Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:40

“Хозработа” үшін жаза: Атырауда 8-сынып оқушылары соққыға жығылды

Атырау
Фото: halyqstan

Атырау облысының Еркінқала ауылында жоғары сынып оқушылары төменгі сыныпта оқитын балаларды мектеп аумағында “шаруашылық жұмыстарын” орындаудан бас тартқаны үшін ұрып-соққан.

Оқиға сабақтан кейін болған. Сегіз жоғары сынып оқушысы 8-сыныпта оқитын оқушыларды ауыл ішіндегі қараусыз қалған ғимаратқа апарып, таяқ қолдана отырып соққыға жыққан.

Куәгерлердің айтуынша, “тәртіпке шақыру” мақсатында жасалған бұл әрекет алдын ала жоспарланған. Екі бала зардап шеккені расталды. Олардың біреуі ауыр жарақат алған.

Атырау облыстық полиция департаменті оқиғаға қатысты қылмыстық іс тіркелгенін мәлімдеді:

— Шабуылға қатысқан барлық жасөспірім анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Олар кәмелет жасына толмағандықтан, тергеу заңды өкілдердің қатысуымен жүргізілуде. Қазір сот-медициналық сараптама тағайындалды. Болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді, — делінген ресми хабарламада.

Бұл оқиға қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызып отыр. Әлеуметтік желі қолданушылары мектеп ішіндегі тәртіп пен балалардың қауіпсіздігіне қатысты сұрақтар көтеруде.