Хостел трагедиясы: Досаев пен Нұрбек білмей қалған, Шәріпханов көрмей қалған
30 қарашада Алматыдағы хостелдердің бірінде өрт шығып, 13 адам көз жұмды. Хостелде қауіпсіздік талабы сақталмағаны, адамдар жертөледе тұрғаны белгілі болды.
Билік енді барлық хостелді тексерістен өткізбек. Кеніштегі қауіпті кеншілер қаза болғанда ғана білетін; Әуежай маңындағы заңсыз құрылысты ұшақ құлағанда ғана көретін; Көпбалалы отбасыларға әлеуметтік көмек беруді бір үйдің бес баласы өртеніп кеткен соң ғана қолға алатын үкімет... тағы кешікті. 13 жас қыршынның өлімінен кейін ғана тексеру керек екенін түсініпті.
Қолда бар ақпаратқа сенсек, өрт шыққан Almaty hostel Halyk Bank меншігіндегі ғимараттың бірінші қабаты мен жертөлесінде орналасқан. Сол күні жатақханада 72 адам болған, оның 59-ы аман-есен қашып шығыпты. Ал дәлізі тар, терезесі жоқ жертөледе жатқан адамдарда бассауғалауға еш мүмкіндік болмаған. Заң бойынша жертөледе хостел ашуға тыйым салынған. Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Almaty hostel тіркеуде болмағанын хабарлады. Оның айтуынша, мұндай жатақхана бар екенін әкімдік те, өзге мемлекеттік органдар да білмеген. Тіпті 13-17 қараша аралығында министрлік «Жатақхана» акциясын өткізіп, қаладағы жатақханаларды тексерген кезде де бұл хостелді көрмепті.
Шулы оқиғадан кейін біздің билік мемлекеттік комиссия құрып, мәселені жылы жабуға тырысады, қайтыс болғандардың отбасына азын-аулақ көмек берген болады. Бұл – оқиғаның салдарымен күресу ғана. Шенділер апат себебінің тамырын үзіп, алдын алуды ойлап жатқан жоқ. «Адам өмірі бәрінен қымбат» деген қағида Қазақстанда жүзеге аспайды, керісінше, біздің елде «адам өмірі қай жерде қауіп барын көрсететін тәжірибе нысаны» сияқты. Өйткені билік адам өлген соң ғана қозғалады, ертерек қимылдап, қауіптің алдын алу қолдарынан келмейді. Жемқорлық жайлаған жүйе азаматтардың бас амандығына кепілдік бере алмай отыр.
Мұндайда билік өзіне шаң жуытпайды. Бар кінәні жеке адамдарға артып, өздерін сүттен ақ, судан таза көрсетуге тырысады. Бұл жолы да ғимаратты жалға алған ALA Hostel серіктестігінің басшысы Мұхамедьяровқа бар айыпты үйіп-төккелі отыр. Әрине, қауіпсіздік талабын бұзғаны үшін оны жауапқа тартқаны дұрыс. Бірақ алдымен мәселенің мәніне үңіліп, апаттың түпкі себебін анықтау қажет. Қаланың қақ ортасында тіркелмеген қонақ үй қалай жұмыс істеп келген? Almaty hostel деген жазу бадырайып бірнеше жерде жазылып тұрса да, апаттан 10 күн бұрын тексеріс жүргізген ТЖМ өкілдері оны неге көрмеген? Тіпті тереңдей берсек, өрімдей жастар неге жертөледе өмір сүріп жүргені де үлкен сұрақ. Сондай-ақ қаза тапқандар арасында студенттер бар екен, оқу орындары оларға неге жатақхана бермеген? Қаза берсе мәселе шынжыр тізбегімен тереңге кете береді.
Алматыда ресми тіркелген 202 хостел бар екен. Жыл басынан бері заңсыз жұмыс істейтін жеті жатақхана анықталыпты. Жертөледе орналасқандары да бар. Біз де бірнеше хостелге хабарласып көрдік. Тіпті бір күні мың теңге тұратын жатақханалар да бар. Төле би мен Орманов қиылысында орналасқан хостел қызметкері бір бөлмеде 8-12 адам тұратынын айтты. Үстіңгі төсек бағасы 1500, астығы төсек 1700 теңге тұрады екен. Мұндай арзан жатақханаларға айына 20-30 мың теңге беріп, қоныстануға болады. Әрине, жағдайы нашарлау, бір бөлмеде көп адам тұрады, тазалық бөлмесі мен тамақ бөлмесі ортақ болады. Бірақ мемлекеттік жатақхана бұйырмаған студенттер, жұмыс іздеген жастар осындай үйде тұруға мәжбүр.
Ғылым және жоғары білім министрлігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, қазір Алматыда 11 640 студентке жатақханаларда орын жоқ. 3 964 студент хостелдерде тұрып жатыр. Жоғары оқу орындары 87 нысанды (қонақ үйлер мен хостелдер) жалға алып, студенттерін орналастырған. Университеттер хостелді жалға алғанда заңды келісімшарт жасайды. Келісімшарт бойынша хостелде тек студент жастар тұруы қажет, сондай-ақ санитарлық нормалар, өрт қауіпсіздігі сақталуы керек. Студенттерге қауіпсіз болу үшін ғимаратқа бейнебақылау камераларын орнату міндетті.
Бұл министрлік таратқан ресми ақпарат. Іс-жүзінде жатақхана бұйырмаған студенттер бұдан әлдеқайда көп. Кей оқу орны шәкірттеріне «жатақхана қажет емес, тұрар орынды өзім табамын» деп қолхат жазғызып алатын көрінеді. Мұны ертең балаға бірдеңе болса, басын алып қашу үшін істеп отыр. 13 адамның қазасы кезінде де «олар өз еркімен жатақханадан бас тартты» деген сөзді естіп қалдық. Әйтпесе, дайын жатақхана тұрса, одан бас тартып, тар қапасқа кім бара қояды? Оқу орнынан қайыр болмаған соң студенттер пәтер жалдап немесе туыстарын жағалап жүр. Алматыда пәтер ақысы аспандап тұрғанын ескерсек, көп студент бағасы арзан, қауіпсіздігі төмен қала шетінде орналасқан үйлерді паналайтыны анық. Алаңсыз білім алуы керек студенттер амалсыз тіршілік қамымен тырбанып жүр. Қала билігі де, кәсіпкерлер де тұрғын үй салуды ғана біледі. Мектеп, балабақша, жатақхана сияқты нысандар назардан тыс қалған. Тіпті Алматыдағы көптеген оқу орнының өз жатақханасы жоқ. Әсіресе колледждер бұған аса мән бермейтін сияқты. Колледжге 15-16 жастағы жасөспірімдер оқуға түседі, демек, бұғанасы қатпаған балалар алып шаһарға келіп, барар жер таппай, басы қатып жүр. Олардың қауіпсіздігіне кім жауап беретіні де белгісіз. Ал министрлік «жетіспейтін орын саны» туралы есеп беріп қойып әлі жүр.
Біз Алматыдағы ADILMED медициналық колледжінің бірінші курс студентімен сөйлестік. Оның айтуынша, оқу орнында жатақхана болмағандықтан, бірнеше танысымен бірге пәтер жалдап тұрған. Әдейі арзандауын іздеген соң тұрған үйлерінің жағдайы нашарлау болған. Кейін ата-анасы қауіпсіздігіне алаңдап, қаладағы туысының үйіне көшіріпті.
«Жақында колледжде жатақхана ашылады деп естідік, бағасы әр адамға айына 40 мың теңге екен. Бұл өте жоғары баға, сол үшін онда тұруға ынта танытқан жоқпыз», – деді аты-жөнін жазбай-ақ қоюымызды сұраған шәкірт.
Аталған оқу орнына хабарласып, ақпараттың шын-өтірігін сұрадық. 2003 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан колледжде шынымен жатақхана жоқ екен.
«Бізде жатақхана жоқ. Жатақхана ашу жайлы сөз болған жоқ. Ал студенттер айтып жүрген ақпаратқа келсек, жақында бір хостел өкілдері келіп кетті. Бірақ олар келісімшартқа бізбен емес, студенттермен жеке-жеке отырады. Бағасы әр адамға 40 мың теңге, бұл біздің шәкірттер үшін өте қымбат. Бізде оқу ақысы төмен, студенттеріміз мұндай қымбат хостелде тұруға дайын емес», – дейді колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ләззат Мұхтарханқызы.
Колледж қызметкері атаған «Жастар жатақханасы» хостелінің өкілі Ақмарал Демешова өздерінің хостелінде мін жоқ екенін айта келіп, жертөлеге адам тұрғызуға болмайтынын айтты.
«Бұл жекеменшік хостел. Қазір бірнеше университет пен колледж шәкірттері тұрып жатыр. Келісімшартты оқу орнымен емес, жекелей жасаймыз, 18-ге толған баланың өзімен, ал одан кішілердің ата-анасымен келісімшартымыз бар. Алматыдағы өрт жайлы естідім. Негізгі хостел жертөледе болмау керек, терезе де міндетті түрде болу керек. Жертөле денсаулыққа зиян. Жертөле зат қоюға арналған, онда адам тұруға болмайды», – дейді Демешова.
Міне, қаладағы студент жастардың жалпы жағдайы осы. Елдің әр түкпірінен мегаполиске оқуға келеді. Бірақ баспана табу қиын. Оқу орындары барлық студентті жатақханамен қамтуға асығар емес. Ал жұмыс істеуге келген жастардың жағдайы бұдан да ауыр. Мемлекет мұндай жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ететін бағдарлама жасай алған жоқ. Қазіргі бағдарламалардың бәрі ресми жұмыс істейтін немесе табысы жоғары адамдарға арналған. Ал «екі қолға бір күрек табылар» деп алып шаһарға аяқ басқан жастардың барар жері – сызды жертөле, ылғал бұрыш.
Алматыдағы ауыр апатқа кім жауап беретіні белгісіз. Қала әкімі Ерболат Досаев «бұл хостелді ашуға біз рұқсат берген жоқпыз, келеңсіз оқиғаға кім жол бергенін анықтаймыз» деп ақталды. Ешкім рұқсат бермесе, қаланың қақ ортасынан қонақ үй ашып алатындай Мұхамедьяровтың басы екеу емес шығар. Саясат Нұрбек басқаратын ғылым және жоғары білім министрлігі «аталған хостелге студенттерді біз орналастырған жоқпыз, бұл жатақханамен келісімшарт жасаспадық» деп басын ала қашып отыр. Ал осындай оқыс оқиғаның алдын алуға жауапты төтенше жағдайлар министрі арнайы тексеріс жүргізіп тұрып, заңсыз хостелді байқамай қалған. «Көрмес – түйені де көрмес» деген осы шығар. Қысқасы, әкім қалада не болып жатқанын білмейді, министр көз алдындағы заңсыздықты көрмейді.
Қуаныш Қаппас