Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:12

Храпунов – Америкада да Храпунов

Храпунов
Фото: ашық дереккөз

Қазақстаннан қашып кеткен олигарх, Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновтың ұлы Ильяс Храпунов АҚШ-та тағы да айыпталып жатыр.

 Кіші Храпунов «кінәлі деп танылған» сайын қазақ қоғамы сырттай айызы қанып, бір жасап қалады. Қоғам ғана емес, Қазақстан билігі де осындай көңіл күйді бастан кешеді деуге болады. Өйткені сырттай соттауға мәжбүр болғаны бар, сотта жеңіп тұрып, ақшасын қайтара алмай жүргені бар, ызасы әбден өткен.

Бірақ соттың айтқанын орындамау тұрғысынан тәжірибесі көп Храпуновтар АҚШ сотын да жүре тыңдайды. Бұған дейін де сотқа құрметсіздік танытты, дәлелдерді жойды, жалған куәлік берді деп кіші Храпуновты бес рет жазықты еткен. Мынау алтыншысы. Бұл ҚР Әділет министрлігінің дерегі. Ал біздің ашық дереккөздерден білетініміз үшеу. 2021 жылы іс жүргізуге кедергі келтірді және жалған куәлік берді деп айыптаған. 2022 жылы осыны тағы қайталады деп 221 285,31 доллар айыппұл да салған. Бұл жолғысы да сол – сотқа құрметсіздік танытты дейді. Яғни өз мүлкі туралы тұрақты есеп беруге қатысты талапты бұзған. Енді міндеттеліп жатыр. Орындамаса... Не болары белгісіз. Өйткені бұған дейін АҚШ қазылар алқасы бір істі Қазақстанның пайдасына шешіп берген. Бірақ содан өзгерген ештеңе жоқ.

Әкесін 17 жылға, шешесін 16 жылға сырттай соттап, қолыма бір түсерсің бәлем деп отырған Қазақстан тарапы былтыр Храпуновтардан 32 млрд доллар өндіріп алуға тиіс болатын. Алматы қаласы әкімдігі мен БТА банкі 2015 жылдан бері АҚШ, Швейцария және Ұлыбританияға Храпуновтардың үстінен арыз түсірген. Ләмі бұған дейін Қазақстан прокуратурасы жолдаған арызбен үндес – заңсыз иеленген ақшаны заңдастыру, жемқорлық, алаяқтық.

Храпунов пен Мұхтар Әблязовтың БТА банкінен заңсыз иемденген ақшасын АҚШ-та жылжымайтын мүлікке инвестициялау схемасын жасауға көмектескен, аяқасты байып кеткен, делдалдық үшін ақша алған Феликс Саттер есімі аталып, оның Трамптың бұрынғы бизнес серіктесі болғаны белгілі болып, соттың сәні кіріп қалғандай болған. Ақыры, Қазақстан жеңген! Нью-Йорк соты Алматы әкімдігі мен БТА банкінің пайдасына 32 млн доллар өтемақы төлеуге міндеттеген. Саттер былтыр жазда бұл шешімге қарсы мерзімі өтіп кеткен істі қарадыңдар деп апелляциялық шағым түсірген. АҚШ Апелляциялық соты істі қарауға алған. Содан бері тым-тырыс. Не бердім деген Саттер мен Храпуновтар да, алдым деген Алматы мен БТА да жоқ.

Соңғы кездері Әділет министрлігінің 6 шілдеде шыққан шешімді 20 күн өткен соң жариялап, «сүйінші» сұрағанын айтпасақ, бұл аты шулы әулет туралы Қазақстан тарапы да үндемейтін болды. Ал Храпуновтар Швейцарияда, ішінде келіні де бар, құрылыс және мүлік саудасын қыздырып жатыр. Оның байлығына швейцариялықтар да таңғалады деседі. Жақында Forbes Kazakhstan оның салтанатты сарайлары мен қонақүй, мейрамханаларын, бизнес орталықтарын қосқанда 37 нысаны бар екенін хабарлады.

Ал біз Храпунов сонау АҚШ сотында айыпталған сайын ақшамыз қайтып қала ма деп, үміттеніп қаламыз. Ал Швейцариядан саяси баспана алып алған Храпуновтар ешкімге, ештеңеге пысқырмайды.

Олжас Сламжан

Тегтер: