдыкі. Ажал шығар, облыс орталығынан жанар май тиеп әкеле жатып, асудан түсе бергенде тежегіші істен шығып, көлігімен бірге тірідей жанып кетті. Тосыннан келген қаза қара шаңырақты теңселтіп, кемпір мен шалды қаусатып кетті. Дәтке қуат ететіні – Досболдың соңында жалғыз тұяғы Амантай қалды. Гүлнұр сол бір қарғыс атқан қаралы күнді қанша жадынан сызып тастап, ұмытайын десе де оқта-текте ырғай таяғын сұрау белгісіне ұқсап, бүкірейген беліне қыстырып алып, бүкшеңдеп жүретін Жұмабай шал ғана мұның көкірегіндегі қасіретті түртіп оятып кетеді. Досболдың опат болғанын жайылған дастарқанның шетін қайта-қайта шиырып, қайырып отырып, қабырғаны қайыстырған қазаны естірткен де осы Жұмабай еді. Кешкі апақ-сапақ мезгілде жанында бес алты шалы бар Жұмабай шаңырақтарына сау ете қалған. Неге екені белгісіз, олар табалдырықтан «ассалаумағалайкүмін» сәндете созып, еркін аттағанымен әрі қарай тілдерін жұтып қойғандай төмен қарап тұқшыңдай берген.

Ақсұлу, – деді Жұмабай өздеріне аңтарылып қарап отырған шүйкедей кемпірдің алдында бейнебір айыпты адамдай жасқанып, жайылған дастарқанның бір шетін қайта-қайта шиырып қайыра берген.

Талай талай жаманатты естіп өскен енесі Ақсұлу бір жаманатты сезді ме екен, Жұмабайдың бетіне бажырая қараған.

Әй, тамағыңа тас тұрып қалған адамдай қайта-қайта неменеге «қық-қық» деп отырсың, жаманатпен келіп отырғаннан саумысың, – айтшы, шалға бірдеңе болды ма, – деді. Жұмабайдың төсіне құлаған басы одан сайын салбырап кетті.

Досбол...деді міңгірлеп... Ақсұлу есінен ауып қалған адамдай Жұмабайдың жүзіне бір сәт бажырая қарап отырып, әлден соң аңырап қоя берген. Дауыс салып жылап, жерді тоқпақтады.

Не дейді...Қу шұнақ құдай-ау, сорлатқаның аз ба еді, жаратқан-ау, жалғызымның орнына неге мені алмадың, ана асарын асап, жасарын жасаған шал тақияңа тарлық етті ме... Жұдырықтай кемпір талысып кеткен. Жаманат қас қағым сәтте қараша үйдің ішін ойрандап кетті. Гүлнұрға Досболдың қазасынан кейін мына тіршілік мүлде тоқтап қалғандай көрініп еді, сөйтсе, сәл ғана кідіріпті. Жалғызынан айырылып, «әй, Досболдың қазасынан кейін біз де көпке ұзамаспыз» деп алдын ала өздеріне үкім шығарып қойған қос кейуана да маңдайларына жазылған дәм-тұздары түгесілмегендіктен, ит тіршіліктің дегеніне көніп, тірілерді тиеп алған өмірдің көш керуенімен бірге жылжып келеді. Көкіректері мұң мен шерге толы түнемеліге қарай көкіректері қарс айырыла күрсініп жатып, көз іліндіретін үш бейбақтың бар алданышы Досболдың соңында қалған тұяғы – құлдыраңдап жүгіріп жүретін кішкентай Амантай ғана.

Кімнің баласысың? – дейді қайғыдан тұралап, шөгіп қалған атасы немересіне емірене қарап.

Атамның баласымын... Қара шалдың сақалы жаспен шыланады.

Құдай-ау, құлдық... Естідіңдер ме, мына жаман шалдың баласымын дейді... Жаратқан-ау, мұныңа да шүкір...Әй, сен болмасаң не істер едік...

Кішкентай Амантайға айналып-толғанып қарайтын екі кейуананың көңіл түкпірінде «келін қашанғы бізбен бірге тұрар дейсің, күндердің күндерінде кетемін десе, кім ұстап тұра алады» деген үрейлі ой жатыр еді. Егер келін Амантайды өзімен бірге алып кетсе, онда Ыдырыстан тараған ұрпақтың түтіні сөнді деп есептей бер. Тіпті оны айту былай тұрсын, еске алудың өзі қорқынышты. Суық сөз кемпір мен шалдың денелеріне діріл жүгіртеді. «Амантайды алып кетсем, атам мен апамның жағдайы не болады». Келіннің жүрегі езіледі. Ақыры көмейде кептеліп тұратын ой оқыстан ақтарылған. Атасының қайта қайта жөткіріне бергеніне қарап, бірдеңе айтатынын ұққан.

Қызым, – деді атасы тосыннан әңгіме бастап. – Өлген қайтып келмейді, бәріміз де о дүниелік адамдармыз. Басымызды тауға да, тасқа да ұрып боздағанымызбен біздің қолымыздан не келеді. Құдайдың маңдайға жазғаны сол шығар, көндік. Айналайын... Шалдың дауысы дірілдеген... Қалтасынан орамалын алып, көзін сүрткіштеді.

– Айналайын...соңыңа қарайлап, баламның ошағының түтінін сөндірмегеніңе бес жыл болыпты. Біз саған ризамыз... қарғам... Біз бүгін бармыз, ертең жоқпыз... Ал сен әлі жассың... Бас құраймын десең, рұқсат... Тек Амантайжанды мына жаман кемпір мен шалға әкеліп көрсетіп тұрсаң болды... Жұдырықтай шалдың екі иығы селкілдеген. –Сен бізге келініміз емес, қызымыздай болып кеттің...Көңілге түйген адамың болса, оны ашып айт, қарғам. Өз қолыммен батамды беріп, шығарып саламын...

Шай құйып ата- енесіне кесе қатынатып отырған Гүлнұрдың мойылдай көздері одан сайын мұңданып, бетінің ұшына қызыл жүгірген.

Ата, сіздерді жалғыз қалдырмаймын... Ыдырыс Амантайды бауырына басып, еңкілдеп жылады.

Е, жаратқан ием мұныңа да шүкір...

Кемпірі бір шеттен: «Жалғанның қызығын көрмей өткен жарығым-ау», – деп, үйреншікті мақамына салып, боздап келе жатыр еді, қара шал жөткірінген. Онысы «жетер енді» деген ескертпесі болса керек, кемпірі дауысын кілт тиып, жаулығының ұшымен көзін сүрткіштеген. Айтарын айтып алса да Амантайды дәл қазір тастап кететін адамдай Гүлнұрдың жүрегі езілген. «Құдайым-ау, Амантайсыз қалай күн көреді, онсыз қалай өмір сүреді».

Біреумен біреудің шаруасы жоқ, шәрлі жер болса, бір сәрі, қазақшылығының қаймағы бұзылмаған ортада бетінен әрі тая қоймаған жас келіншектің жалғыздығы өзіне жау екендігін Үйеңкі мен көрші ауылдардағы әйелдерімен ажырасып, қатындары өлген соқа басты еркектер қырындап, айттырып келе бастағанда ғана түсінді.

Алдымен құдалардың көшін Ыдырыстан екі-үш жас кішілігі бар, былайғы жұрт жас кезінде мұрнына самал түсіп, мыңғырлап сөйлейтіндіктен Мыңғырбай атанып кеткен Керімбек бастаған. Ол Ыдырыспен алты карта ойнаған болып отырып, әңгіме арасында жасы қырыққа келсе де әлі бас құрай алмай жүрген баласы Төлегенді уайымдайтынын жеткізген.

Бізді қойшы, асарымызды асап, жасарымызды жасадық қой, «Ыдеке» деп сөзін Ыдырысқа мақұлдатып алатын Керімбек әңгімесін әрі қарай жалғастырады.

– Айналайын-ау, ертең жұртта соқа басы сопайып жалғыз қалады ғой, шіркін, кезінде біз қандай едік. Төлегендер сияқты емес, от едік. Жас кезімде осы күнгі үйдегі келініңізге көңілімді білдірсем, түрлі сылтау айтып, қиқаңдайды, содан қызыңды ұрайын, қарап тұрайын ба, атқа өңгеріп алдым да қаштым да кеттім. Ал мына Төлегендерге үйленбейсің бе, десең, самайында сіркесі бар адам сияқты қайта-қайта шашын сипап, меңірейіп отыра береді.

Ыдырыс Керімбектің әріден бастаған әңгімесінің төркінін түсінген.

Әй, Мыңғырбай сонымен не айтқың келіп отыр? – деді ерніндегі насыбайының суын қайта-қайта іргедегі түкіргішке «тіфа, тіфалап» түкіріп отырған Керімбектің сөзін бел ортасынан үзіп. Мұндайды күтпесе керек, Керімбек Ыдырыстың шадыр мінезінен жасқанып, сасқалақтап қалды.

Е, Ыдеке, менікі сізге жай ғана мұң шағу ғой, – деп сипақтаған.

Кезінде Көлтоғаннан ұзатылып, Үйеңкіге келін болып түскен Гүлнұрдың араға бес жыл салып, қайтадан туған топырағына жол жүрейін деп отырғаны мынау. Досболдың төсегін Жұмагелдіге бастырамын деп ойлап па еді... Қалауы бұл емес еді ғой, амал қанша, қатал тағдырдың маңдайына жазған қатал үкімі сол болып тұр... Құдайым-ау, Досболдың жарық дүниедегі көзі іспеттес, Амантайды қалай қиып тастап кетеді.... Гүлнұрдың мұңданған жанарынан осыны ұққан Жұмагелді келіншекті әлсіз қарсылық білдіргеніне қарамастан бауырына тартты.

Гүл, сені жылатпайтынымды білесің ғой, біржолата кетіп бара жатқан жоқпыз, қажет десең осында көшіп келеміз... Гүлнұрды Жұмагелдінің мына жауабы сергітейін деді.

Мектепте оқып жүргенде неге менде көңіліңнің бар екенін білдірмедің? – деді.

Жұмагелді қалтасынан темекі алып тұтатты.

Шынымды айтсам, батылым жетпеді. Ондай сөзді сенің жансыз бейнеңмен ойша сырласып отырғанда ғана іштей сыбырлап айтатынмын. Ал кездескеніңде өз-өзімнен абдырап, сасқалақтайтынмын. Сөйтіп жүргенде Үйеңкіге ұзатылып кеттің... Жүрегіңнің жалғыз екенін білемін... Жұмагелді терең күрсінген. Гүлнұр Жұмагелдінің кезінде өзі айтқан жүрек туралы сөзін еске түсіргеніне жылы жымиған.

– Әйеліңмен неге ажырасып кеттің? – деді әңгімені басқа жаққа бұрып.

Жұмагелді Гүлнұрдың сауалына бірден жауап бермей, темекісін қайта-қайта бұрқылдатып, сүттей жарық маңайға жоқ іздеген адамдай тесіліп, қараумен болды.

Бес жыл отастық, перзент көтермеді, кінәнің кімнен екенін бір жаратқан біледі. Ұрыспай, таласпай екі жаққа кеттік. Тағдыр шығар... Жұмагелді сөзін үзіп, мүлгіген шыңдарға қарады.

Кезінде «қарғам қызымдай болып кеттің, бас құраймын десең, жөн-жоралғысымен өзім батамды беріп шығарып саламын» деген Ыдырыс жеме-жемге келгенде келінінің басқа адамға тұрмысқа шығатынын естіп, көңілі қабарып біраз жүрді, бірақ қанша ауыр тисе де сыр бермеген түр танытты. Жұмагелдінің әкесі Отынбайды да таниды екен. Ыдырыс ілгеріде ферма басқарғанда Отынбай есепші болыпты.

Қолтығына есепшотын қыстырып, қоқиып келгенімен, сартылдатып шот қағуды білмейді екен жазған, кейін өзім үйреттім, – деді Ыдырыс өткен күндерді есіне түсіріп. Іле-шала болашақ қайын атасын аздап тұқыртып алғаны келінінің көңіліне келіп қалды деді ме екен:

–Қарағым, жаман шалдың сөзіне мән берме, жай әшейін еске түсіп жатқаны ғой, – деп, әлгі сөзін жуып-шайып, ақталған болды.

Уағдалы күні құдағиы Ұмсын, Отынбай мен кемпірі бастаған бес алты адам артынып-тартынып табалдырықтарынан аттаған. Отынбай Ыдырысты құшағына қысып, біраз тұрды. Шалдың жанарында кілкіген жас бар еді. Қой сойылып, ет тартылған.

Әшейінде ілінісіп өтпейтін бес алты сағат көз ілеспейтін жылдамдықпен зымырап өте шыққан. Неткен қысқа уақыт...

Атасы батасын беріп, келінінің маңдайынан сүйді. Қараша үйге құт-береке болып еніп, Ыдырыс әулетіне ұрпақ сыйлаған Гүлнұр басқа шаңыраққа кетіп барады. Келіні қара шалдың шибарқыт шапанының өңіріне басын тығып, үнсіз егілді. Таныс иіс. Қуанған сыңай танытқанымен іштей мүжіліп, құр сүлдері тұрған енесі Гүлнұрды бауырына қысты. Қызығы мен қуанышы бір сәтте ортайып, жетімсіреп қалған қара шаңырақта қаусап қалған қос кейуана қалып барады...

Отынбай-ау, Гүлнұр қызымның ендігі амандығын сенен сұраймын, –деді Ыдырыс даусы дірілдеп. – Жылатпа... Сақалы шоштаңдаған Отынбай: «О не дегеніңіз, о не дегеніңіз», – деп қалбалақтап қалды.

Жүректері Гүлнұрмен бірге суырылып кетіп бара жатқан Ыдырыс пен кемпірінің мына көрініске қарап тұруға дәттері жетпеді ме екен, теріс айналды. Отынбай бастаған үш-төрт кісі ұрлық жасаған адамдардай гүр-гүр оталған көліктерге асығыс жайғасқан. Жұмагелді мен Гүлнұр басқа көлікке отырды. Тек көлік орындарынан қозғалар кезде ғана Гүлнұр:

Амантай қайда, Амантай қайда деп қалды...

Бірақ ойын баласы көзге ілікпеді...

Келгендердің көліктері ұбатылып-шұбатылып, Көлтоғанға қарай бет алған. Гүлнұрдың бес жылдық ғұмырының алтынға айырбастап ала алмайтын аяулы сәттеріне куә болған Үйеңкі қалып барады. Ол шарасы кілкілдеген жасқа толып, соңына қарап еді, қараша үйдің алдында тұрған атасы мен енесі бірте-бірте қара ноқатқа айналып қалып барады екен. Көлік Үйеңкіні көлегейлеп, көрсетпейтін соңғы қырдың мүйісіне келгенде құлдыраңдап жүгіріп келе жатқан баланы байқап қалды. «Құдайым-ау, мынау Амантай ғой». Қара жолдан көтерілген қою шаң тоқтаған көліктің үстін басып қалғанда «апалап» жүгірген кішкентай Амантай анасының мойнынан тарс құшақтап алды.

Апа, қайда кетіп барасың?

Гүлнұр: «Құлыным, сені тастап, басқа шаңыраққа кетіп бара жатырмын» деп айта алмады. Кішкентай бүлдіршінді басы-көзіне қарамай шөпілдетіп сүйе берді.

Құлыным, көп ұзамай келемін, – деді.

Маған велосипед әкеліп бересің бе? – деді.

Әкелемін күнім, әкелемін...Тек атаң мен апаңды ренжітуші болма, үйдің ендігі бас көтерер азаматы өзіңсің, – деді.

Жүрегі қан жылап тұрып, көлікке отырды. Жүзін жел қағып, тотыққан қара бала жол жиегінде қалып барады. Гүлнұр көз-жасын көлдетіп ағыл-тегіл жылады. «Кеудемде жаным барда Үйеңкіге, онда Досболдың өзі жоқ болса да соңында қалған көзі іспеттес Амантайыма қайта ораламын. Ал әзірге «хош бол, Үйеңкі, хош».

Сүйкімді келіншектің ерні дірілдеді...

Елеусіз МҰРАТ