Хромтаудағы дәмханада болған жарылыстан 5 адам зардап шекті
Ақтөбе облысының Хромтау қаласында дәмханада газ жарылып, салдарынан бес адам зардап шекті.
Жарылыс көпқабатты тұрғын үйлердің маңында орналасқан бір қабатты ғимаратта болды. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, жарылыстың күші ғимарат шатырының бөлігін ұшырып кетті. Әлеуметтік желілерде оқиғаның видеожазбасы тарады, онда ғимарат ішінде жалын пайда болғаны көрінеді.
Зардап шеккендер 30 бен 60 жас аралығындағы бес адам. Олардың бірі жансақтау бөлімінде, денесінің 20 пайызы күйік шалған, қалған төрт адам травматология бөлімшесіне жатқызылған.
Ақтөбе облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқыс оқиға 19 қаңтар күні сағат 17:45 шамасында болды. Алдын ала мәлімет бойынша, жарылыс ғимарат ішіндегі су ысытатын газ жабдығынан шыққан. 12 литрлік газ баллонындағы газ-ауа қоспасы жарылып, ғимараттың бір бөлігі қираған.
Қазіргі уақытта төтенше жағдайлар қызметі жарылыс себебін анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.